Басты бет Өңір тынысы ӨРІК ПЕН АПОРТ – БИЫЛ ӨНІМ МОЛ

ӨРІК ПЕН АПОРТ – БИЫЛ ӨНІМ МОЛ

0
168

Мектептегі қарбаластан сәл босаған Диірмен орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Илмурат Имамдунов өзінің «Ялкун бақ» атты шаруа қожалығына асығып, жеміс ағаштарына күтім жасау үшін, алдын-ала жоспарланған жұмыстарды атқаруға кіріседі. Оның бағында алты түрлі өрік пен төрт түрлі алма өседі. Солардың ішінде ең бастысы – бағбан жиырма жылдан астам уақыт бойы қайта жаңғыртумен айналысып келе жатқан «апорт» сорты.

Ауданымыздың ежелден құнарлы жерімен, көкөніс, бақша өнімдері және жеміс-жидектің мол дән салатынымен танымал. Құнарлы топырақ пен қолайлы климат жыл сайын аста-төкөнім алуға мүмкіндік береді. Ал ең бастысы – ерінбей, егінбасындағы жұмысқа жыл он екі ай көңіл бөлу.

Агротехникалық талаптарға сай Илмурат көктем сайын бау-бақша құралдарын сайлап, барлық қажетті жұмыстарды атқарады: шөп орып, бақты ылғал мен пайдалы тыңайтқыштармен байытады, ескі, сынған немесе үсіген бұтақтарды қияды, жарамсыз бұта мен бүршіктерді алып тастайды. Осындай қамқорлықтың арқасында бұл жер бағбанды жиырма үш жылдан бері асырап келеді. Бұған қоса, бау-бақшаға қолайлы таулы аймақтың климаты да септігін тигізеді. Мұнда «алтын керемет», «ала алма», «американка» және апорт сияқты алма сорттары, сондай-ақ «құлпы өрік», «ұйғыр өрігі», «гүлкәк», «өзбек өрігі» сияқты өрік түрлері жақсы өсіп-өнеді.

– Бір гектар жеріміздегі бағымыз отбасымыз үшін өте қымбат, – дейді Илмурат.

– 2002 жылы мектептің жоғары сыныбында оқып жүрген кезімде әкеме көмек беріп, осы жерге жиі келетінмін. Әкеммен бірге әрбір жеміс пен жидек түрінің ерекшелігін танып, көшеттерді дұрыс отырғызуды, топырақ өңдеуді үйрендім. Күзде ағаштың тамыр жүйесінің жағдайына байланысты келесі жылғы өнім мөлшері анықталатынын білдім. Өйткені күзде тамырлар жақсы өссе, ағаштың ұлпалары қоректік заттарға байып, оның қысқа төзімділігі мен келесі жылғы өнімділігі едәуір артады.

Бірнеше жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесінде бағбанның отбасы алғашқы өнімін жинап, 3 миллион теңге табыс тапты. Кейінгі жылдары бақ кеңейіп, өрік пен алманың көлемі еселеп артты.

И.Имамдуновтың айтуынша, жеміс-жидектің орташа өнімділігі 6-7 тонна шамасында. Негізгі бөлігі елдің оңтүстігі мен солтүстігіне, сондай-ақ Ресейге жөнелтіледі. Биыл барлық күшті салып, 10 тоннаға дейін алма мен өрік жинауды жоспарлап отыр.

–  Биыл өнім мол   болғалы тұр, – дейді Илмурат сенімді түрде.

– Мүмкін, өзіммен бірге жүрген екі жұмысшы өнім жинап алуға үлгере алмай жатсақ жергілікті тұрғындар мен қажетті техниканы қосымша жұмысқа тартамыз. Барлық жоспарларымыз жүзеге асып, еңбегіміздің жемісін көреміз деген үміттеміз. Келешекте, егер өнімге сұраныс артса, бақ аумағын кеңейтіп, жеміс ағаштарын үсіктен сақтау үшін жабын материалдарды қолданатын жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отырмын.

Болашақта бағбан форель балығын өсірумен де айналыспақ. Тіпті арнайы жобасын да дайындаған. Алайда бұл бастама үшін күш-қуатпен қатар қомақты қаржы қажет. Соған қарамастан, іскер азамат үмітін үзбей, отбасылық бизнестің бұл жаңа бағытын дамыту үшін мемлекеттік қолдауға ие боларына сенеді.

Әсел МҰҚАШЕВА

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ӨНІМ ЕКСЕҢ ӨРІК ЕК, ПАЙДАСЫ ОНЫҢ КӨБІРЕК

            Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында айтулы шара өтті.…