Соңғы жылдары қыстың бейнесі өзгере бастады. Қалың қарға оранған дала мен ұзаққа созылатын аяздың орнын жұмсақ, кейде тіпті жауын-шашынсыз қыс алмастыруда. Алғашқы қарағанда бұл құбылыс тұрмысқа қолайлы көрінуі мүмкін. Алайда мамандар қарсыз қысты уақытша жайлылық емес, ұзақмерзімді қатер ретінде бағалайды. Себебі қар – тек табиғи құбылыс емес, елдің экологиясы, ауыл шаруашылығы және су қауіпсіздігі үшін стратегиялық ресурс.
Қар – табиғаттың өз тепе-теңдігін сақтайтын маңызды тетігі. Қалың қар жамылғысы топырақты қатты аяздан қорғайды, өсімдіктердің тамыр жүйесін сақтайды, жердің құнарлы қабатын бұзылудан аман ұстайды. Ең бастысы – қар көктемгі ылғалдың негізгі көзі. Қыс бойы жиналған қар еріген кезде өзен-көлдерді, жер асты суларын толықтырып, алдағы маусымның су балансын қалыптастырады. Ал қарсыз қыста бұл табиғи цикл үзіледі. Топырақ терең тоң болып қатып, көктемде ылғалды нашар сіңіреді. Нәтижесінде егіс кеш көктейді, өсімдік әлсіз дамиды, өнім көлемі төмендейді.
Сарапшылардың айтуынша, қарсыз қыс ең алдымен аграрлық секторға соққы береді. Қазақстанда егіншілік пен мал шаруашылығы табиғи ылғалға қатты тәуелді. Қар болмаған жағдайда күздік дақылдардың бір бөлігі үсіп кетуі мүмкін, ал көктемгі егіске қажетті ылғал қоры жеткіліксіз болады. Бұл тек бір жылдық өнімге ғана емес, топырақтың ұзақмерзімді құнарлылығына да әсер етеді екен.
Гидрология саласының мамандары су тапшылығы жазда емес, қыста қалыптасатынын айтады. Қар – табиғи су қоймасы. Қарсыз өткен қыс көктемгі тасқынның әлсіреуіне әкеліп, су қоймаларының толық толмауына себеп болады. Бұл өз кезегінде: суармалы егіншілікке қысым түсіреді;
ауызсу қорын азайтады; экожүйелердің қалпына келуін баяулатады екен.
Бірнеше жыл қатарынан қарсыз қыс қайталанса, бұл мәселе жүйелі сипат алып, аймақтық су дағдарысына ұласуы мүмкін.
Қарсыз қыс табиғи экожүйеге де салмақ түсіреді. Қар жамылғысы өсімдіктер мен жәндіктер үшін қорғаныш қызметін атқарады. Ол жоқ кезде бірқатар пайдалы жәндіктер қырылып, керісінше кей зиянкестер бақылаусыз көбейеді. Сонымен қатар ашық қалған топырақ жел эрозиясына ұшырап, құнарлы қабат біртіндеп жоғалады. Экологтар мұндай өзгерістердің бірден байқалмайтынын, бірақ бірнеше маусым ішінде жинақталып, күрделі экологиялық мәселеге айналатынын ескертеді.
Мамандар пікрінше, қарсыз қыс қалалық ортаға да әсер етеді. Қардың болмауы шаң-тозаңның жиналуына, ауаның ластануына әкеледі. Көктемде жел тұрған кезде бұл шаң тұрғындардың тыныс алу жүйесіне әсер етіп, аллергиялық аурулардың көбеюіне себеп болады. Сонымен қатар жасыл желектің әлсіз өсуі қала микроклиматын нашарлатады.
Қалай десек те, қарсыз қыс – жай ғана табиғи ерекшелік емес, елдің экологиялық және экономикалық қауіпсіздігіне төнген елеулі сынақ. Бүгін қардың жоқтығы ертең су тапшылығына, өнім аздығына, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені маусымдық құбылыс ретінде емес, стратегиялық деңгейде қарастыру қажет-ақ…
С. БАЗАРҚҰЛОВА
