Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Әсіресе мемлекеттік шекараны күзету – ел тыныштығы мен тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды міндеттердің бірі. Осы жауапты миссияны атқаруда шекара қызметінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздардың рөлі ерекше. Әскери қызмет – тек қару ұстап, тәртіпке бағыну ғана емес, бұл – ер азаматтың мінезін қалыптастыратын, Отан алдындағы парызын терең сезінуге үйрететін үлкен мектеп.
Бүгінде Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында бір жыл бойы адал қызмет атқарған сарбаздарды демобилизацияға шығарып салу сәті келіп жетті. Бір жыл бұрын әскер қатарына жаңа келген жас жігіттер бүгінде тәжірибелі, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары сарбаздарға айналды. Олар осы уақыт ішінде әскери өмірдің қатаң тәртібіне бейімделіп қана қоймай, шынайы достықтың, өзара қолдаудың және ұжымдық жауапкершіліктің мәнін түсінді.
Мерзімді әскери қызмет – ер азаматтың өміріндегі маңызды кезең. Бұл кезеңде сарбаздар шыдамдылыққа, батылдыққа, тәртіпке және елге деген адалдыққа тәрбиеленеді. Шекара шебінде қызмет атқару – ерекше жауапкершілік. Мұнда әрбір әскери қызметші Отан шебінің тыныштығы үшін тәулік бойы қырағылық танытады.
Біздің шекара басқармасында қызмет еткен сарбаздар осы бір жыл ішінде көптеген маңызды дағдыларды меңгерді. Олар әскери дайындықтан өтіп, қару-жарақты дұрыс қолдануды, әскери техниканы пайдалануды үйренді. Сонымен қатар мемлекеттік шекараны күзету барысында бақылау жүргізу, жедел әрекет ету және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін дамытты.
Демобилизацияға арналған салтанатты сәтте Райымбек шекара басқармасының бастығы полковник Н.Т. Сахиев сарбаздарға ақ тілегін білдіріп, қысқаша тағылымды сөз айтты.
«Бір жыл ішінде сіздер мемлекеттік шекараны қорғау жолында үлкен мектептен өттіңіздер. Әскери қызмет сіздерді тәртіпке, жауапкершілікке және төзімділікке үйретті. Алдағы азаматтық өмірлеріңізде осы қасиеттерді сақтап, елге адал қызмет ететін азамат боласыздар деп сенемін», – деді полковник Н.Т. Сахиев.
Бір жыл бойы бірге қызмет еткен сарбаздар үшін әскери бөлім екінші үйіне айналды. Мұнда олар тек әскери тәртіпке ғана үйреніп қоймай, өмірлік достар тапты.
Демобилизация – әрбір сарбаз үшін ерекше сәт. Әскерден оралған әрбір жауынгер бір жыл ішінде тәртіпке, жауапкершілікке және табандылыққа үйреніп, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басады.
Мемлекеттік шекараны қорғау жолында шыңдалған бұл жас жігіттер енді азаматтық өмірге сеніммен қадам басады. Олар өздері қызмет еткен Райымбек шекара басқармасын әрдайым мақтанышпен еске алып, қай жерде жүрсе де ел мүддесіне адал азамат болып қала беретіні сөзсіз.
Ю.АЖИЕВА,
Алматы облысы бойынша департаменті Райымбек ауданы бойынша
шекара басқармасының қызметкері
