Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиіне өту жөнінде әңгіме осы аптада үлкен резонанс тудырды десек болады. Қазір елдің аузындағы латын әрпіне өту мәселесі тек мемлекеттік органдарда, білім ордаларында ғана емес жалпы қоғамда қызу талқыға түскені шындық. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде “Латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері” туралы парламент тыңдауы да өтті. Онда тек халық қалаулылары ғана емес, ғалымдар, республикаға аттары мәшһүр танымал тұлғалар, тіл білгірлері, қоғам қайраткерлерінің ойлары ортаға салынды.
Бізде де күні кеше ғана аудандық кітапханада аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев осы мәселеге байланысты біраз жұрттың басын қосты. Мектеп басшылары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, ақсақалдар бұл кездесудің маңыздылығын жақсы түсінгендіктен жинақылық танытып, белсенділік көрсеткендіктері болар Дәулетжан Мординұлының әр сөзін зор ынтамен тыңдағандары. Облыстағы «Жаңғыру – жазудан басталады» деген тақырыппен өткен кеңеске қатысып келген аудандық тіл орталығының жетекшісі Гүлзия Алшынға сөз кезегін берді.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейтін атамыз қазақтың пәлсапалық ой түйінімен сөзін бастаған ол мемлекетіміз бен ұлтымыздың басынан өткеріп жатқан заманауи өзгерістері мен жасампаз жаңғыруларының нақты көрінісі екендігінен әдемі сипаттап шықты. Кез келген бастамаға қоғам тарапынан сұраныс болу қажеттігін де ескертті. Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап-ақ әліпби ауыстыру мәселесін тіл мамандары үздіксіз көтеріп келе жатқандығын, енді міне, уақыты жетіп, оның да жүзеге асатын мезеті туғандығын жеткізді жұртшылыққа. Адамзат тарихында жазу графикасының төрт түрі болғандығын халық қаперіне салып қойды. Латын әліпбиіне өту бастамасы Елбасының ұсынысы екендігін айта келе, биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», – деген сөзін мысалға келтіріп, латын әрпінің оқылуындағы кейбір дыбыстық ерекшеліктерге тоқталды.
Аудандық «Қарадала тынысы-Қарадала нәпәси» газетінің бас редакторы Анар Дүйсенбайқызы да бұл мәселенің пісіп, жетілгендігін, заман талабынан туындағандығын айтып, әлі де болса аса мән беретін, анықтай түсетін тұстарының көп екендігін нақты мысалдармен келтірді. Түркі әлеміне жақындау мақсатымен әу баста қолға алынған бұл келелі мәселенің енді еуропаға жақындай түскендігін, кейбір дыбыстардың жазылуы мен оқылуында алшақтықтар кездесіп отырғандығын да жеке көзқарасы ретінде жеткізді. Дей тұрғанмен латын әрпіне өтудің еш қиындығы болмайтындығын, оған тек ынта мен жігер танытылса болғандығын айтты. Ал енді Түркия, Әзербайжан, Түркменстан, Өзбекстан елдері әлдеқашан латын әліпбиіне өтіп алған. Дегенмен сол мемлекеттердің ғалымдары өз тілдерінде кеткен қателіктерін әлі күнге айтып келеді. Әрі сол қателіктерге біздің жол бермеуімізге жол нұсқайтындығын жеткізді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ латынға өткен Өзбекстан мемлекетіндегі баспа қызметіндегі, газет-журналдардың латын әрпіне өткендегі таралымы бірден азайып кеткендігін, сондай жағдайлар бізде белең алмауына назар аударуды сұрады. Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің директоры Бибігүл Абдилова да латын әрпіне өтудің қажеттігін айтып, бірақ оны балаларға үйрету кезінде үлкендер, мұғалімдер тарапынан қателіктерге жол берілмеуін сұрады. Кейбір дыбыстардың дұрыс оқылуы арқылы сөздердің бұрмалануы мүмкін екендігін де жасырмады. Латын әліпбиіне өтудің тиімді жағы тілдік ерекшеліктерді сақтау, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігінің артуы десек, тиімсіз жағы да болып тұрғандығын тілге тиек етті. Жазу ауыстырылған күннің өзінде қазіргі латын тілінде жазылған бастауыш мектептің, орта мектептің, одан кейінгі жоғары оқу орындарының оқу құралдарын, көркем әдебиеттерді бірден аударып тастау қиынға соғатындығын да айтты. №5 Шонжы орта мектебі ұйғыр тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шадман Абдрахманова да латын әрпіне өту кезінде ұйғыр тілінің де мәртебесі артып, бүгінгі оқылымынан еш өзгеріс бола қоймайтындығын айтты.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов өркениетке бет бұрған ел ретінде тіл саясатына аса мұқияттылықпен қарау қажеттігін айтты. Парламентте талқыланды, мемлекет қайраткерлері ашық пікірлерін білдірді, мен де латын әліпбиіне көшуді қолдаймын деген азаматтық ұстанымын жеткізді. Жастары қариялықты еңсергендерге қиындау болар, дегенмен жастармен бірге өзінің де үйренетіндігіне сендірді. Барлық байлық – білімде, сондықтан өркениет көшіне ілесіп қана қоймай, оның басында болу үшін бұл саясат аса мәнді деген пікірін тұжырымдады. «Ұрпақ парызы» қоғамдық ұйымының төрағасы Жәнет Керімқұлов латын әліпбиінің компьютерлік нұсқасы қалай болар екен деген күмәнін білдіріп, сананы жаңғыртуда, ұлтты ұлықтауда латын әліпбиіне өтудің аса маңызды екендігін көркем сөздерімен майын тамызып жеткізді.
Латын графикасына өту мәселесі қаралған жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев бұл мәселенің күн тәртібінен түспейтіндігін, әсіресе білім мекемелерінің басшылары үшін жауапкершіліктің арта түсетіндігін, сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылар жұмыстардың ауқымдылығын, Елбасының әр тапсырмасының саяси астарын түсіндіріп, көпшіліктің жұмысына табыс тіледі.
Баян МАМЫРБАЕВА