
Сансызбай Сарғасқаевқа – 100 жыл
Өнердің басқа түрлері тәрізді көркем әдебиет адамның ақылына ақыл, сезіміне сезім қосатыны рас. Әдебиеттегі көркем кейіпкерлердің өмірі мен қызметі оқырманға әсер етіп қана қоймай, көп жағдайда идеалға айналып жатады. Балаларға арналған әдебиет өскелең ұрпақты өмірді тануға, білім-ғылым алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, әдеби кейіпкерлерінің тағдырынан өмір тәжірибесін жинақтауға баулиды.
Көркем әдебиет жас оқырманды толық адам ретінде қалыптастыруға, адамгершілік қасиеттерді бойына жинақтауға, асқақ асыл армандарын жоспарлауға, отбасына, адамзат баласына, отанға деген махаббат сезімін, патриотизмін қалыптастыруға, оқуда озат, өмірде алда болуға баулуға міндетті. Мектепте жақсы оқу үшін көп іздену керектігін ұғынған жас ұрпақ өмір үшін күресе білетін күрескер болып қалыптасуы тиіс. Бұл жолда олар Абай айтқан бес асыл қасиетті бойына жинақтап, бес жаманнан қашуға дағдыланады. Абай шығармаларын оқу арқылы «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» бойына жинақтаған өскелең ұрпақ «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» бойын аулақ салуға тырысады. Көркем әдебиеттің негізгі міндеттерінің бірі – тәрбие құралы болса, кез келген қаламгердің шығармаларын оқыған бала сол шығармадан өзіне қажетін алып, жаманынан бойын аулақ салатыны белгілі. Балалар әдебиеті – қазақ халқымен бірге жасап, бірге өсіп келе жатқан рухани сала. Көркем әдебиеттің өзге салалары секілді балалар әдебиеті де өз бастауын ауыз әдебиеті үлгілерінен алады.
Ұлттық әдебиеттің барлық дәуірінде де балалар әдебиеті онымен бірге жасап келе жатыр. Қазақ әдебиетінің тарихында балаларға арнап шығарма жазған қаламгерлерді көп дей алмаймыз. Қазақ балалар әдебиетінің дамуына өз шығармаларымен қомақты үлес қосқан жазушылардың бірегейі – Сансызбай Сарғасқаев. Биыл 100 жылдығы. Оның «Достар», «Бір отрядта», «Жұмбақ қыз», «Үш сурет», «Жақсы аға», «Тәмпіш қара» секілді негізінен жас жеткіншектерге арналған шығармаларын көпшілік жылы қабылдаған, балалар сүйіп оқитын шығармалар қатарынан орын алған. Сансызбай Сарғасқаев — көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің бағбаны атанған қаламгер.
Сансызбай Сарғасқаев 1925 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, «Шарбақты» колхозында туған. 1943-1948 жылдары Кеңес Армиясы катарында болған. Аудандық «Красногоршы» газетінің жауапты хатшысы, редакторы, Красногор ауаткомында жауапты хатшы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметін атқарған. КПСС мүшесі. Ол жастық шағын еске алып бірде былай деп жазған еді: «Біз кішкентай үгітшілер едік, бригадалар мен фермаларды аралайтынбыз, газеттер мен журналдарды оқып беретінбіз. Жауынгерлік листоктар шығаратынбыз, концерттер көрсететінбіз. Біз сауатсыздыққа қарсы күрестік, ауыл шаруашылығының зиянды жәндіктерін құртыстық, масақ терістік. Жорыққа шығатынбыз, жас бөбектер мен қарттарға жәрдемдесетінбіз. Мұны ешқашан да ұмыта алмайсың. Шындығында сол кезеңнің адамдарының басынан өткерген өмірлері.
Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» повесі отызыншы жылдардағы ауыл өмірін суреттейді. Повесть 9 бөлімнен тұрады. Бөлімдері: «Танысу», «Тілеп алған азап», «Әзілі ме, шыны ма?», «Өкініш», «Теке қарт», «Не болды бізге?», «Бұдан кейінгі күндерде…», «Ойламаған жерден», «Үш күн қалғанда». Басты кейіпкер – тәмпіш қара Шаншатай. Повесте Шаншатайға тән әдептілік, ұқыптылық, еңбексүйгіштік қасиеттер көрінсе, Ертай бойындағы өнерге құштарлық, дүниені бала көзімен қабылдау қасиеттері танылады. Шаншатай бойындағы асыл қасиеттер – әдептілік, ұқыптылық, тазалық, кішіпейілділік пен сыпайылық әңгіме кейіпкерлері Ертай, Бисекүл, Иманбектерге ерекше әсер етіп, үлгі бола білсе, бүгінгі жасөспірімдерге де үлкен өнеге. Жасөспірімдер бейнесі – балалар әдебиетінің жас буындарды патриоттық рухта тәрбиелеуде ең басты роль атқарып отырғанының айқын дәлелі. Осының бәрін айта келіп, бала тәрбиелеудегі ең негізгі тірек оларды еңбекке үйретуден басталуға тиіс деген ойға келеміз. Өйткені еңбек етуге үйренген бала сабақты жақсы оқудан да, ата-ананың түрлі тапсырмаларын орындаудан да жалықпайтын болады. Еңбек етуге жаттыққан сайын, оның ыждаһаттығы да арта түседі. Ұқыптылық та, әдептілік те, үлкенді сыйлаушылық та, қоғамға пайдалы үлес қосатын байыпты, парасатты азамат болу да осыдан келіп шығады. Бала тәрбиелеуде ұстаздың еңбегін көрсете отырып, балалардың мектептен алған білімін еңбекпен тәрбиелі іспен тұрмыспен байланыстыра суреттелуі шебер бейнеленген. Кейіпкер Ертайдың өмірі жайындағы ішкі толғанысы жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде маңызды роль атқарады. Шаншатай – қаладан келген көзі ашық бала, ол «Октябрь балалары» деп аталатын газеттің бар екендігін ауыл балаларына таныстырып, Ертайдың суретшілік дарындылығын бағалай отырып, осы газетке ең жақсы суретіңді жіберейік деп үлкен үміт артып Ертайдың қабілетін шыңдай түседі. Әншейінде көзге ілінбей жүретін газет тасушы Теке қартты ауыл балаларына сыйлата білуді ұғындырады.
