КӨК ТҰМАР

0
1,387

Бахардағы жаңа бақ
Жыл сайын ауданымызда кәсіпкерлікпен айналысып, шағын кәсіпті серік етушілер саны артуда. Өткен жылы ғана мың гектардан астам аумаққа бақ отырғызылып, облыс көлемінде алғашқы орыннан көріндік. Онымен қоса ірі қара мал басын асылдандыру, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары аясында да мемлекеттің көмегін алып, өз ісін дөңгелетушілер жетерлік. Күн санап артып та келеді олардың қатары.
Осыдан біраз уақыт бұрын Бахар ауылдық округіне қарасты аумақта орналасқан «Көк тұмар» ЖШС-ның жұмысымен танысу үшін арнайы барып қайтқан болатынбыз. Еңбектің қызу майданы жүріп жатқан алаңда көгерген жас талдар менмұндалайды. Көз ұшына созылған аумақта не жоқ дерсіз. Жас көшеттерге қарап ерекше күтіммен, зор ынтамен жасалғанын бірден аңғаруға болады. Тіпті әрбір талдың түбі қопсытылып, тыңайтқыштар себілген. Саптағы сарбаздай рет-ретімен отырғызылған. Бізді қарсы алған серіктестік директоры Саламат Кулманов мұндағы жұмыстың жай-жапсарымен толықтай таныстырды. Осыншама қыруар жұмыстың қай уақыттан басталғанын білгіміз келді әуелі. Әңгімесін әріден бастаған Саламат өткен жылғы осы аумақтың жағдайының қандай болғанын сөзбен айтып жеткізе алмайтынын айтты. 2016 жылы банкте кепілде жатқан жерді алуға бел байлаған азамат ауданымызға келіп, жердің жайымен танысады. 2011 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген жан өзіне ұнаған 200 гектар жерді сатып алуға бел байлайды. Басшыларымен ақылдаса отырып, аудан аумағынан 699 гектар жерді алады. Атап айтсақ, Ұзынтам, Шырын, Шарын, Тасқарасу ауылдарына қарасты аумақтарда да бірқатар жерлері бар екен. Бірақ оның барлығында жұмыс жасаудың мүмкін еместігін де ашып айтты серіктестік басшысы. Өйткені ол аумақтың бірқатары орман, тоғайға айналып, ит тұмсығы өтпейтін жыңғыл болған. Тіпті су басып тұрған жерлер де жеткілікті. Сол себепті әуелі соның 80 гектарын пайдалануды мақсат етеді. Ал биылға тек 40 гектарын ғана тазартып, пайдалануға мүмкіндіктері болған екен. Мұндағы көшеттердің бәрі Польша мемлекетінен әкелінген. Әрі сол елдің азаматы келіп, ол көшеттерді отырғызу мен күтіп-баптауға қолғабыс етеді. Арнайы мамандардың көмегімен бірнеше рет топырақ құрамына зерттеу жүргізіледі. Жерге жеткіліксіз фосфор, магний сынды тыңайтқыштарды әкеліп, жер құнарын арттыруға жұмсайды. Бүгінде бірнеше жүк көлігімен әкелінген көшеттердің барлығы отырғызылып, өз бабымен күтілуде. 36 гектар аумаққа жемістің түр-түрі отырғызылған. Атап айтсақ, 1,75 гектарға қарлыған (крыжовник), 3,5 гектарға қарақат (смородина), 8,75 гектарға таңқурай, 3,5 гектарға қара бүлдірген (ежевика), 0,30 гектарға абрикос, 0,50 гектарға алма, 9 гектарға қараөріктің бес түрі, 6,6 гектарға шие, алша ағаштарын, 0,50 гектарға алмұрт көшеттерін тіккен. Мұның ішінде 3 жылда, 5 жылда жеміс беретін сорттар да бар екен. Шетелден келген мамандар көшеттердің жерсінуіне барын салып еңбек еткен. Оған қоса жергілікті тұрғындар арасынан да жұмысшылар жалдаған. Ауданымыздың бірқатар азаматы бірнеше айдан бері осы бақтан нәпәқасын тауып отыр. Оларға 60-70 мың көлемінде жалақы да төленеді екен. Онымен қоса зейнетақы жарнасы, салықтары бәрі де заңдастырылған. Бүгінде мұнда барлығы 15 адам еңбек етуде. Оның екеуі басшылық қызметте болса, екі күзетші, 6 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар бес жалдамалы жұмыскер тер төгуде. Алдағы уақытта жеміс бағы өнім бергенде бұл сандардың еселеп артарына кәміл сенімді Саламат Кулманов. Ал ауданымыз үшін азаматтардың жұмыспен қамтылғаны әлеуметтік жағдайымыздың әупірімдеп көтерілгені болмақ. Саламаттың айтуынша, басшылардың бәрі қарамағындағы қызметкерлерге жақсы көзқараспен қарайды. Өйткені негізгі еңбек сол дала қосынында жүрген азматтардікі деп бағалайды.
