Кеше аудан активінің басы қосылды. Аудандағы мекеме, бөлім басшылары мен мектеп директорлары түгелдей жиналған жиынға Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Ләззат Махатұлы Тұрлашов арнайы келді. Басты мәселе – ауданның жаңа әкімін тағайындау. Алғашқы сөзді бастаған Ләззат Махатұлы осыған дейін Ұйғыр ауданы әкімі лауазымын атқарып келген Алимжан Имтахунұлы Тохтасуновтың өз еркімен Ұйғыр ауданы әкімі қызметінен босатылуына байланысты ауданның жаңа әкімін тағайындауға жиналып отырғандығын жеткізе келе, жаңа басшы ретінде осыған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Шухрат Турдахунұлы Нурахуновты таныстырды.
1970 жылы дүниеге келген Шухрат Турдахунұлы Алматы халық шаруашылығы институтын 1991 жылы экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын дәл осы жылы Ұйғыр ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының салық инспекторы ретінде бастаған. Бұл мекемеде ұзақ жылдар еңбек етеді. 1996-2007 жылдары Ұйғыр ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының заңды тұлғалармен жұмыс бөлімінің бастығы, салық инспекциясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Бұл салада өз біліктігі мен білімділігін аңғартқан Шухрат Турдахунұлы 2007 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Мінбеге көтерілген Шухрат Турдахунұлы өзіне артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, сенім үдесінен шығуға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Аудан халқымен тығыз байланыс орнатып, бірлікте жұмыс жасайтынына сендірді. Мұнан соң үш жылға жуық аудан басшысы ретінде қызмет атқарған Алимжан Имтахунұлы осы уақытқа дейін бірлесе еңбек еткен барлық аудан басшылары мен тұрғындарына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Елбасы саясатын қай жерде жүрсе де қолдап, қуаттайтынын, сол мақсатта еңбек ететінін сөз етті. Сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов тәуелсіздік алған 26 жылда еліміздің еселі жетістіктерге жеткенін, оның ішінде ауданымыздың да алғы сапта тұрғанын айта келе, ауданның бірқатар оң нәтижелерін айтып өтті. Ауданның жаңа басшысына артылып отырған жауапкершіліктің зор екенін, оны тек халықпен тіл табысып, елдің жағдайын түсіне білгенде ғана көтеруге болатынын жеткізді. «Әкімге баға беретін – халық. Халықтың үлкені де, кішісі де, аласы да, құласы да жоқ. Оларға бір көзбен қарау керек. Абыройыңды асыратын да халық», – деген Ызғарбек ағамыз әр істе білімділік пен сабырлылық қатар тұруы керек дегенді ағалық ықыласпен айтты. Мұнан соң облыс әкімінің міндетін атқарушы Ләззат Махатұлына аудандағы бірқатар көкейкесті мәселелер турасында айтып, көмек қолын созуды сұрады. Атап айтсақ, аудандағы құс фабрикасының жұмысы, пайдаланылмай, істен шығып қалған су тораптарын қайта іске қосу сынды өзекті мәселелерді ортаға салды. Ал ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нурвяг Сейитов ауданымыздың бағындырған биіктерін мақтанышпен жеткізіп, алдағы уақытта жақсылықтар легі еселенер деген үмітін білдірді. Аудан әкіміне ақсақалдар әрқашан көмек қолын ұсынуға дайын екендігін жеткізді.
Жиын соңында Ләззат Тұрлашов жұмақты өлке Жетісудің жетістіктерін жіпке тізді. Соңғы жылдары өнеркәсібіміздің өркендеп, өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалының артқанын сөз етті. Оған Қарадала халқының қалтқысыз еңбегінің де үлесі зор екенін айтты. Ауданда бау-бақша отырғызу, балабақша ашу, ауданға инвестиция тарту сынды дүниелер алдыңғы орында. Дегенмен ҰБТ нәтижесінің көңіл көншітпейтінін, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының әлі де ауқымының ұлғаймай жатқанын сынға алды. Болашақта осы мәселелер турасында жоспарлы түрде жұмыс жасау қажеттігін тапсырды Ләззат Махатұлы. Оған жаңа басшы болған Шухрат Турдахунұлының қабілет-қарымы жетеді деген сеніммен жиынды қорытындылады.
Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