Басты бет Мәдениет және руханият БИ – ӨНЕРДІҢ ӘСЕМ ТҮРІ

БИ – ӨНЕРДІҢ ӘСЕМ ТҮРІ

0
20

Сахнада сәнді киінген қыз-жігіттердің әуенге қарай қойылған билерін көргенде бірде қалықтап ұшып, бірде кең далада сайран салғандай күй кешетініміз бар. Жалпы би өнері кез келгеннің тісі бата беретін, кез келгеннің қолынан келе беретін дүние емес. Ол ең алдымен сұлулықты, әсемдікті паш етуі керек. Сосын ол шеберлікке жан дүниеңдегі тазалығың қосылуы шарт. Сонда ғана керемет дүние туады. Хореографиялық өнер – бұл музыкаға қойылған жаттанды қимылдар десек қателесеміз. Ол билеген адамның өз оқиғасын, қуанышы мен қайғысын көрерменге тілсіз жеткізуі. Яғни қимылдың өзін ерекше тілге балауға болады. Аудандық «Арзу» халықтық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлмира Махпированы ауданда ғана емес облыс, республика деңгейінде өнерде жүрген жандар жақсы таниды. Ол аталмыш ансамбльдің бүгінгідей биік деңгейде өнер көрсетіп жүргенінің бірден-бір себепкері, тіпті бапкері десек болады. Заманауи бағытқа ыңғайлап, әр сәттің, әр мерекенің тақырып аясын аша түсетін, бидің өзін сан құбылтатын қабілетке ие жан. Ол ұлттық хореографияның қалай дамып жатқанын, қандай өзгерістерге ұшырағанын, заманауи ырғақтарды ұлттық негізге қалай бағытталатынын түсіндіріп берді. Кез келген ұлттың өнерін оның тамырынсыз елестету мүмкін еместігін тіліне тиек етті. Ұйғыр халқы үшін бидің орны бөлек. Ол тек шараларда, тойларда ғана орындала салатын дүние емес. Бұл – біздің мәдени төлқұжатымыз, тіпті генетикалық кодымыз деуге болады. Сахнаға ұлттық киім киіп шыққан өнерпаздың қолының, аяғының әр қимылы, басын бұруы өмір салтымызбен, тарихымызбен, қадір-қасиетімізбен тығыз байланысты. Өткен тарихымыздың жалғасы іспетті, ұлтымыздың ешкімге ұқсамайтын өнері деп бағалар едім, дейді хореограф қыз.Би де тірі ағза сияқты, өмір сүреді, тыныс алады, қимылдайды. Сондықтан ұлттық және заманауи бидің үйлесімді болуы төл мәдениетімізді насихаттаудың бір жолы десек қателесе қоймаспыз. Осы екі дүниенің  тоғысуы өнердің тыныс алуына мүмкіндік береді.