Қазіргі жас жеткіншектер барлық мүмкіндіктері бола тұрса да балалар басылымдарына көп жазыла бермейді, ал повесть кейіпкерлері сол газеттің келуін асыға күтіп,тіпті ауылдан жырақта тұратын Теке қарияның үйіне іздеп барып, алып оқиды. Шығарманың негізгі ойы – жас жеткіншектерді адамгершілікке, шыншылдыққа, қайырымдылыққа тәрбиелеу.
Мойнына ал қызыл галстук тағып пионер болып, жас ұландар ұйымының жұмысына жасынан белсене араласқан С.Сарғасқаев 1949 жылы республикалық пионер журналының бетінде «Сын» атты алғашқы әңгімесімен көрінді. Осы шағын әңгімесінде ол батыр ағасына еліктеген жас пионер арқылы шындықты сүюді, адал болуды жазды. Алғашқы қаламын пионерді суреттеуден бастаған жазушы мұнан кейін республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттері мен «Пионер» журналының беттерінен жиі-жиі көріне бастады. 1953 жылы С.Сарғасқаевтың «Достар» деген әңгімелер жинағы шықты. Сансызбай 1953 жылы «Бір отрядта» повесін ұсынды. Бұл пионер өміріне арналған қазақ кеңес балалар әдебиетіндегі алғашқы шығарма еді. Повесть пионер отрядындағы өмірді жан-жақсы көрсетеді. Оқиға тартыс төңірегіне құрылған. Мұндағы кейіпкерлер ұдайы өздеріне лайық іс-әрекеттерімен көрінеді. Повестің құндылығын пионерлердің басты еңбегі – оқу процесінің, романтикаға толы пионерлік істердің суреттелуінен көреміз. Отряд пионерлері мейлі футбол мен баскетбол ойнасын, болмаса фермаға саяхат жасасын, белгілі адамдармен кездессін, отряд кітапханасын ұйымдастырып, сауық кештерде өнерлерімен танысып, бәрі-бәрінде автор өз кейіпкерлерін мектеп – пионер өмірінің қайнаған ортасында жүргізіп, әрқайсысын жеке-дара мінезімен, балаларға тән психологиясын тереңдеп ашып көрсетуге тырысқан. Мұнан кейін Сансызбай Сарғасқаев 1954 жылы «Сәуленің жаңа достары», «Сұлутөрдін балалары» (1956), «Бір көшенің бойында» (1961), «Сынған тіс» (1963) атты повестер мен «Балалар» (1958), «Шындық» (1964) атты әңгімелер жинақтарын жарыққа шығарды. Жинаққа енген жиырмаға тарта шағын әңгімелер тақырыбы, оқиғасы жағынан алғашқы әңгімелерінен әлдеқайда көркем. Бұлардан жазушының қаламы өткірленіп, шеберлігі арта түсіп, кекселенгендігі бірден байқалады. Әсіресе «Өкініш», «Көз», «Шатақ», «Сабақ», «Жігіт» секілді әңгімелері композициялық шырақтығы, сюжеттік тартымдылығы, бояу нақышының айқындылығымен көзге түседі. Адам — табиғат перзенті. Табиғаттың даму, өзгеру заңдылығы сияқты адамның да сыры, мінезі, іс-әрекеті әралуан. Жазушы басты кейіпкерлерін табиғат көріністерін суреттеуге байланыстыра гуманизм рухымен тоғыстырған. Сансызбай Сарғасқаев адам портреттері мен психологиясын пейзаж арқылы толықтыра суреттеуге шебер. Жалаң пейзажды ғана емес, оны өмірмен, адам тіршілігімен еңбек процестермен байланыстыра суреттейді.
Қорыта айтқанда С.Сарғасқаевтың алған тақырыбы, көтерген мәселесі мектеп оқушылары, пионерлер тұрмысына арналған. Ондағы басты кейіпкерлер тартысы жеңімпазда жаңашыл адамдар өміріне байланысты суреттеледі. Әдебиет арқылы бәріміз өстік, өркендедік. Сондағы жағымды кейіпкерлерге ұқсағымыз келді. Жақсы әрекеттерге барып, жақсы адам атанғымыз келді. Сол кездегі тәрбиенің бастауы кітап болатын. Кітаптағы жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді өз арамыздан бөліп алатынбыз. Ұнамаған, мінезі қиқарларды соның атымен атап алатынбыз. Әсіресе балалар жазушыларының абырой, беделдері өте биік-ті. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі – Сансызбай Сарғасқаев. Оның балалар өмірінен жазылған дүниелері арқылы бірнеше буын өкілдері тәрбиеленді. Сансызбай Сарғасқаевтың балалар әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның ізбасарлары бүгінде ата жолын абыроймен жалғастырып келеді. Балаларға арналған шығарма жазу қиынның қиыны. Оған жүрегі үлкен, қаламы қарымды адамдар ғана бара алады. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, ұлттық салт-дәстүрмен тәрбиелей алған балалар жазушыларының есімдері жадымызда олардың шығармалары арқылы қалмақ.
Баян МАМЫРБАЕВА