Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan газеті» басылымына берген көлемді сұхбатында анық аңғартты. Бұл сұхбатта Президент өткен жылды жай ғана қорытындылап қойған жоқ, елдің бүгінгі ахуалына әділ баға беріп, алдағы бағытты нақтылап берді.
Президент атап өткен негізгі көрсеткіштердің бірі – ел экономикасының өсімі. Жалпы ішкі өнімнің 300 млрд долларға жетуі –сырттай қарағанда көңіл қуантатын нәтиже. Бұл – Қазақстанның қиын геосаяси жағдайда да даму қарқынын жоғалтпағанын көрсетеді. Алайда
Мемлекет басшысының «тоқмейілситін уақыт емес» деген пікірі осы жетістіктің астарында күрделі мәселелер жатқанын аңғартады. Инфляцияның жоғары болуы, күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттауы халықтың қалтасына тікелей әсер етіп отыр.
Сұхбатта қозғалған ең өзекті тақырыптардың бірі – экономикалық тәртіп пен жауапкершілік. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермеу туралы ойлар қоғамдағы көптің көңіліндегі күмәнді де қамтыды. Мемлекеттік қаржы – есеп үшін емес, нәтиже үшін жұмсалуы тиіс. Бұл – қарапайым қағида, бірақ оны іске асыруда әлі де жүйелі өзгеріс қажет екені жасырын емес.
Салық кодексіне қатысты айтылған ойлар да маңызды. Президент салық саясаты әділетті әрі түсінікті болуы керектігін атап өтті. Бұл – бизнесті тұсаулау емес, керісінше, адал кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ұстаным. Экономика дамуы үшін сенім керек. Ал сенім тұрақты әрі ашық ережеден басталады.
Инфрақұрылымды жаңарту, көлік-логистика саласын дамыту мәселелері елдің болашақ мүмкіндіктерін айқындайды. Қазақстанның географиялық орналасуы – зор артықшылық. Бірақ бұл артықшылықты тиімді пайдалану үшін жол, логистика, транзиттік саясат бір-бірімен үйлесуі керек. Бұл тек халықаралық қатынасқа емес, өңірлердің өзара байланысына да серпін береді.
Ауыл шаруашылығы мен туризм салаларына да ерекше мән берілді. Президент бұл бағыттарды экономиканың қосымша саласы емес, елдің тұрақты дамуына негіз болатын тірек ретінде қарастырады. Ауыл – халықтың тіршілігі, ал туризм – сол тіршілікті жаңа табыс көзімен толықтыратын мүмкіндік. Бұл салаларда сөзден гөрі нақты іс маңызды екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Сұхбаттағы ең салмақты ойлардың бірі – әлеуметтік теңсіздік мәселесі.
Мемлекет басшысы қоғамдағы алшақтықты ашық айтты. Бұл – тек бай мен кедейдің айырмасы емес, мүмкіндіктің тең болмауы. Егер адам сапалы білімге, медицинаға, инфрақұрылымға қол жеткізе алмаса, ол өзін қоғамнан шет сезінеді. Ал мұндай ортада ұзақмерзімді даму мүмкін емес.
Жалпы бұл сұхбат – елді алдарқататын уәделер жиынтығы емес, жауапты кезеңнің айнасы. Президент айтқан әр мәселе қоғамды ойландыруға, селқостықтан серпіліске шақырады. Жаңғыру – қағаздағы бағдарлама емес, күнделікті өмірде көрінуі тиіс өзгеріс. Ал ол өзгерістің жүзеге асуы – билікке ғана емес, әр азаматтың ұстанымына байланысты.
Клара РАХИМБЕРЛИНОВА,
Ауданның құрметті азаматы, зейнеткер-ұстаз
