Жерлесіміз, Ақтам ауылының тумасы Сәуле Мағазбекқызы ұлттық құрылтайдың белді мүшесі екенін жақсы білеміз. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанға жоғары мемлекеттік награда «Барыс» орденін табыс етті. Шын жүректен құтты болсын айтамыз! Сәуле Мағазбекқызын жазушы, ақын, қоғам қайраткері ғана емес, шынайы жанашыр жан ретінде жақсы білеміз. Шағын ғана ауылына ат басын бұрып, жақсы оқитын балаларға өзінің стипендиясын тағайындап, ары қарай сол балалардың қалаған оқуларына түсулеріне мұрындық болып, ауылының титімдей жақсылығына жар болып жүретін жанға бұл лайықты марапат. Ұлт руханиятына қосып жүрген үлесі ұшан-теңіз. Балалар әдебиетіне деген ықыласы ерекше. Сондықтан жерлесіміздің марапатына құтты болсын айтамыз. Шығармашылық жағынан нағыз толысқан кезінде ұлттық әдебиетімізге әлі талай мықты шығармаларын ұсынатындығына сенімдіміз. Жазарыңыз көп болсын. Оқырмандарыңызды таңдай қақтыратын дүниелеріңіз таусылмасын. Мәртебелі марапат иесіне мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз! Жүрегі кең, жаны жайсаң, қолы жомарт, өзі талантты Сізбен мақтанамыз. Жерлесіміздің әр алған асуы біз үшін мәртебе. Мәртебеңіз асқақтай берсін! Барыстың барлық дәрежесіне лайықтысыз!
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ
