Басты бет Ата Заң ЕЛДІГІМІЗДІ ТАНЫТАТЫН ҚҰЖАТ

ЕЛДІГІМІЗДІ ТАНЫТАТЫН ҚҰЖАТ

0
176

Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Ата Заң барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Кез келген мемлекеттік орган, мекеме, ұйым өзінің қызметінде Конституцияны басшылыққа ала отырып, өз қызметтерін жүзеге асырады. Ата-бабаларымыз қаншама қиындықтар мен тосқауылдарды бастан өткерсе де, халықтың мықты ерік-жігерінің арқасында көп жылдар бойы арман етіп, аңсап келген тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Мұндай бақытқа жете алмай жүрген қаншама халық бар.

Жерінің көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орын алатын, қазба байлығы мен табиғат байлығын Жаратушы ием аямай берген Қазақстанға Жаратушының шапағаты тиген. Әрине елім деп еңіреген, жұртым деп жылаған бабаларымыздың көз жасы мен өр рухы да бар мұнда. Еркіндікті, бостандықты аңсаған аталарымыздың намысы мен білімі, ештеңеден тайсалмаған қайсарлығы, батылдығы мен батырлығы ұрпағын осындай бақытты күнге жеткізді. Кейбір келеңсіздіктері мен көңіліңе алаң туғызатын сәттері бола тұрса да бұл менің туған жерім деген мақтаныш сезімі жүрекке тыныштық сыйлап, көңілге қуаныш кернетеді. Қоғам болған соң оның өркениеті мен түйіткілді тұстары болатындығы заңды. Қателіктерді түзей отырып ілгері ұмтылғанда, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырта отырып рухани жан дүниемізді байытқанда бұдан да бақытты боларымыз хақ.

1995 жылы 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз қабылданды. Кеңес өкі­меті кезінде конституция өкілетті органдармен қабылданған болса, біздің негізгі құжат халықтың жал­пы дауысымен референдумда қа­былданды. Конституцияны қабылдай оты­рып, қазақ халқы өзінің еге­мендік құқығын барша әлемге паш етті. Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің дамуына жол ашып, тәуел­сіз мемлекет буынының бе­куі­не үлкен себеп болды. Конститу­цияның алғашқы беті “Халқымыз, байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып, өзімізді еркіндік, тең­дік және ұлтаралық тату азаматтық қоғам ретінде дүниежүзілік қоғам­дастықта лайықты орын алуды көз­дей отырып және болашақ ұр­пақ­тар алдында жоғары жауапкер­ші­лі­гі­мізді сезініп осы Консти­ту­ция­ны қабылдадық” деген сөйлеммен бас­талады. Бұл Қазақстан елінде тұ­ратын барлық ұлт өкілдерінің ор­ныққан саяси келісімінің негізі бо­лып табылады. Ата Заң – бейбіт­шілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын даңғыл жол. Тоғыз бөлімнен тұратын Ата Заңда еліміздің азаматтарына толық жағдай жасалған. Екінші бөлімнің 10-бабында “Республиканың азама­тын ешқандай жағдайда азаматты­ғынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге алас­та­туға болмайтындығы” көрсетілген. Олардың өмір сүруіне, білім алуы­на, қызмет етуіне және зейнеткер­лікке шығып демалуына барлық мүмкіндіктер жасалған.

Бү­гінгі таңда Ата Заң – ел тыныш­ты­ғының кепілі. Ауданда негізінен қазақ пен ұйғыр тіршілік етеді. Олар өздерінің тілдерін, ұлттық дәстүрлерін сақтай отырып, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Ата Заңның түп мақсаты да осы. Қазақстан деген кең байтақ жерде ғұмыр кешкен әр азамат өз кәсібін ашуға, өз бизнесін жасауға құқылы. Өз тілінде білім алуына, өз тілінде газет, журнал оқуға мүмкіндігі бар. Осының барлығы ұлтына қарамастан адамдардың құқықтарының тең екендігін дәлелдейтін Ата Заңымыздың арқасы. Елімізде Қа­зақстан халқы Ассамблеясын қоса алғанда, этноконфессиялық келі­сім­нің біртұтас инфрақұрылымы жасалды. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу орнына айналды. Осындай өнегелі істер нәтижесінде қоғамдық тұрақтылық механизм­дерінің ұстанымдарын жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізілді.  “Уақыт – сыншы” дегендей, Ата За­ңы­мыз егеменді ел тарихы үлесін­дегі аз уақытта үлкен сындардан сү­рінбей өтіп, өзінің құқықтық құн­дылығын жоғары дәрежеде дә­лелдей білді. Конституциялық заңнамаларға сәйкес барлық азаматтар тең құ­қы­лы. Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясының 4 бабында Ата Заңның ең жоғары заң күші бар және рес­публиканың барлық аумақтарына тікелей қызмет етеді, – деп айқын жа­зылған. Басқа да шығарылып жат­қан нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық келісім-шарттар елі­міздің ең басты құжатына қайшы келмеуі тиіс. Ата Заңымызда адам құ­қығы және бостандығының жо­ғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы ретінде реттеледі.  Мемлекетіміздегі әр адам Ата Заңның шеңберінде өмір сүргенде ғана біз өзімізге тән ұлттық құқық­тық жүйемізді жетілдіретін бола­мыз. Сондықтан ең басты міндет заңды және жеке тұлғалардың, қоғамдық құрылымдар мен азамат­тардың Ата Заңға деген құрметін барынша дәріптеу болып табылады.

Дәл қазір біз үшін тәуелсіздіктен қымбат еш нәрсе жоқ, оның қадірі еш нәрсемен өлшенбейді. Конституция біз үшін алдағы уақытта да өзіміздің биік мақса­ты­мыз – мемлекеттің әлеуметтік жағ­дайын көтеретін, азаматтардың дәу­летті және заманға лайықты өмір сүруіне барлық жағдай жасай­тын, тәуелсіз еліміздің өркениетті мемлекет болу жолындағы ілгері басуымызды реттейтін шуақты да басты бағдаршам. Конституцияның 1-бабында мемлекетіміздің ең қымбат қазы­на­сы – адам және оның өмірі, құ­қықтары мен бостандықтары деп көрсетілген.  Атап айтқанда, олар адамның жеке өмі­ріне, қадір-қасиетіне қол сұғыл­мауы, әркімнің өзінің және отба­сылық құпиясының болуы, абы­ройы мен ар-намысының қорға­луы, әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазылған хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пош­та, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларының құ­пиялылығының сақталуы, қай ұлт­қа, қай партияға және қай дінге жата­тынын өзі анықтауға және оны көр­сету-көрсетпеуге хақылы екені, ана тілі мен төл мәдениетін пайда­лануы, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін таңдап алуы.  Қазақстан – халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасап келе жатқан зайырлылығы шексіз, пейілі пәк, құшағы кең ел. Жеке меншік мүлкі, отбасы, ар-ожданы мен жеке басының өмірі заңдармен қорғалады. Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Құтты болсын. Жайма-шуақ еліміздің аспанын бұл шалмасын.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АТА ЗАҢЫМ – АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБАРЫ

Ата Заңымыздың 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Шарын ауылындағы 600 орынды мәдениет үйі рес…