Басты бет Әлеумет АҚША ҰТҚАН ЕМЕС, АҚЫЛЫНА ИЕ БОЛҒАН АДАМ ҰТАДЫ

АҚША ҰТҚАН ЕМЕС, АҚЫЛЫНА ИЕ БОЛҒАН АДАМ ҰТАДЫ

0
257

«Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» демекші, бүгінде жастар арасындағы «жолымды букмекер ашады» деген үміті – талай тағдырлың үзілуіне себеп болуда. Ұтыс – арман, ұтылыс – шындық. Өкінішке орай, елімізде бас тігу ойындары ойыннан  гөрі әлеуметтік дертке айналуда.

Жарқ-жұрқ еткен жарнамалар, «тек бүгін ғана жеңесіз!» деген  жалған ұрандар – букмекерлік кеңселердің басты қаруы. Ал олардың  қарамағына іліккендердің басым бөлігі – жасөспірімдер мен жастар. Психолог мамандар бұл құбылысты «лудомания» деп атайды, яғни, ойынға тәуелділік. Бұл кәдуілгі нашақорлықпен бірдей. Бір мәрте ұтқан адам  екінші ұтысты күтеді. Ұтылған сайын қайта салады. Ақырында отбасын, жұмысын, денсаулығын, кейде өмірімен қош айтысуға дейінгі қадамға барады.

Елімізде жүзден аса букмекерлік кеңсе жұмыс істейді екен. Ал бейресми деректер бойынша  бір күнде бір кеңсенің өзінде мыңнан астам адам ұтыс тігіп, бәс тігу бәйгесіне қатысады. Сарапшылар пікірінше, ойыншылар  арасынан 100 000-нан көп ақшасын желге ұшырғандарды кездестіруге болады. Дей  тұрғанмен, букмекерлік кеңсенің тұрақты қонақтарының көпшілігі бәс тігуді құмар ойындар қатарына жатқызбайды. Себебі  олар мұндағы  жеңіс әр адамның спорт саласындағы білімі мен білігіне байланысты дегенді алға тартады. Ақша жүрген жерде  айла таусылсын ба, бүгінде букмекерлік кеңселер бастапқы бет-бейнесін жоғалтып, адамдарды алдау орталығына айналды. Мысалы, белгілі бір команданың жеңісіне бәс тігушілер саны көп делік және  оның жеңісі айдан анық. Осындай жағдайда букмекерлік кеңселер сол командамен өзара келісіп келеді екен. Ал ел сенген команда ойда-жоқта жеңілістің ащы дәмін татады. Бұндайда көптеген адам  қалтасындағы қомақты қаржыдан қағылады. Ал букмекерлік кеңселер түскен пайданы  спортшылармен бөлісіп алып,  жүре береді. Осыған байланысты Сенат депутаттарының бірі «Букмекерлік кеңселер халықты қанауда. Оларды  жарнамалауға тыйым салу керек» деген еді.  Конституцияда да құмар  ойындарынан келетін зиянды ескерту мен оның алдын алуға бағытталған заң жүзіндегі қадамдар бар. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Керісінше құмарлыққа құныққандар  саны күн санап артуда.

Бұл мәселеге алаңдаған  мамандар: бәс тігу табыс көзі емес, тәуекелдің терең тұңғиығы екенін айтады. Егер қоғам бұл мәселеге енжар қараса, келешек ұрпақ ұтыстың емес, ұтылыстың құрбанына айналмақ. Ендеше,  ақша ұтқан емес, ақылына ие болған адам ғана ұтатынын естен шығармайық.

 МАМАН  ПІКІРІ

Назгүл СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ, психолог: «Букмекерлік тәуелділік –  тек қаржылық мәселе емес. Бұл – адамның өмір салтын бұзатын, отбасыны күйрететін, өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаратын күрделі психикалық дерт».

***

Айгүл ТҰРАРҚЫЗЫ, әлеуметттанушы: «Букмекерлік кеңселер – бұл тек құмарлық емес, әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі. Көп жағдайда жастар жұмыссыздықтан, өмірлік бағыт-бағдары болмағандықтан немесе жылдам байығысы келіп, бәс тігуге ұрынады. Бұл – қоғамда мүмкіндік пен үміттің әлсісздігін аңғартатындай. Біз тек ойынмен емес, соған итермелейтін себептермен де күресуіміз керек».

С. БАЗАРҚҰЛОВА

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Қоғамдық жолдарда мотокөлік құралдарын пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістер

2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресми…