Басты бет Әр қилы ҰРЛАНҒАН УАҚЫТ

ҰРЛАНҒАН УАҚЫТ

0
1,313

«Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі:
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады».


«Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би», келер күнді айнытпай болжайтын сәуегей және дала даналығының көрінісі іспетті ой-тұжырымын тағылымды поэтикалық жырға айналдырған жырау Мөңке бидің өз заманында айтқан осы бір сөзі естінің есінен шықпаған болар. Иә, замананың зарын ғана емес, келер ұрпақтың қамын налып айтқан баба сөзі бүгінде айнымай келіп отыр-ау. Азғандығымыз ба, бұл сонда? Әлде…
Бұл жерде біздің айтпағымыз ай сайын емес күн сайын бас қосатын жиындар жайы. БАҚ саласында жүрген соң біздің журналистер аудан көлемінде өткізілетін әрбір жиынға шақырылады. Барамыз, жазамыз. Әрине, көңіліңнен шығатын ой айтылатын, келісті пікір білдірілетін, өзіңнің жан-жақты болуыңа ықпал ететін, рухани дамуыңа үлес қосатын жиындар көп. Елден сүйіншілеп, ақжолтай хабар таратуға бағытталған шаралар да жетерлік. Біліміңді толықтырып, қажетіңді жолықтыратын жиындар да бар. Ал кейде уақытыңды зая кетіріп, іліп алар дүниеге зар ететін, адам үшін емес, қағаз үшін өткізілетін жиындар болады. Не көздеген мақсат жоқ, алдына қойған мұраты жоқ жиналыстардың не үшін, кім үшін өткізіліп жатқаны да беймәлім. Жалған баяндама оқылып, таптаурын тақырып қозғалып, жаттанды жауап берілетін осындай шараларға қатысқан кезде ең әуелі онсыз да жетпейтін уақытыңның босқа кеткеніне кейисің. Онан соң қаншама адамды жинап алып, берері жоқ кеңес өткізгендерге налисың. Сөзіміз құрғақ болмасын. Дәйек келтіре отырайық. Өткен аптада аудандық ішкі істер бөлімінде Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында тиісті шара өткізу жоспарланған екен. Аудандағы дін мәселелері жөніндегі инспектордың ұйымдастыруымен өткен шараға тілшілер шақыртылды. Қоғамның өзекті мәселесі болып отырған діни экстремизм мен терроризм жайы құрғақ сөз бен жалаулатып, алаулатып өткізе салатын, болмаса қағаз жүзінде жүргізілетін жұмыс емес екендігі бесенеден белгілі. Оның үстіне ішкі істер қызметкерлерімен өткізілетін шара болған соң өзекті ойдың түйіні тарқатылар деген ниетпен барғанбыз. Бірақ күтпеген «тосынсыйдың» куәгері болдық. Қағазда қатталған жаттаурын баяндамалар тыңдадық. Онда да ауданымыз туралы сөз болмады. Бейнефильм көрсетеміз деген ұйымдастырушылар оны да мандытпады. Техникалық себептерді сылтау етіп, көре алмадық. Сонда дейміз-ау, сол бейнефильм ең болмағанда шараға дейін бір тексерістен өтпегені ме? Техниканың салдары емес, өзіміздің салғырттығымыздан неге көрмейміз? «Жә, біздің кінәміз жоқ. Техника ғой, істемей қалған». Айтуға оңай-ақ. Ең болмағанда аталмыш жиынға осы салаға жауапты аудан әкімдігінен мамандар да шақырылмаған. Сонда бұл жиынның мақсаты не? Әлде, өтуі керек, өтті, қалай екендігінің маңызы жоқ па? Әйтеуір біз түсіне алмадық. Әрі ұйымдастырушылар үшін ұяттан жарылдық. Ұялып қана қоймай, сағаттаған уақытымыздың бос кеткеніне күйіндік. Атам қазақ «Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені» дейді. Тіпті асыл дініміз Исламда да адам өміріндегі ең үлкен қателігінің бірі ретінде уақыттың қадірін білмеуді айтады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Адамдардың көбі Алланың оларға берген екі түрлі нығметінің қадіріне жете бермейді. Ол денсаулық пен бос уақыт», – делінген екен. Демек, уақыт – құнды қазына. Уақытын ысырап еткен, өмірін ысырап етеді. Сондықтан сағат емес, минутымыз санаулы сәтте осындай құны жоқ жиындардың көбеюі жаныңа батады. Бұл бір ғана мысал. Мұндайлар көптеп кездеседі.
Тағы бір жайтты айта кетейік. Ауылдық округтер мен мекемелер тақырыбы дардай жиын өткіздік, газетке жариялап берсеңіздер деген желеумен хаттамасы мен баяндамаларын көтеріп келеді. Қарап тұрып ішің ашиды. Тағы да сол мазмұнсыз жиын. Мақсатсыз, бағытсыз дүние. Тіпті қандай пайдасы бар екенін де білмейді шараны ұйымдастырушылардың өзі. Газетке жарамайтындығын айтсаң, ренжиді. Облыс, аудан талап еткен екен. Сол үшін ғана шара өткізіп, баспасөзге әкелген ғой. Сонда жоғарғы жақ талап қоймаса, өздігімізден елімізде атқарылып жатқан жұмыстар мен Елбасы саясатын насихаттауды да қажет етпейміз бе? Тағы да сол уақытты зая кетіру.


Ұлы Абай он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – дейді. Сондықтан біз де пайдасыз, мазмұнсыз, «галочка» үшін жиын өткізіп, уақыт – өміріміздің қалай өткенін сезбей қалмайықшы… Өйткені уақыттан қымбат сыйлық жоқ.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…