Есімі қалың елге таралған данагөй би, көрнекті тұлға Мөңке Тілеуұлының туғанына биыл – 350 жыл. Ең алдымен айтарымыз, Мөңке Тілеуұлы – өз заманының заңғар тұлғасы. Ол – сан түрлі қасиет иесі. Ол – би, қоғам қайраткері, жұлдызшы, ақын, философ, үлкен ғұлама.
Мөңке бидің шыққан тегі туралы айтылғанда, ең алдымен, әкесі Тілеудің адамның сұңқары атанғаны, анасы Сұлудың бойына ақылы мен қайраты ұштаса біткені тіл ұшына келеді. Бұрынғы қағаз бен қалам қолға тие бермейтін заманның өзінде құйма құлақ қарттарымыз арқылы көп жай кейінгіге жеткен ғой. Мөңке бабамыз туралы ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелер аз емес. Оның артына қалдырған мұраларын зерделеп қарап отырғанда, біртуар тұлғаның ұлылық иірімдерін, тәрбиелік тағылымдарын анық аңғарасыз. Сонау солтүстік өңірде ғұмыр кешкен ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің де құлағына Мөңке би сөздері жеткенге ұқсайды. Өйткені ол өз шығармаларында әулие айтқан тағылымдарды келтіріп отырады екен.
Мөңке би бабамыз туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бұрынырақта профессор Нұридин Балқияұлы мен тарих ғылымының кандидаты Тұрғанғали Жолбасқанның көлемді бір зерттеу еңбегі жарияланған еді. Сонда былай деп жазылыпты. «Патша әкiмшiлiгi Әбiлқайыр хан өлiмiнiң себебiн анықтау мақсатында Кiшi жүзде қалыптасқан хал-жағдайды бақылап отыру үшiн татар тiлмашы Ю.Гуляевтi Кiшi жүзге жiбередi. Алғаш рет Мөңке би осы Гуляевтiң жазбасында аталады. Кiшi жүздiң басты деген билерi жиналып, Әбiлқайырдың орнына хан сайлаймыз деген мәселе көтерген. 1748 жылы 26 қыркүйекте билер мен батырлар Нұралыны хан сайлау керек деген қорытындыға келедi. Алшын бiрлестiгiндегi Мөңкенiң ықпалы өте жоғары болғаны байқалады. Ал патшалық Ресейдiң саясаты ықпалды билердi өз жағына тартып алу едi. Мөңке би әу бастан Әбiлқайырдың ұстанған саясатын онша қолдамаған. Ол орыстардың қазақ даласына сұғына кiруi түбi жақсылыққа апармайтынын сол кезде бiлген. Сондықтан ол Ресейге наразы топтың қатарында болды». Яғни Мөңке бабамыз жай ғана би емес сол заманның қайраткері болғандығын танытатын құжат деуге болады. Оның көріпкелдігінің, ғұламалығының, данышпандығының бүгінгі күнге жетуінде бір құдіреттілік бар емес пе? Ол болашақты болжағыш қасиетімен де ел жадында қалды.
Түсті түлкінің боғына теңеп жатамыз. Кейде түс болашақ хабаршысы деп қоямыз. «Түсі оңғанның – ісі оңады» дейді қазақ. Тарихқа назар аударар болсақ, Мөңке би түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытуды ұйғарады. Түсінде былай болыпты: «Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым біреуі де келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жардым, ішінен арыстан шықты. Арыстанның ішін жарып едім, бұдан адал құлан шықты. Құланның ішін жарып едім, қасқыр шықты. Қасқырдың ішін жардым, түлкі шықты. Түлкінің ішін жарып едім, ішінен бір қоян ата келе қашты. Осыны жорып берші», – дейді Мөңке би.
Алайда Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді жөн көреді. Бірақ, Мөңке бидің қызы би үш рет шақыру жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға: «Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді… Сонда да айтайын. Түс адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай: «40 ат дегеніміз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен, 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен, 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен, қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар, түлкі шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар, қоян шыққаны – ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар», – депті.
Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы: «Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді» деген екен. Қайсысын бұрыс деп айта аламыз. Бүгінгі қоғамның бейнесі дәл келді емес пе? Өзінде ғана емес қызының бойында да көріпкелдік, болжағыштық болғанының дәлелі.
