Дүниені дүбірлеткен, қазақ елінің атын күллі әлемге тағы бір рет паш еткізген халықаралық ЭКСПО көрмесі Астана қаласында 93 күн бойы озық технологиялар мен жаңашыл энергия көздерін пайдаланудың сан мыңдаған үлгісін көпшілікке ұсынып, өзінің соңғы нүктесін қойды. Қазақта «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» деген жақсы сөз бар. Сондай армандайтын үлкен шара да мәресіне жетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрменің жабылу рәсіміне қатысып, өзінің ой-пікірін айтты. Президентіміз жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде халықаралық көрменің өте жоғары деңгейде табысты өткендігін қуанышпен жеткізді.
Әрине әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдер өз жетістіктерін, озық технологияларын біздің Астанада паш етулері еліміздің баға жетпес жетістігі екендігіне ешкімнің таласы жоқ шығар. Көрме еліміздің экономикасына салмақты үлес қосты. Оны Елбасы өз сөзінде атап өтті. Сонымен қатар көрме кезінде төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жеткен сан қилы мәдениеттің әуені мен нақышына бөленген айтулы оқиға ел тарихынан ойып тұрып орын алып, болашақ ұрпақ үшін, болашақтың энергиясын озық технологиялар мен идеялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды тұстарына тоқталды. Жаңартылған энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылғандығын да тілге тиек етті. Тұрғындарды мазалаған сұрақтардың бірі салынған ғимараттар көрмеден соң еш кәдеге жарамай тұралап қала ма деген еді. Оған да Елбасымыз өз сөзінде ЭКСПО инфрақұрылымын көрмеден кейін де пайдалану жоспары жайында ойын жеткізді. «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО» мұрасы ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс екендігін де қадап айтты. Жаңа орталықтарға жаңаша көзқараспен қарап, белсенділік танытуға шақырды.
Баян
МАМЫРБАЕВА