«Арзу» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісінің әңгімесіне елітпеу мүмкін емес. Оның айтқандары көз алдыңа сурет боп келе қалады екен. Ұлттық негізбен сусындаған би өнерінің қыздар мен жігіттерге берері көп. Қыздардан нәзіктікті, әдемі, сұлу қимылды, ал жігіттерден берік, шымыр, тастай мықты әрекеттерді талап етеді. Әрине ата-бабаларымыз билеген биден бүгінгінің ерекшелігі жер мен көктей. Заман талабына, жаңаша өнер жолында жаңа көзқарасты қажет ететінін көріп отырмын. Бәрібір оның тамырында тек өзімізге тән қимылдарды жоғалтып алмауға тырысамын. Халықтық, ұлттық қимылдарды орындай отырып, жаңашыл іс-қимылдарды пайдаланамын. Ол – заман талабы. Контемпорари немесе джаз-модерн болсын, авангардтық қойылымдарға мұқият қарасаңыз, ұлттық негіздің іздерін жиі көресіз. Бұл динамикалық, шапшаң қимылда өскен ұрпақ үшін аса қажет нәрсе. Мұндағы маңызды нәрсе – тепе-теңдік сезімі. Біз экспрессивтілікті қоса отырып халық биін жоғалтпау жолында тер төгіп жүрміз.Пластикасы мен экспрессиясында қолдың жұмсақтығы мен мәнерлілігі, ал ерлердің халық билеріне тән күрделі ырғақтары мен дәл аяқ қимылы этникалық қуатпен сусындаған күрделі заманауи спектакльдердің негізін құрайды. Олардың тамырынан біз көбінесе көне салт-дәстүрді алып, оны бүгінгі пластика тіліне аударамыз.Біздің шығармашылық топ батыл шешімдерден қорықпайды. Біз электронды өңдеуі бар дәстүрлі аспаптарды пайдаланамыз, бұл бишіге басқа динамика береді, классикалық қозғалысты өткір және өзекті етеді.Гаджеттер мен әлеуметтік желілердің көбеюіне қарамастан, біздің би залы ешқашан бос емес. Балалар үшін ансамбльдік би – өзін-өзі танудың тәсілі. Жаһанданған әлемде өзін бірегей нәрсенің бөлігі ретінде сезіну маңызды. Кішкентай қыз ұлттық би арқылы мейірімге үйренсе,  ұл бала ер мінезділіктікті бойына сіңіреді. Солайша ішкі дүниелерін өзгертеді. Ұлттық би тектілікке тәрбиелейді, деп әңгімесін сабақтады Гүлмира ханым.Шәкірттеріме би үйреткен сайын қайталап айтатын сөзім бар. Ол – сен кез келген стильде билей аласың, бірақ сенің денең бәрібір ата-бабаң бойына дарытқан күшті жеткізуі тиіс деген. Өзінің төл мәдениетінің элементтерінің заманауи үрдістерге қаншалықты сәйкес келетінін көрген жас таланттар өз мұраларымен мақтана бастайды. Бұл да тарихтан қол үзбеудің бір жолы.  Олар үшін бұл жай ғана «ескі» стиль емес, бабалардан қалған үрдісті жаңаша қозғалыспен жеткізу.Бүгінгі көрермендерді тек әдемі костюммен таңғалдыру қиын. Оларға оқиға мен шынайылық керек. Сахнада ұлттық сипат пен заманауи энергияның сиқырлы кездесуі үйлесім тапса, көрермен қуанады, қошаметпен ду қол шапалақтайды. Ал көрерменді қуанту – біздің басты мақсатымыз.

Ұлттық би жай ғана «мерекелік нөмір» болып қалмауы керек. Би — халықтың тарихын, дәстүрін, әдет-ғұрпын және басқа ерекшеліктерін ашатын мәдениеттің үлкен бөлігі. Би белгілі бір елдің өміріне енуге, оны түсінуге және кейде жақсы көруге көмектеседі. Ұлттық би – ұлттық дәстүрді, салтты танытатын өнердің жауһары. Би – бұл музыкаға сай денені қимыл-қозғалысқа келтіру ғана емес. Би сіз туралы ақпарат беретін әрекеттер жиынтығы. Би – бұл өнер, әрі спорт. Негізінен, бимен әрдайым шұғылданатын болса, ол денсаулыққа әрі өзін жақсы сезінуге пайдалы. Би – әдемі жүріс. Әдемі жүретін адамдар бірден алыстан көзге түседі. Егер сіз билеуді үйренсеңіз, онда сіз міндетті түрде әдемі жүре аласыз.

Бір сөзбен айтқанда, халық биі шығармашылық ізденістің тамыр деуге болады. Біз «Арзуда» шығармашылық әлеуетімізді дамытып, қазақ және ұйғыр билерін насихаттап, туған жерге деген сүйіспеншілігімізді биіміз арқылы жеткізіп келеміз, – деп әңгімесін аяқтаған Гүлмира Махпированың жұмысына шығармашылық табыс тіледік.

Әнел ҚАПАР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ФЕНОМЕН АКТЕРСКОГО МАСТЕРСТВА

В созвездии имен, определяющих лицо современного казахстанского искусства, личность Куанды…