Басты бет Ата Заң ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ – ЖАҢА МЕРЕКЕ

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ – ЖАҢА МЕРЕКЕ

0
16

Конституция – қоғам мен билік арасындағы ең биік келісім. Ол мемлекеттің не үшін өмір сүретінін және кімге қызмет ететінін анықтайды. Осы өлшеммен қарағанда, 2026 жылғы жаңа Ата заң Қазақстанның құқықтық жүйесінде маңызды бетбұрыс жасады. Бұрынғы Конституция өтпелі кезеңде мемлекетті сақтауға бағытталса, жаңа құжат адамның қадір-қасиетін құқықтық саясаттың алдыңғы шебіне шығаруға талпынып отыр.

Бұл бетбұрыс ең алдымен 1-бапта адамның ең жоғары құндылық ретінде нақты әрі анық бекітілуінен көрінеді. Мұндай норма бұрын да болған, бірақ жаңа мәтінде ол жай ұран емес, бүкіл құқықтық жүйені түсіндіретін басты өлшемге айналған. Мемлекет енді өзін басқару аппараты ретінде емес, адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қызмет ететін институт ретінде сипаттайды. Бұл – биліктің өзіне қойған шектеуі.

Бұл пікір жаңа Ата заңдағы 1-баптың тек құқықтық емес, саяси-философиялық жүк арқалап тұрғанын көрсетеді. Мемлекет пен қоғам арасындағы келісімнің өзегіне адам қойылған кезде ғана билік легитимді сипат алады. Яғни азамат мемлекеттің бағытын мойындап қана қоймай, оның өз құқығын қорғауға қабілетті екеніне сенуі тиіс. Жаңа Конституция осы сенімді қалыптастыруды көздейді. Мұндай өзгеріс мемлекеттің өзіне де жаңа талап қояды. Билік енді шешім қабылдағанда тек саяси тиімділікті емес, адамның құқығы мен қадір-қасиетін басты өлшем ретінде ескеруі тиіс.

Бұл жаңа кезеңде мемлекеттің басты өлшемі – адам. Оның еркіндігі, қауіпсіздігі, дамуға деген мүмкіндігі Конституцияның өміршеңдігін айқындайды. Жаңа Ата заң осы жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін білдіріп отыр. Еліміз биыл жаңа Конституция қабылдап, саяси-құқықтық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл құжат заңнамалық өзгеріс қана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың жаңа моделін айқындайтын стратегиялық акт ретінде бағаланып отыр. Сарапшылар пікірі де осыған саяды. Қысқасы, жаңа Негізгі заңымыз адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге қарай бет бұрғанымен ерекшеленді. Жаңа Конституцияның негізгі жаңалығы ретінде оның толықтай адам мүддесі қағидатына құрылғанын айтуға болады. Яғни адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекет қызметінің басты өлшеміне айналмақ.

Қазіргі әлем цифрландыру кезеңіне аяқ басқан тұста жаңа Конституцияда дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. – Қазіргі таңда әлем цифрлық өзгерістердің қарқынды кезеңіне қадам басты. Мемлекеттік қызметтер, қаржы операциялары, білім беру, медицина және әлеуметтік қатынастың басым бөлігі электрондық форматқа көшті. Бұл азаматтардың мүмкіндігін кеңейтіп, қызметтердің қолжетімділігін арттырғанымен, жаңа қауіптерді де қатар алып келеді. Осыған байланысты цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Яғни Конституциялық деңгейде дербес деректердің қорғалуына ерекше мән беру цифрлық кеңістікте қауіпсіз құқықтық орта қалыптастырады. Жалпы алғанда, цифрландыру үдерісін құқықтық тұрғыдан бекіту болашаққа жасалған маңызды қадам. Ол елдің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтереді. Бұл бағыттағы өзгерістер қоғамның заманауи, қауіпсіз әрі әділетті болашағына жол ашады.

Сонымен қатар Негізгі заңымыздан алғаш рет білім мен ғылым саласы мемлекеттің стратегиялық құндылықтарының бірі ретінде айқындалып отыр. Бір ғана мысал, «тегін білім» ұғымының орнына «ақы төлемей, білім алуға кепілдік беріледі» деген нақты норма енгізілді. Бұл норма білім беру саласындағы әлеуметтік кепілдіктерді күшейтіп, азаматтардың сапалы білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Бұған қоса жаңа Конституция экономикалық өсімді қамтамасыз ететін институционалдық негіздерді де қамтиды. Ата заңда арнайы құқықтық режімдер енгізу арқылы инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және технологиялық кластерлерді дамыту мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтуге болады.

Кірістер өсумен бірге білімге және дағдыларды дамытуға салынатын инвестициялар күшейеді, бұл адам капиталын нығайтып, экономиканың ұзақмерзімді әлеуетін арттырады. Жаңа Конституция тұрғысынан алғанда, мемлекетімізге аталған тетіктер экономиканы әртараптандыру мен еңбек нарығын кеңейтуге арналған институционалдық негіз болмақ. Жаңа салалар мен өсу орталықтарының дамуы жұмыс орындарының пайда болуына, кірістің өсуіне әрі экономиканың тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді. Азаматтарға кәсіптік тұрғыдан өзін-өзі дамытуына кең мүмкіндіктер қалыптастырады, сондай-ақ келесі ұрпақ қамының экономикалық келешегін айқындайды.

Жалпы, жаңа Конституция еліміздің саяси-құқықтық жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын жоғарыда айттық. Ата заңдағы адам құқықтарының басымдығы, құқықтық кепілдіктердің күшеюі, цифрлық дәуір талаптарының ескерілуі, экономикалық дамуға арналған жаңа мүмкіндіктер осы құжаттың басты артықшылықтары ретінде елімізді заманауи әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптастыруға жол ашады.

15 наурыз күні жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мемлекеттік мереке – жаңа Конституция күні болып белгіленді. Алайда Конституцияның өзі 1 шілдеде күшіне енетін болады. Дәл осы күні 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтатылады. Яғни жаңа Конституция күнімізді 15 наурызда атап өтеміз.

      Наргиз ТАИПОВА,

аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасы

 басшысының орынбасары

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Ата заң – кез келген мемлекеттің басты құжаты, оның құқықтық негізі мен қоғамдық өмірінің …