Басты бет Әлеумет БАЛАҢЫЗ НЕ КӨРІП, НЕ ТЫҢДАП, НЕ АЙТЫП ЖҮР?!

БАЛАҢЫЗ НЕ КӨРІП, НЕ ТЫҢДАП, НЕ АЙТЫП ЖҮР?!

0
174

«Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Мына өмірден бейхабар, жаңа туған…» Сәбилік  шақ – адам  баласының ең таза, ең аңғал әрі ең бақытты кезеңі. Сол бір алаңсыз шаққа ересектер неге қайта-қайта орала береді? Себебі, ол – қайтып келмейтін, бірақ жүректен еш кетпейтін ғажайып уақыт.

Кезінде ауылда асыр салып ойнап, саз балшықтан қала тұрғызып, жалаңаяқ құм кешіп өскен ұрпақ едік. Әр мезгіл – қуанышқа, әр таң – үмітке толы еді. Күзде жапырақ теріп, қыста аққала жасап, көктемде жалауша іліп, жазда құдыққа суға түсу – осының бәрі ұмытылмас естелік.  Бүгінгі ересек адам сол балалықтың шаттығын сағынады. Бірақ ол енді ертегіге айналған шындық.

Ал қазіргі  сәбилік шақ мүлде басқа сипат алды. Баланың досы – компьютер, тәрбиешісі – теледидар,  ермегі – смартфон. Ата-аналар баласының тыныштығы үшін оны гаджетке қаратып қоюға бейіл. Алайда бұл тым қауіпті әдет. Психологтар зерттеуі көрсеткендей, ұзақ уақыт теледидар көру немесе смартфон пайдалану баланың жүйке жүйесіне, есте сақтау қабілетіне, ойлау мен тіл дамуына кері әсер етеді. Сьюзен Джонсон есімді америкалық ғалымның сөзіне жүгінсек: «Баланың жанары адам жүзін көруге жаратылған. Нағыз тыныштық – ата-анамен бірге өткізген уақыт».

Жасыра алмаймыз – бүгінгі кей бүлдіршіннің сөздік қорынан дөрекі, балағат сөздер естіп қаламыз. Бұл – қоршаған орта мен ата-ананың бақылауындағы осалдықтың көрінісі. «Баланың тәрбиесі – ата-ананың айнасы» екенін ескерсек, кінәні өзгеден іздеудің қажеті жоқ.

«Бала – аманат.  Оның тәрбиесі құрсақтан басталады. Ана бойына бала біткеннен бастап оның тыңдайтыны, көретіні, сөйлейтіні – бәрі болашақ ұрпақтың бойына жазылады. «Бес жасқа дейін алған тәрбие – бүкіл өмірдің 90 пайызы» дейтін зерттеу бар. Сондықтан баланың сәбилік шағы – рухани іргетас. Не ексең, соны орасың»,  – дейді педагог-психолог Дана Кеңесқызы.

Оның айтуынша, бүгінгі балалардың психикасы жиырма жыл бұрынғы баламен салыстыруға келмейді. Себебі қазір ақпараттық ғасырға аяқ бастық. Смартфон мен компьютер – баланың жаңа әлемі. Ойын арқылы қатыгездікке бой алдырған бала шынайы өмірде де агрессияға бейім болып барады. Бұл – болашақ үшін алаңдатарлық белгі.

Ойын – баланың дамуы үшін маңызды құрал. Ұлы Абай айтқандай: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» Баланың шығармашылығы, еңбекке икемі, тілі мен ойлауы – бәрі де ойын арқылы дамиды.

Кезінде баланың бос уақыты қиялмен, әңгімемен, қолөнермен, кітаппен өтетін. Бүгінде сол қиял экранға тәуелді. Әттең, ертегі тыңдамай өскен бала – ертең рухани мүгедекке айналуы мүмкін. Бұл – Бауыржан Момышұлының сөзі.

Балалық шақ – көз алдымызда өтіп жатқан болашақ. Бүгінгі сәби – ертеңгі ел иесі. Егер баланың жан дүниесін техника билеп, табиғи тәрбие қалып қойса, келешекке алаңдамасқа болмайды. Ендеше, әр ата-ана бір сәт: «Балам не көріп жүр?  Нені тыңдап жүр? Не айтып жүр?» деп ойлануы тиіс. Себебі сол сұрақтардың жауабы – ертеңгі қоғамның бет-бейнесі болмақ.

С.Базарқұлова

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

БІЗ БУЛЛИНГКЕ ҚАРСЫМЫЗ

Бүгінгі таңда жастар арасында әртүрлі қылмыстық әрекеттер, зорлық-зомбылықтар туралы жиі а…