Басты бет Әр қилы ЖАҢА КІТАП

ЖАҢА КІТАП

0
37

Қалибай Шәйімбекұлы Кетпен ауылының тумасы. Ақындық дарыны бар. Оның өлеңдері шынайылығымен, тазалығымен тартымды. Әдеби ортада жүрмесе де өлең-сөздің құдіретін жақсы түсінетін, поэзия деген әлемнің кереметін жан дүниесімен бағалай алатын ақын. Ауылшаруашылығында еңбек ете жүріп өлең өрінде өзінің ізін қалдырып, тамаша дүниелер тудыра алған тума талант. Өлеңнің техникасын бұзып, ережесін сақтай алмай, ұйқас қуып кететін ақынсымақтарды да көріп жүрміз. Қолына қалам ұстағанның бәрі ақын болғылары кеп тұратыны несі екен деп кейде ойланамыз. Кітап шығарғыштар да көбейді. Қаржылары барлар шежірешіл, ақын, жазушы болуға құмар-ақ. Бірақ Қалибай Шәйімбекұлы оларға ұқсамайды. Өмірде қаншалықты қарапайым болса, жазған өлеңдері де ұғынықты, қарапайым. Қара өлеңді өміріне серік етіп, «Мың сәлем» атты тұңғыш кітабын шығарыпты. Құтты болсын айттық. Ауылдан алыстамай, кіндік қаны тамған жерін бір сәт те тастамаған ақын жырлары да ауыл өміріне арналған.

Қалибайдың әр өлеңінде ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігі, бал қымызды бабымен сапырған келіншектердің келісті істері және көкпардың дүркіреген дүрмегінде жан алысып, жан беріскен бөрі тектес жігіттердің ерен екпініне дән риза боласың. Ауыл ақыны – ауылдың өзі екен ғой, бүкпесіз айтар сөзі екен ғой деп сүйсінесің.

Жаңа кітапқа бас қойғанда бірден баурап кетсе әрі қарай аяқтауға тырысасың. Қалибай ақынның кітабын да бір деммен оқып шықтық. Алғашқы өлеңін Құнанбай мен Абайға сәлем беруден бастапты. Оны да жақсы ырымға баладық. Қадірлі өлеңсүйер қауым, құрметті оқырман, жерлес ақынымыздың жаңа кітабымен сіз де таныс болыңыз! Кітап жалпыға арналған. Сол кітапға енген біраз өлеңдерімен таныс болыңыздар.

 

БІР СӘЛЕМ

Бір сәлем, мың бір тағзым Құнанбайға,

Жол жүрсе әкеден жас сұранбай ма?

Тарихта Құнанбайдай шешен тумай,

Абай деп Алты алашым ұрандай ма?

 

Алланы бабаларым мойындаған,

Алладан басқа ешкімге бой ұрмаған.

Болжаған келешекті түсін жорып,

Көбейер деп Құдайсыз уайымдаған.

 

Құнанбай қажы, рақмет Абай үшін,

Бүгінде жарық сәуле арай ішім.

Балаға жағдай жасап, бағыт беріп,

Толтырған кітаптарға сарай ішін.

 

Абайға қарыз қазақ қаншалықты,

Абайдан бұрын өтті қанша мықты?

Сөзінен нәр алғандар шөлі қанып,

Көкірек көзі ашылып, ән салыпты.

 

Ниеті Қарашаның дұрыс бүгін,

Барлайды өресінің биіктігін.

Бірінші Абай айтқан өнер-білім,

Тілеген таңғы шықтай тұнықтығын.

 

Ұлы Абай ғылым жолын таңда деген,

Тіл үйрен, жер әлемді шарла деген.

Терең ой, терең ғылым іздемесең,

Қазаққа жарқын өмір қайда деген.

 

Көрінген ғасыр өтсе тұлғаланып,

Дидарын қойғандай-ау нұрға малып.

Мұрасын оқып, жаттап тауыса алмай,

Ұрпаққа ауысады үн жаңарып.

 

Абайды оқымаған адасады,

Қазаққа Абай даңғыл жол ашады.

Жегішті, жемеңгерді, таққұмарды,

Абайша желкелесем жарасады.

 

Заманалар ауысып зар көшімен,

Қазақ қанша қырылып, танды есінен.

Алла жар боп, ақыры туын тіктеп,

Шығармады бір сәт те ерді есінен.

 

Кемеңгер күллі әлемді мойындатқан,

Келешек ұрпақ үшін дайын дастан.

Көрікті, көркем болам деген адам,

Жақсы көр қара өлеңді қарындастан.

 

Бүтіндел, байтағы бар, бөрікті ұлым,

Шықсын бір көк ту ұстап, келісті үнің.

Абай тұр «абайлаңдар» деп бәріне,

Бүлдірме тыныштығын жер үстінің.

 

МҰҚАН ШАЛ

Ұлыған жұт азаптаған тіріні,

Ұмытылмас қырық үштің суығы.

Тыныш ұйықтап, тойғаныңа тәубә де,

Кесірленбе кеуделі аға, ірі іні.

