Басты бет Адал азамат ҚҰТ ҚОНҒАН АЛТЫН ШАҢЫРАҚ

ҚҰТ ҚОНҒАН АЛТЫН ШАҢЫРАҚ

0
118

Әлі есімде, алты жастан асқан кезімде шынтағым шығып кетіп, үйдегілер салдыратын сынықшы таппай, ел кезіп, жер кезіп біраз әуреге түскен еді. Марқұм Жібек апам ол кезде тірі болатын. Бір күні мені киіндіріп, Шошанайда сынықшы бар екен деп,  үйдегілерді хабардар етіп, жолға шығып кеттік. Айналасы бір-екі сағаттың ішінде әлгі ауылға да жетіп бардық. Сондағы түскеніміз өзімнің Жарқынбек атам мен Ләтипа апамның шаңырағы  екен. Бізді көріп, керемет қуанып қарсы алды. Ләтипа апам өте мейірімді, балажан, аяулы жан еді. Ол кісіні күллі Жарты әулеті жақсы көруші еді. Содан үйге кіріп, терлеп-тершіп шәй ішіп алған соң, қазір Серік ағаң да келіп қалар жұмыстан, сонымен ойнайсың деп апам менің бала көңлімді бір қуантып тастады. Менен екі, үш жас қана үлкен шығар десем, Секең әскерден енді ғана келген еңгезердей жігіт екен. Сол сәтте құлағы қалқиған, мұрны қоңқиған орыстың баласы секілді көзі көкпеңбек, жараған аттай, шымыр денелі, күлімкөз қызылсары бір аға кіріп келді. Бұл менің алғаш алты жасымда көрген Серік ағамның жиырма бір, жиырма екі жастағы портреті еді.

Жолда  «Біздің баратын үйіміз ең жақын туысымыз, екі көзіміздің бірі» деп апам айтып еді. Иә, шынымен де туғанымды көргендей қатты қуанып қалдым. Айтпақшы Серік ағамның туған әпкесі жолбарыстай қайратты төрт ұлдың анасы, өте мейірбан менің Жұмақан әпкем мен марқұм Естай жездемді атамай кету үлкен күнә болар. «Бір құдам Кепебұлақтан, бір құдам Текебұлақтан» деп марқайып отыратын жездем Естай өте бір сабырлы, жуастың жуасы, еңбекқор, ауданда алғаш тракторды тізгіндеген артық сөзі жоқ аңқылдаған азамат еді. Амал қанша, өмірден озып кетсе де артында қалған ұлдары бір-бір үй болып, әке жолын жалғауда.  Міне, құрметті оқырман, Секеңмен Шошанайдағы кездескен сәтті санасам қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Зуылдап жатқан қайран уақыт, қайран заман.

  Алтыннан ардақты, көркем мінезді, көзінде мейірімнің нұры ойнаған, қазақтың қызына тән қылығы тәтті менің сүйікті Нұргүл жеңгемнің жүрегін жаулап алған Жарқынбек атамның ұлы Серік ағам жар таңдаудан жаңылыспаған азамат қой. Атадан жалғыз ұл болғанымен тепсе темір үзетін Берік, Медет, Досқандай бауырларымды дүниеге әкеп, әрқайсысын оқытып, үйлендіріп, бір-бір үй салып беріп, жеңгем екеуі ата-аналық парыздарын орындады. Берекесі мен мерекесі, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасының алда көретін қуаныш, жақсылықтары көп болғай…

Өнегелі өмірін медицина саласына арнаған ағайынға ардақты, досқа сыйлы, көпке үлгі бола білген менің алтын құрсақты, аяулы Нұргүл жеңгем бүгін алпыстың асқар шыңына шығып, бір елдің анасына айналып отыр. Өмір өзгерсе де, қоғам қозғалса да менің жеңгем әлі күнге өзгермеген. Сол баяғы жұмсақ жүректі, биязы қалпы.  Ал саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, сол арқылы абырой арқалап, өз ісіне адалдық танытқан Серік ағам пайғамбар жасына келіп, ел үшін еткен елеулі еңбегінің жемісін жеп, зейнетке шығып жатыр. Ағам да, жеңгем де өздерінің адами қасиеттерімен, керемет болмыс бітімімен жанына жақсы адамдарды жинап, ел-жұртының алғысына, құрметіне бөленген жандар.

Аға-жеңгемнің өмірінің мәніне айналған үш ұлынан Аружан, Тоғжан, Ақжан, Айзере, Мағжан, Асылым, Сафия, Ләтипа сияқты бал татыған немерелері бар.  Бірі ән салып, бірі билеп, бірі өлең оқып атa-әжесінің көңілдерін көктемдей құлпыртып отырады. Иә қазақ үшін немереден тәтті ешкім жоқ. Осы райда ағам мен жеңгеме арнаған өлеңімді шынайы ақ пейілім ретінде ұсынғым келеді.

Семсер сәуле секілді Серік ағам,

Серік ағам о бастан менің ағам.

Сендей жігіт болсам деп арман етіп,

Бір кездері бойыма сенім алғам.

Сондықтан бір мен үшін ханнан қымбат,

Боп тұрады қашан да сенің ордаң.

Ләтипадай аяулы апам тұрған,

Үйіңіз берекенің белі болған.

Жүрегіңнің молайтып қуанышын,

Бұл үйде менің жеңгем келін алған.

Айналайын алтындай асыл ағам,

Болсыншы әрқашанда елің аман!

 

Жүрегің жақсылыққа тұрса жақын,

Жан емессің ешкімге мұң шағатын.

Беріктей тұңғышыңның арқасында,

Өзгеден артық соқты бір сағатың.

Аузыңнан түсіп қалған Медетің бар,

Қолы шебер жігіт қой үй салатын.

Ал енді Досқаныңыз ерекше ғой,

Тұлғасы бар көтеріп гір соғатын.

Үш бірдей ұл сыйлаған өзіңізге,

Жеңгем аман жүрсінші  құрсағы алтын!

Ағайынның алғысына, дос-жаранның, құда-жекжаттың құрметіне бөленген аса құрметті аға-жеңгемізге Жаратқан ием әлі талай жақсылық көріп, немереден шөбере сүйіп, алақандарынан май жалатып, жүз жасқа келуді нәсіп еткей!

 Дархан МАМЫТХАНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АДАЛДЫҚТЫ БАЛА КЕЗДЕН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Қазақстанда жас ұрпақтың бойына адалдық пен әділдік сынды асыл қасиеттерді сіңіруге бағытт…