Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бірінші басымдықтың үшінші кешенді міндеті – еңбек нарығын жаңғырту болып табылады. Осыған орай халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында 2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүзеге асырыла бастады. Аталмыш бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті, дағдыларды меңгерудің тиімді жүйесін және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда ауданымызда бағдарлама арқылы жұмыс бастап, қызығушылық танытып жатқандар да аз емес.
Бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Оның ішінде еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер және дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту міндеттерін көздейді. Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Яғни «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қалалар мен ауылдарда микрокредиттерге кепілдік беру сияқты міндеттерді іске асыруды көздейді. Ал үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Бұл – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру міндеттерін жүзеге асыруды көздейді. Бұл ретте аудандық жұмыспен қамту бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары біршама. Жоғарыда аталған бағыттар бойынша жүйелі, әрі нақты шаралар жүргізіліп, кәсіпке ниетті азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасының аясында оқытып, сертификаттарын табыстап, несиелерін рәсімдеп келеді. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Болатбек Солтанбаевтың айтуынша, аталмыш бағдарламамен оқуға, кәсіпкер атануға ниетті аудан тұрғындары ауылдық округ әкімдігі, аудандық кәсіпкерлер палатасы және жұмыспен қамту орталығы арқылы ұсыныстарын жасап, құжаттарын өткізгендердің саны 360-қа жеткен. Олардың ішінен іріктеліп тіркелгендер 188 болса, «Бастау Бизнес» жобасының бірінші, екінші, үшінші кезеңінде оқып сертификат алғандар 136 адамға жеткен. Қазіргі таңда төртінші кезеңге 23 адам оқуға жіберіліп, 42 адам несие алуға құжаттарын өткізіп, барлығы 140,4 миллион теңге мақұлданған. Бұлардың ішінде мал бордақылау және өсіруге, балабақша салуға, кәсіпкерлікпен айналысуға несие алғандар бар. Несие берудің шарты бойынша тағы да үш бағыт көзделген. Ауылшаруашылық (мал, бақ өсіру, диқаншылық), өндіріс (тұрмысқа қажетті шикізат шығару, өңдеу), халыққа қызмет көрсету (балабақша, кафе, асхана) сияқты жұмыстармен айналысады. Ендігі уақытта кәсібін өрге домалатып, жұмыс бастағысы келетін, несие алуға үміткерлердің саны 146 адамды құрайды. Алдағы уақытта бұлардың барлығының ойлағандары жүзеге асар болса, ауданның экономикасына, дамуына, ілгерілеуіне біршама септігін тигізер еді деген болжам да, сенім де бар.
Несие берудің тағы бір ерекшелігі жеке кәсіпкерлікпен және шаруа қожалығымен айналысқанына үш жылдан астам уақыт болған жағдайда сертификат қажет етілмейді. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстың одан әрі жандануына, дамуына, өркендеуіне берілетін көмек көрінеді. Микрокредит беру қағидасына байланысты жұмыссыздарға, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар ретінде пайдаланылады. Яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына ісін жаңа бастаған немесе кемінде үш жылды құрайтын кәсіпкерлер, ауалшаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелері жатады. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Бекболат Солтанбеков екінші деңгейдегі банктер беретін микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларының жалпы ережесі жайында түсінік беріп өтті. Оның айтуынша, кепілдік беру жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық қолдау құралы болып табылады және бағдарлама шеңберінде қаржыландырылатын кредит, микрокредит ресурстарына кәсіпкерлердің қолжетімділігін кеңейту, қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Яғни банктік қарыз шарты – банк пен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім. Демек кепіл қою арқылы кәсіпкер болатын немесе болған азамат сұраған қаржысына қол жеткізе алады. Сонымен қатар ісін жаңа бастағандар үшін кепілдік мөлшері кредит сомасының 85 пайызын құраса, кәсіпкер 15 пайыздан кем болмайтын кепілдікпен қамтамасыз етуі қажет. Ал бұрыннан кәсібін бастап кеткендер үшін кепілдік мөлшері кредит сомасымен 50 пайыз болса, жеке кәсіпкер кепілге 50 пайызды құрайтын мүлкін қоюы қажет.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер жетерлік. Бұл елдің дамуы жолында біршама жетістіктерге жетелеп, экономиканы қарыштатуға зор мүмкіндік береді. Осыған орай жыл сайын ауданымызда да кәсіпкер атанғысы келетін азаматтардың саны артып келеді. Биыл «Бастау бизнес» жобасының аясында оқып, қаржыларын қолына алып, халықтың игілігі үшін іс атқаруға бел сыбана кіріскен аудан азаматтарының пікірін тыңдаған едік.
ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ
Рахматулла ИСМАИЛОВ, Үлкен Ақсу ауылында жаңа кәсібін ашушы:
– Елбасымыздың салиқалы саясатының, кәсіпкерлікті қолдауының, даңғыл жол ашуының арқасында қарапайым халыққа жұмыстың түр-түрі ашылуда. Ерінбеген жанға атқарар жұмыс та, жүзеге асырар іс те жетерлік. Осы жылы аудандық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» жобасы аясында бір ай оқыдым. Қолыма сертификат алып, аудандық жұмыспен қамту бөліміне бардым. Ондағылар маған жол көрсетіп, мен құжаттарымды өткізіп 5,9 пайызбен 3 миллион теңге қолыма тиді. Мұндағы менің мақсатым – балабақша ашып, туған ауылымдағы бүлдіршіндерге бақыт, олардың ата-аналарына шаттық сыйлау. Міне қазіргі таңда құрылыс жұмыстары да жүйелі, әрі сапалы жүргізіліп келеді. Ең бастысы істеген істі қолға алып, алдыға мақсат пен міндет қойған абзал. Несие аларда барлығы да тек заң бойынша жүзеге асырылатындығына көзім жетті. Осындай жақсылық жасап жатқан Елбасымызға, еліміздің өркендеу, өсу, даму жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтарымызға рақметімді айтамын.
Зарина МОЛОТОВА, Шонжы ауылының кәсіпкері:
– Елімізде кәсіпкерлікті қолдау жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Бұл тек кәсіпкер атануға ғана емес азаматтарды жұмыспен қамтуға да септігін тигізері сөзсіз. Осы орайда мен де өз ісімді ілгерілету үшін «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқып, несие алдым. Кафе салып, ішіндегі құрал-жабдықтарына 9 миллион теңге қаражат алдым. «Несие алу барысында қиындықтар болады» деген сөздің жалған екендігіне көз жеткіздім. Жұмыстардың барлығы ешқандай кедергісіз, белгіленген заң бойынша жүзеге асырылды. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары аяқталса, аудын тұрғындарын жұмыспен қамтимын. Әр игі істің ізгілігі де аз емес. Тек жүйелі жұмыстың жоспарын құрып, мемлекет белгілеп берген шарттарды орындаса болғаны. Халықтың игілігіне қызмет етіп, өз кәсібім арқылы ауданның экономикасына да үлесімді қосамын деген ойдамын. Елді алға бастаған Елбасымызға, жағдай жасаған мемлекетімізге рақмет.
Талғат ШӘЛІМБЕКОВ, болашақ кәсіпкер:
– Ауылшаруашылығын дамыту – басты мақсатым. Атакәсібіміз – мал шаруашылығы болғандықтан мал өсіруді алға қойдым. Осылайша «Бастау Бизнес» жобасы аясында бірінші кезеңде, бір ай оқып, тұрғын үйімді кепілге қойып, 4 миллион теңге алдым. Әрине, құжат жинап, талай есікті қағып, жан-жаққа жүгіруге тура келді. Бірақ, еңбексіз табыстың болмасы анық. Сондықтан құжат жинап шаршадым деп қолды бір сілтеуді еріншектің ісі деп танимын. Алдағы уақытта ауыл әкімдері тарапынан осы істі түсіндіру жайын жандандыра түссе деген ойым бар. Болашақта мал шаруашылығын өркендетіп, ауданға өзіндік үлесімді қосамын деген ойдамын. Мемлекеттен беріліп жатқан көмекке, жақсылықтарға дән ризамын. Армандаған, ойға алған жоспарлардың барлығын жүзеге асыруға елімізде жағдай жасалған. Бұл жұмыссыздықтың азаюына, кәсіпкерліктің дамуына ашылған даңғыл жол деп ойлаймын. Болашақта қуатты мемлекеттердің қатарынан көрініп, алғашқылардың сабында көш бастап тұру үшін де, эканомиканың алға ілгерілеуі жолында да шағын және орта бизнес септігін тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан да қарапайым халықтың кәсіпкер атануына жол ашқан мемлекетімізге, Көшбасшымызға алғысым шексіз.
Думан Сартбаев