 

Ұлыған жұт соғыстан да азапты,

Тірілерге көрсеткендей тозақты.

Тышқан інін қазды жесір түнімен,

Табу үшін бірер күндік тамақты.

 

Көрінгенде өмір, өлім арасы,

Көрініпті бір адамның қарасы.

Келе жатыр бір қолы жоқ Мұқан шал,

Қуанды ауыл, үлкен-кіші баласы.

 

Кепебұлақ сылдыр-сылдыр ағыпты,

Жетілдіріп жетім-жесір, арықты.

Алласымен аман жеткен Мұқан шал,

Жетімдердің ошағына от жағыпты.

 

Жалғыз қолмен өрге тартқан кемені,

Қиындыққа қабақ шытпас ер еді.

Бір ауылдың маңдайынан сипаған,

Алақаның неткен сенің кең еді.

 

ШОПАН ОЙЫ

Құс төресі қырандар ұялаған,

Мен көп өттім жақпар тас қиялардан.

Ақ таяғым қолымда, шопан атым,

Жетегінде жүйіткіген қиял арман.

 

Қойдай момын жанымды жетегіне ап,

Өмір жатыр күндердің есебін ап.

Қанағат деп жел келіп сыбырлайды,

Сабырсыздың бақытын кетеді ұрлап.

 

Қыр асырып дауысым қой қайырған,

Қыр астынан түбіттеп ой қайырған.

Табиғат мәртебемді биіктетіп,

Қиядан маған төте жол табылған .

 

Таң сергітіп, ақ жауын әлдилеп нұр,

Тұла бойыды жасартып, қан билеп тұр.

Аршаның иісінен әтір сеуіп,

Ұлар даусын қайталап, жан күйлеп тұр.

 

ҰЛАР ҰШҚАН

Бұйырған киеліге төрден орын,

Нұсқасын көре алмайсың жерден оның.

Біздің тау биігінде ұлар ұшқан,

Қызыл тас мекені оның көмбе қорым.

 

Ұларлар қанат қақпай қалқып ұшар,

Топ-топ болып әндерін айтып ұшар.

Тауға алғыс айтудан жалықпайды,

Бірлігі мен тірлігі жарты мысал.

 

Ұларлар ұлы тауды мекендеген,

Көбейіп, улап-шулап, көші өрлеген.

Сызылтып ертелі-кеш салған әні,

Анамдай мені әлдилеп, көкем деген.

 

Ұларлар, ұлы таудың иесі бұл,

Ұларлар, ұлы таудың киесі бұл .

Жанымды қанаттыға қосақтадым,

Табиғат амандығын тілесін ұл.

 

ТАУ ЖАЙЛАДЫМ

Тау жайладым, тау қыстадым, таулықпын,

Тыныш ұйықтап, сергек тұрып, таң күттім.

Қойтасына арқа сүйеп, әндетіп,

Ортасында өстім тегін байлықтың.

 

Жайлауында жалаң аяқ жүгірген,

Бала күннен ордам тауда тігілген.

Таудың түйір қасиеті дарыған,

Еркіндігім естіледі үнімнен.

 

Тасқа салса тасырқамас аттаймын,

Тауда жүрсем көңілім тоқ, жоқ қайғым.

Тау батасын берсе ғана жол жүрем,

Жолым болып, ұзақ сапар бастаймын.

 

Қарағай да, қайың маған тілекші,

Жел жағымнан құлағыма күй есті.

Жазда піскен таңқурайдың дәміндей,

Ертелі-кеш жүрегіме жыр екті.

 

Жаңғырығып тұнық шығар таудағы ән,

Жақсыларды тау өзіне баураған.

Мақтаулы жер болғандықтан мекенім,

Көлеңкем де туған жерде аунаған.

 

АУЫЛ ҚАЛАЙ?..

Ауыл қалай дейді ағам қаладағы,

Екі-үш сұрақ жеңгемнен жамалады.

Көзіндегі жетектеп сағынышы,

Қойларды аңсап кетеді қорадағы.

 

Қалай айтам жақсы деп өтірікті,

Қазір ауыл тозып тұр, өкінішті.

Көмек қолын созбайды ауылға ешкім,

Үкімет те бермеуге бекініпті.

 

Бұрынғыдай пейіл мен береке жоқ,

Бұрынғыдай құрт май мен өреше жоқ.

Бәрі менің анамдай кетіп қалған,

Кел қайным деп шақырар жеңеше жоқ.

 

Жайлау, қыстау қадірін білген жайлар,

Болашақты түсінген, түйгенді ойлар.

Қалаға көш десе де көше алмайды,

Төрт түліктің иісі сіңген жандар.

 

Ауыл деген кеңшілік, жанға тыныш,

Тарылмайды дем алсаң таңға тыныс.

Жүрегі үлкен адамдар тастамайды,

Шашылса да қалада алтын-күміс.

 

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ПОБЕДА ИННОВАЦИЙ И ТВОРЧЕСТВА

Команда «SmartReMakers» из Шонжынской школы-лицея №1 с блеском представила Алматинскую обл…