Басты бет Ата Заң АТА ЗАҢЫМ – АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБАРЫ

АТА ЗАҢЫМ – АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБАРЫ

0
107

Ата Заңымыздың 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Шарын ауылындағы 600 орынды мәдениет үйі ресми түрде тұрғындарға есігін ашты. Үлкен айтулы күн қарсаңы болғандықтан ауданның барлық ауылдарынан шақырылған қонақтар да болды.

Шарын ауылдық мәдениет үйі  күрделі жөндеуден кейін ауыл тұрғындарына  пайдалануға беріліп отыр. Бұл – ауылдың рухани өміріне жаңа серпін  беретін маңызды оқиға әрине. Мәдениет – халықтың рухани қазынасы, бірліктің алтын арқауы, жалпы жұртшылықтың мәдени өміріне арқау болатын дүние десек, бүгін сондай жақсылық шарындықтар үшін құшағын ашты. Бүгінгі жаңарған Шарын ауылдық мәдениет үйі – ауылдың мәдениеті мен шынайы өнер ордасы, жастардың шығармашылық орталығы, қарттарымыздың  бас қосып, рухани демалатын орны болса екен деп тілеу тіледік іштей.

Жаңарған мәдениет ошағының лентасы қиылып, ата салтпен бата беру рәсімі ауыл қариясы «Әбіш» шаруа қожалығының жетекшісі Әбіш Молдамұратовқа берілді. Ауылындағы қуанышқа ортақтасып, аталық ақ ниетін ақтарды. Сонан соң ұлттық киімдегі әжелер шашу шашып, жиналған қауым жаңарған ғимаратқа бас сұқты. Заманауи мәдениет ошағының материалдық-техникалық базасымен танысып, әртүрлі үйірмелерге арналған бөлмелерді аралап, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Бауыр құрылыс компаниясына» ауыл тұрғындары алғыстарын арқалатып жатты. Жаңарған мәдениет ошағына жиналған қауым әрі қарай Ата Заң қабылданған күнді тамашалауға залға жиналды.

«Тарихы терең – Ата Заң» атты бейнебаян ұсынылды көрерменге. Қарадала халық театрының әншілері «Елім менің» әнін шырқады. Шараның жүргізушілері Ата Заңның 30 жыл ішіндегі тарихы туралы ақпарат беріп, Конституция – елдің айнымас бағдары, мемлекеттіліктің берік діңгегі екендігін, ол халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған  азаттығы мен арман-тілегін құқықтық тұрғыдан бекітіп,егемендіктің  темірқазығына айналғандығын жоғары пафоспен жеткізді. Тарихтың қара тасына  қашалып, ғасырлар бойы халықтың  арман-тілегін  бойына сіңірген «Қасым ханның Қасқа жолы», «Есім ханның Ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысының» ізін жалғастырушы Тәуелсіз еліміздің Конституциясы күнімен жиналған қауымды құттықтады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата Заңым – азат елдің айбары» атты салтанатты шара ашық деп жарияланып, Қазақсан Республикасының Мемлекеттік Туы және Елтаңбасы залға енгізілді. Мемлекеттік Гимн шырқалды.

Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Бота Елеусізоваға берілді. Ата Заң – халық пен билік арасындағы сенім көпірі. Онда әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы, мемлекет құрылымының негіздері нақты айқындалған. Халықтың әл-ауқаты мен бейбіт тіршілігі – осы Заңның тиімді орындалуымен тікелей байланысты. Ата Заң күні – елдігімізді ұлықтайтын ерекше мереке. Бүгінгі мерекелік шарамыз  Шарын ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуден кейінгі  іске қосылуымен тұспа-тұс келіп отыр, бұл айтулы күн ауыл тұрғындары үшін ерекше мереке! Мерейлі қос  мереке құтты болсын! – деп шынайы көңілін білдірді. Ауданның бүгінгі қол жеткізген табыстарын санамалап, еңбек майданында жүрген азаматтарға өзінің ақжарма тілегін ақтарды. Еліміздің айбыны асқақ, болашағы жарқын болуына өз үлестерін қосып жүрген жандарға деген ыстық ықыласын жылы сөздерімен жеткізді. Әр салада тер төгіп жүрген біраз азаматтарға өзінің алғыс хатын табыс етті. Олардың ішінде құқық қорғау органдарының адамдары мен қоғамдық ұйым мүшелері, жалпы белсенді азаматтар болды.

Жаңарған мәдениет үйінің іші керемет мерекелік күйге бөленген. Салтанатты шараның концерттік бағдарламасына кезек беріліп, аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке» мен «Арзу» ансамльдерінің мүшелері тақырып аясын ашатын патриоттық, отаншыл әндермен көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шарын ауылының көгінде бұл күні патриоттық әндер қалықтады. Ата Заңымыздың 30 жылдық мерейлі күні аудан көлемінде осы ауылда аталып өтті. Марапат алғандар риза көңілдерін білдіріп, ауыл тұрғындары жаңа заманауи мәдениет ошағының халыққа қызмет етуін тілеп жатты. Айтулы күн көпшіліктің көңілінде ұзақ сақталары хақ.

Баян МАМЫРБАЕВА

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚР Конституция күні құтты болсын!