Мөңке бабамыз жеті жасынан билікке араласқан деседі. Өзіміз үлкендерден естіген бір жайды айта кетелік.
Мөңкенің жас кезі екен. Бірде шабындық көлге таласып жатқан адамдарға әкесіне еріп келген бала Мөңке айналаға қарап тұрып:
«Ағайындар, ерік бермей егеске,
Құлағың сал кеңеске.
Таласпасаң не етеді,
Талассаң — бағың кетеді.
Ізгілікпен іс қылсаң,
Анау жатқан байтақ көл,
Баршаңызға жетеді.
Келісімге кел, ағайын,
Баяны жоқ дүние,
Бәріңнен де өтеді», – дегенде, оны кішісінбей, айтқанын ел түсініп, татулыққа келіпті.
Бір жолаушы атақты Мөңке бидің үйіне түсіпті. Жолаушының мақсатын алдын ала біліп отырған Мөңке ол есіктен сәлем беріп кіре бергенде: «Кел, мүсәпірім, төрлет!» депті. Қонақ төрге шығып отыра бергенде тағы: «Жайланып отыр, арыстаным!» – депті. Ас ішіліп, аз ғана уақыт өткенде қонақты сөзге тартып, «ішіп-жегенің – өзіңдікі, көріп-білгенің – біздікі, әңгіме айта отыр, түлкім!» – дейді.
Мұндай теңеулерді ауырсына қабылдағанымен, жолаушы сыр бермей, ішінен тұйықталыпты. Кешке жатарда: «Ал енді жат, еркем!» депті. Ертеңгілік шай ішіліп, кетуге жиналғанда: «Барға базар деген, сөге жамандама, сыншым!» – дейді. Аттанар сәтте: «Жортқанда жолың болсын, ел-жұртыңа сәлемде, жыршым!» депті.
Мөңке әулие қандай адам екен деп барған жолаушы еліне келіп, үлкен бір қариядан Мөңке бидің айтқандарына түсіне алмағанын айта отыра, шешуін сұрапты.
Сонда көпті көрген ақсақал: «Адам үйінен қырық қадам шыққан соң мүсәпір болады, «кел, мүсәпірім» дегені – сол, «ал, отыр, арыстаным» дегені – құдайы қонақ арыстандай айбатты, оның өтініші орындалуға тиіс, осыны меңзегені болар. Оның «түлкім» дегені – бойың үйренген соң түлкідей қутыңдап, көңілің әр саққа жүгіріп, келген-кеткен келіншектерге, тоқалдарға қылтыңдайсың, жақсы көрінгің келеді, әзіл тастағың келеді, осыны айтқаны. Ал «жат, еркем» дегені – қонақ қай мезгілде жатып, қай мезгілде тұрса да өз еркі, өзі де, аты да жайлаулы, күтулі болатынын айтқаны. «Сыншым» дегені – келдің, көрдің, білдің, баға бердің, енді сынын, мінін іздей бастайсың. «Жыршым» дегені – қонған жерінде риза болса мадақтайды, көңілі бітпесе жүрген жерінде жамандайды. Бұл көрген-білгенін жырлау емес пе?! Жыршым дегені осы болса керек.
Ал енді қазір нақыл сөзге, тағылымды тәрбие көзіне айналған «Азарсың, жұртым, азарсың» дегеніне құлақ түрелік.
Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі:
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады..
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі.
Көл – теңізге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны – ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді.
«Әлһам» білгенін «молда»- дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Заманақыр боларда, жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
«Ә» десе «мә» дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар.
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болар,
Түзелуі қиын болар.
Мөңке би өзіне сәлем бере келген Сырымға айтты деген ғибраттық әңгіме бар. Ол былай дейді: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпасаң, халық соңыңнан қалмас, ұмытсаң соңыңнан ермес. Ол: обал, сауап, борыш. Берер ақылым – жақыныңды жаралама, алысты – қаралама!».
Обал, сауап, борыш деген сөздерді бойтұмар етіп, ғұмыр кешсек, бабалар аманатын орындаған болармыз. Сөз қадірі кеткенде өмірдің де мәні қалмас. Мөңке бабамыздың айтқанынан тағылым алсақ…
Баян МАМЫРБАЕВА
