Бұрын-соңды «жасөспiрiмдер өзiн-өзi өлтiрiптi» деген суыт хабарды құлағымыз шалмайтын-ды. Ал соңғы жылдарда пәленшенің баласы асылып өліпті, түгеншенің қызы өзіне қол жұмсапты деген сарындағы өне бойыңды тітіркендірер азалы хабарға елдің құлағы үйрене бастағандай ма, қалай?! Әсіресе, жасөспірімдердің өзін өлімге қию деректерінің көбеюі жүрек шошытады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2023 жылғы деректеріне көз жүгіртсек, әлемде жыл сайын 700 мыңға жуық адам суицид жасайды, яғни әр 40 секунд сайын бір адам өмірімен қош айтысады. Бұл ресми тіркелген сандар, ал тіркелмегені қаншама. Бұл тұрғыда еліміз өкінішке қарай алдыңғы орында тұр. Яғни, суицид бойынша әлем елдерінің ішінде алғашқы ондыққа кірген. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында бұл көрсеткіш жоғары.
Психолог мамандардың пікірінше, суицидке итермелейтін бір ғана себеп жоқ. Бұл – түрлі факторлардың жиынтығы. Әсіресе, психологиялық әлсіздік, күйзеліс, жалғыздық, қоғамнан оқшаулану негізгі триггерге айналады. Қазіргі жастарда эмоционалдық қолдаудың жетіспеуі, ата-анамен байланыстың әлсіздігі өз мәселесін бөлісетін ортаның болмауы да үлкен рөл ойнайды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі «романтикаландырылған» өлім культі де үлкен қауіп».
Мамандардың айтуынша, кез келген адам суицидке бейім болуы мүмкін, бұл – еріксіз немесе әлсіздік емес, бұл – психологиялық жүктемеден туындайтын тығырық. Сондықтан да мектептерде, жоғары орындарда психологиялық көмек көрсететін орталықтардың жұмысын жандандыру, ашық сөйлесу мәдениетін дамыту, түсіндіру, алдын алу шараларын көбейту аса маңызды. Әр балаға психологиялық тексеріс жасалып, күйзеліс белгілері ерте анықталуы тиіс. Бәрінен бұрын – баламен ашық сөйлесуді, тыңдай білуді үйрену қажет.
Суицидке бой алдыру оқиғалары бұрын да болған шығар. Алайда соңғы жылдарда қайғылы жағдайлар жиі тіркелетін болды. Негізі, әр нәрсе себеп салдарсыз болмайды. Нелiктен қоғамда балалардың өзiне-өзi қол жұмсау оқиғалары жиiледі? Мүмкін батыстанып баратын жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесін уыстан шығарып алдық па?Әлде баланың бетін қақпай өсуі керек деген кейбір ұлттың бізге жат тұрмыс-салтын бойымызға сіңірдік пе? Қалай десек те, санамызды сансыз сауал тұншықтыратыны анық. Мәселен, осыдан үш бұрын колледжде оқып жүрген 17 жастағы Самал (Е) есімді қыздың лекция кезінде үшінші қабаттан секіріп кеткені жайлы ақпарат дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Алайда, өрімдей жастың мұндай қадамға баруының себеп-салдарын дөп басып ешкім айта алмады. Ал курстастарының сөзінше, сол күні Самал өзін жайсыз сезініпті-мыс. Бұл жайтқа орай білім ошағында оқыған қыздың айтқан сөзі… «Ой, апай, мұндай жағдайлар біздің оқу орнында жиі қайталанып тұрады. Өткен жылы жақын досыммен бірге тұратын қыз жалдамалы пәтерінде асылып қалған еді. Мұндай қадамға барған себебі жігіті тастап, аяғы ауыр болып қалған ғой. Естуімізше, Самал да жігіт үшін осындай қадамға барған сыңайлы» дегенін естіп, жүрек қан жылаған еді. Оның қандай студент болғанын, отбасы туралы сұрап білмек болып білім ошағындағы топ шеберіне хабарласқанда мардымды жауап ести алмадық.
Хакім Абай өзінің қара сөздерінің бірінде: «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі» деген ғой. Жүрек көзі ашылмаған қоғамда ештеңе өзгермейді. Ал бізге керегі – жүректің көзімен көру, адам жанына жанашырлықпен қарау.
Мамандар айтқандай, суицид – жеке адамның қателігі емес. Бұл – біз бір-бірімізді ести алмаған сәттеріміздің салдары. Олай болса, үнсіз қалмайық. Балаға, бауырға, досқа жанымыз ашысын. Себебі әр жан – аманат.
С. БАЗАРҚҰЛОВА