Біз жас бақтың ішін аралап келе жатқанымызда алыстан атқақтаған суды көзіміз шалды. Бұл турасында бізге серіктестік директоры былайша түсіндіріп берді. «Біздің әу бастағы мақсатымыз бақты тамшылатып суғару әдісімен өсіру болатын. Бірақ арнайы техникалардың біршама уақытқа кешігуіне байланысты бүгінгі күнде жаңбырлатып суғару әдісін пайдаланудамыз. Бірақ қазіргі күнде тамшылатып суғару әдісіне арналған заттарымыз толықтай келді. Енді орналастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біраз күнде қайта келсеңіздер тамшылатып суғару технологиясын пайдаланатын боламыз», – деді. Расымен араға біраз күн салып, арнайы мамандарымыз «Көк тұмар» серіктестігінің бағына қайта барғанда тамшылатып суғару әдісі жолға қойылып қойған екен. Биыл көктемде ғана жұмыс бастаған бұл шарушылық аз уақыт ішінде сол маңға токты айналдыратын аппарат, яғни трансформатор қойған. Бассейн жасап, каналдың суын жинастырған. Сол арқылы суды сорғымен тартып отырған. Мұнда келетін арнайы қонақтар мен тұрақты жұмыскерлер үшін үй салынған. Үйдің құрылысы толық аяқталмаса да, біз жұмысшыларға жасалып жатқан жағдайдың жақсы болатынын аңғардық. Сонымен қатар серіктестік басшысы алдағы уақытта жұмыскерлер үшін арнайы демалатын орындар жасап, жуынатын жерлерді де ойластырып қойғандықтарымен бөлісті. Жеміс бағын күтіп баптау, әрине, оңай шаруа емес. Сондықтан да мұның бәрі жұмыс жасайтын әрбір азаматтың еңбекке деген құлшынысын арттыру мақсатындағы шаралар екенін баса айтты. Сонда ғана жұмыста сапа, еңбекте өнім болмақ.
Отарда туып өскен Саламат бақ өсірумен 2011 жылдан бері айналысып келеді екен. Басшысының ұсынысымен Балқаш ауданына барып, бақ өсіреді. Оның талабы мен еңбекқорлығын, жауапкершілігін аңғарған басшылар оны осы серіктестікке директорлыққа тағайындайды. «Осы күнге дейін талай жұмыс жасадым. Әскерден келген соң сатушы да, қатардағы қарапайым жұмысшы да болдым. Қара жұмысты да істедім. Негізгі мамандығым – қаржыгер. Бірақ жаныма жақын кәсіпті сол Балқаш ауданына барғанда тапқандаймын. Қазір әрбір отырғызылған ағаш менің жаныма жақын. Солардың өскеніне, жеміс беріп жайқалғанына қарап, өз жұмысымнан ләззат алам. Әрине, қалаға барып, қасқайып, бір орынтақта отыруға да болар еді. Бірақ менің қалауым – жермен тіршілік ету», – деп ағынан жарылған азамат бізге көп жылғы жеміс ағаштарын аралатып әрқайсысының қыры мен сырын таныстырды. «Біз бақ отырғызуды қолға алған сәттен бастап мамандар жайын ойластырдық. Қабілетті әрі өз ісінің білгірлерін тартуға тырыстық. Көшеттеріміздің барлығын Польшадан әкелгендіктен поляк азаматтарын шақырдық. Онымен қатар француздар да көмек қолын созуда. Мұндағы негізгі мамандардың бірі ­­– Руслан деген азаматымыз. Өзі ағылшын, итальян тілдерін жетік біледі. Техниканың құлағында ойнап, қыры мен сырын толық меңгерген. Міне осындай мықты мамандар арқылы біз жұмысымыздың жемісін көрмекпіз», – деп өз ойымен бөлісті.
Бақ аумағында техниканың да түр-түрі бар. Олар 2 данадан МТЗ-892,2, МТЗ-320,4, бүріккіш, өсімдік отырғызатын машиналар, тыңайтқыштар шашатын құрылғылар болса, 3 данадан бұталарды кесетін аспап, жаңбырлатып су себетін машина. Әр техниканың атқаратын қызметіне дейін тәптіштеп түсіндірген кейіпкеріміз болашақта басқа да жеміс түрлерін отырғызып, бақ көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғандықтарын жасырмады. Әрине, жеміс сорттарын өсіру халық шаруашылығы үшін өте зор. Қазақстан аумағында жеміс өсімдіктерін егу өте ерте уақытта басталған деседі. Тіпті XIII ғасырдың бас кезінде Іле Алатауының етегінде болған саяхатшылар осы күнгі Алматы қаласының маңайында орналасқан елді мекендердегі алма, алмұрттың сорттарын барын жазған. Елімізде 1930 жылдан бастап Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік институты алма, алмұрттың жаңа сорттарын шығарды. Жеміс-жидек ағаштарын суарылмайтын жерлерде өсірудің агротехникасын жасау, жабайы өсетін жеміс ағаштарын игеру және тағы басқа маңызды мәселелер зерттеліп шешілді. Осылайша қазіргі кезде еліміз жеміс шаруашылығының экономикасынан жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Әсіресе, түгін тартсаң, майы шығатын біздің ауданымыз үшін жеміс шаруашылығын дамытуға барлық жағдай бар. Топырағымыз құнарлы, ауа райымыз қолайлы. Тек тер төге білу керек.

Бақтың бар шаруасымен таныстырып, әрі істі жіктеп айтып, әр талдың ерекшелігін екшеп көрсетуге тырысқан кейіпкеріміздің табиғатты мейлінше сүйетініне, жан-дүниесінің сұлу екеніне тәнті болдық. Рухани байытып-ақ тастайды. Таза ауада еңбек етіп, табиғат сырына қанық қарапайым жаннан біздің үйренеріміз көп екен. Ал маңдай тері сорғалап, еңбек етуге талпынған адамды Жер-ана да құралақан қалдырмайтынына біз осы жүздесуде нақ көз жеткіздік.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…