Іле ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «SAGADAT BATYR VI» халықаралық турнирі өтті. Ауқымды спорттық іс-шараға еліміздің әр өңірінен және шетелден келген спортшылар қатысып, өзара бақ сынасты.
Турнирдің құрметті қонақтарының қатарында әлеуметтік желіде 6 миллионнан астам оқырманы бар танымал блогер Нұргелді Кердеш те болды. Ол жастармен кездесіп, спорттың адам өміріндегі маңызы, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтары туралы пікір алмасты.

Іс-шара Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – жастарды зиянды әдеттерден, оның ішінде нашақорлықтан сақтандыру, спорт арқылы дұрыс өмірлік бағдар қалыптастыру және белсенді азаматтық ұстанымды дамыту.
Мамандардың айтуынша, есірткіге қарсы күрестің ең тиімді жолдарының бірі – жастарды спортқа, білімге және қоғамдық белсенділікке тарту. Осы тұрғыда халықаралық турнирлер жасөспірімдер мен жастар үшін маңызды тәрбиелік алаңға айналып отыр.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың бойында тәртіп, табандылық, отансүйгіштік және жеңіске деген ұмтылыс қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бүгінде заңға құрметпен қарап, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы ортақ міндет. Ал спорт жастарды жарқын болашаққа жетелейтін сенімді жол болып қала береді.
