Басты бет Әр қилы БІЗДЕ ҚАРТ БАР МА?

БІЗДЕ ҚАРТ БАР МА?

0
171

Қазақтың «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген нақылы ұлт болмысының ең терең құндылықтарын бейнелейді. Қарт – өткен мен бүгінді жалғаушы алтын көпір, елдіктің айнасы. Бірақ ХХІ ғасырдың қарқынды даму дәуірінде біз бұл қағиданы қаншалықты сақтап отырмыз? Осы сұрақ бүгінгі қоғамды  ойландыруы  тиіс.

Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы дерегіне сүйенсек, Қазақстан халқының шамамен 8,5 пайызын  65 жастан асқандар  құрайды. Бұл –  елімізде қартаю үдерісінің жүріп жатқанын көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай үрдісті «демографиялық қартаю» деп атайды.

Мәселе қарттың көбеюінде емес, олардың қоғамдағы жағдайында. Зейнетақы көлемі күнделікті тұрмысқа  жетпей, қарттардың біразы қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр. Денсаулық сақтау жүйесі ауыл-аймақта әлсіз. Әсіресе жалғыз қарттардың әлеуметтік қолдаусыз қалуы – ең өзекті

түйткілдердің бірі.

Дәстүрлі қазақ қоғамында қария – сөздің төресі, әділдіктің иесі болған. Қазір бұл үрдіс әлсіреп барады. Қалалық өмір салты отбасылық қатынастарды өзгертіп, ата-әже институтын әлсіретті. Бірқатар жастар  ата-анасымен бірге тұрмайды, ал кей жағдайда мүлде араласпай кететін жайттар да кездеседі.

Әлеуметтанушылар бұл құбылысты былайша  түсіндіреді: «Жаһандану дәуірінде адамдардың қарым-қатынасы өзгерді. Бірақ рухани сабақтастық үзілсе, ұрпақ тәрбиесінде үлкен бос кеңістік пайда болады. Қартты құрметтеу – ұлттық қауіпсіздіктің де бір бөлігі».

Қазақстанда 50-ден астам қарттар үйі бар. Бұл мекемелердің болуы – бір жағынан қажет, екінші жағынан қоғам үшін ойландыратын жайт. Өйткені дәстүрлі ортада қарттар үйі деген ұғым болмаған. Әр ата-әже өз әулетінде қадірлі орынға ие болған. Қазіргі қарттар үйінің толып жатуы – отбасы құндылықтарының әлсірегенін аңғартады.

Ал психолог мамандар  қарттармен жиі араласатын жастардың бойында жауапкершілік пен шыдамдылық көбірек қалыптасатынын айтады. Өйткені қарияның өмір тәжірибесі – дайын оқулық. Сондықтан мектептер мен жастар ұйымдары қарттармен байланыс орнатуды тек мерекелік шаралармен шектемей, жүйелі тәрбие құралына айналдыруы қажет.

«Бізде қарт бар ма?» деген сұрақтың жауабы тек статистикада емес, әр отбасының жүрегінде жатыр. Қария – мемлекеттің тірегі, қоғамның ар-ұяты. Егер қартын қадірлей алмаса, ол елдің болашағы да сенімсіз.

Қариясы бар ел – қазыналы ел. Ендеше, қарттарымызды қоғамнан шеттетпей, оларды күнделікті өмірдің бел ортасына тарту – мемлекет пен әрбір азаматтың ортақ міндеті.

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ПОБЕДА ИННОВАЦИЙ И ТВОРЧЕСТВА

Команда «SmartReMakers» из Шонжынской школы-лицея №1 с блеском представила Алматинскую обл…