Балаң теледидарға телміріп, ішек-сілесі қатып күліп отыр. Қуанасың. «Көңілді болып отыр ғой» деп өзің де мәзсің. Бірақ бір сәт ойланып көрдің бе – ол неге күлді, не көріп отыр?
Бүгінгі балалардың күнделікті көретін мультфильмдері көңіл көтеруге арналса да, оның астарында қандай ой жатқанын екінің бірі аңғара бермейді. Шындығында, қазіргі мультфильмдердің бір бөлігі бала түгілі ересектердің де есін шығаруы мүмкін. «Скибиди», «Кисси Мисси», «Хагги Вагги»… Аты қызық. Бейнесі тіпті қызығырақ. Бір қарағанда күлкілі, қимыл-қозғалысы көңілді, бірақ ішкі мазмұнына үңілсең – балаға емес, қорқынышты фильмге көбірек ұқсайды. Сонда біз балалардың санасын күлкіге көмкереміз деп, қатігездікке ұрындырып жатқан жоқпыз ба?
Балалар психиатры, медицина ғылымдарының кандидаты Ж.Сейтқұлқызы: «Бала 6 жасқа дейінгі кезеңде көрген дүниесін санаға жинайды. Бұл жас – негіз қалаушы кезең. Мультфильм – оның ішкі әлеміне тікелей әсер ететін негізгі фактор. Қазіргі кейбір бейнелерде айғай, үрей, күлкі арқылы жасырулы зорлық-зомбылық элементтері кездеседі. Бұл – аса қауіпті», – дейді.
«Қазақ мультфильмдері жоқ» деу – әділетсіз. Бар. Бірақ, көбінде бір нәрсе жетіспей тұрады. Бірінде идея әлсіз, енді бірінде техникалық сапа төмен. Бірі тым күрделі, бірі тым қарабайыр. Ал енді бірі мүлде бала көретін дүние емес. Сөзіміз дәлелді болсын, 2016 жылы Azia Animation түсірген «Ер Төстік» мультфильмінің бір эпизодын еске түсірейік. Ерназар аңнан бала тауып алып, бәйбішесіне: «Осыдан тамақ жасап берші», – дейді. Бәйбішесі: «Ол бала ғой!» – десе, Ерназар: «Қозы да қойдың баласы, оны да жейміз ғой», – деп жауап береді…Түсініксіз, тіпті ақылға сыймайтын диалог. Бұл арқылы не айтылмақ? Не үйретпек?
Бір кездері қазақ анимациясы дегенде Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Алдар көсе», «Тазша бала», «Мәншүк» сияқты көркем дүниелер ойға оралатын. Қазір де жақсы мультфильмдер бар: «Мұзбалақ», «Қобыланды», «Ер Төстік және Айдаһар» секілді. Бірақ олардың жарнамасы әлсіз, насихаты жоқ. Телеарналарда сирек көрсетіледі, интернетте «алгоритм» оларды ысырып тастайды. Нәтижесінде сапалы контент көрінбей қалып, желіде жеңіл-желпі, түсініксіз мультфильмдер алға шығып кетеді
Мәдениеттанушы А. Ерболқызы: «Бүгінгі ұрпақ «Хагги Вагги» көріп өсті, ертең ол кім болады? Біз ұлт кейіпкерлерін, ұлттық мінезді мультфильм арқылы таныта аламыз. Бірақ ол үшін ұлттық саясат, мемлекеттік қолдау керек. Анимация – жай өнер емес, идеологияның құралы. Бұл құрал кімнің қолында – сол жеңеді» дей келе, балалар көріп жүрген мультфильмдердің мазмұны саралануы керек екенін айтады.
Маман пікірінше, әр мектепте, балабақшада арнайы мультфильмге арналған көркемдік-танымдық сағаттар болуы тиіс. «Мультфильм жасау – бизнес емес, миссия екенін түсінетін уақыт жетті. Ата-аналар мен тәрбиешілер мультфильмді «тыныш отыру құралы» емес, «тәрбие құралы» ретінде қарауы қажет», – дейді ол.
Балаңыз не көріп жүр? Сол мультфильмге қарап, оның болашақ болмысы қалыптасып жатыр. Экран – жай әйнек емес, баланың жан-дүниесіне тікелей әсер ететін айна. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір педагог, әрбір шығармашыл адам – осы жолда бейжай қарамай, мойнына жауапкершілік ала білсе, бүгінгі баланың ертеңгі образы әлдеқайда айқын, шынайы, ұлттық болмысқа сай қалыптасар еді. Ал, бұл жайлы Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
С.БАЗАРҚҰЛОВА
