РЕФЕРЕНДУМ – 2026
Жаңа Конституция жобасы ел дамуының маңызды бағытын айқындайды: қуатты мемлекет, берік институттар және сонымен қатар адам құқықтарының айрықша басымдығы. Негізгі заңның 1-бабында-ақ Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені нақты көрсетіліп, ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылған. Бұл – дұрыс бағдар. Яғни мемлекет – мемлекеттің өзі үшін емес, адам үшін қызмет етуі тиіс.
Жобаға тереңірек үңілсек, онда «жауапты мемлекет» тұжырымдамасы айқын көрінеді. Мәселен, 3-бапта заң мен тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлікті нығайту, адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту негізгі қағидаттар ретінде белгіленген. Бұл – уақыт талабынан туған ұстаным. Бүгінгі әлем білім мен технологияға сүйеніп дамуда. Білім мен инновацияға басымдық берген елдер – Оңтүстік Корея мен Сингапур – бір ұрпақтың ішінде экономикалық серпіліс жасап, жаһандық бәсекеде өз орнын бекемдеді. Егер Конституциядағы осы бағыттар нақты мазмұнмен, жүйелі саясатпен толықтырылса, бұл Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына берік негіз болмақ.
Жобада жеке өмірге қол сұқпаушылық пен дербес деректерді қорғау мәселесіне де айрықша мән берілген. Әсіресе цифрлық технологиялар дәуірінде бұл аса өзекті. Қазіргі таңда ақпарат – стратегиялық ресурс. Сондықтан азаматтың жеке деректерін қорғау – оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналып отыр.
Тағы бір маңызды жаңалық – азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігінің кеңеюі. 73-бапқа сәйкес, егер нормативтік құқықтық актілер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірсе, олар оның Конституцияға сәйкестігін тексеру жөнінде тікелей шағымдана алады. Бұл құқықтық қорғаныс механизмін күшейтеді. Яғни әр адам конституциялық бақылаудың нақты құралына ие болады. Әлемдік тәжірибеде бұл – құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі.
Сонымен қатар жобаға «Қазақстан Халық Кеңесі» атты жоғары консультативтік орган енгізілуі назар аудартады. Ол заң шығару бастамасы құқығына және референдум тағайындау жөнінде бастама көтеру өкілеттігіне ие болмақ. Теориялық тұрғыда бұл қоғамдық диалогтың қосымша арнасына айналып, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін алаң болуы мүмкін.
Жоба президенттік басқару үлгісін сақтайды. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің символы әрі кепілі ретінде айқындалған. Осылайша, Конституция жобасы күшті президенттік вертикальға негізделген, бірақ сонымен бірге адам құқықтарын нақты кепілдіктермен бекіткен, конституциялық бақылауды күшейткен және адами капиталды дамытуға басымдық берген модельді ұсынады. Бұл – тұрақтылық пен жаңғыруды, тәртіп пен құқықты ұштастыруға жасалған талпыныс.
Жаңа Негізгі заң елдің стратегиялық дамуына қызмет ететін, әрбір азаматтың болашағына бағытталған нақты тетікке айналуы тиіс. Өйткені шын мәнінде қуатты мемлекет – ең алдымен өз адамының қадірін білетін мемлекет.
Баян МАМЫРБАЕВА
