
Әр саланың өз қиындығымен қатар қызығы болатыны ақиқат. Адам жүрек қалауымен таңдаған мамандығын меңгергенде өзіне де, ортаға қыруар табыс әкелері тағы шындық. Кәсіби мерекелер қатарында медицина қызметкерлерінің күні маусымның үшінші жексенбісіне келіпті. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып ауданда қызмет етіп жүрген барша медицина саласының мамандарын төл мерекелерімен құттықтаймыз. Адам денсаулығының күзетінде жүрген жандарға ең алдымен мықты денсаулық тілейміз.
Ұзақ жыл аудандық ауруханада терапевт дәрігер болып қызмет атқарған Гүлнұр Байнүсіпқызы Қабиеваның еңбек жолына жеке тоқталғымыз келді. Кеңестер Одағы деп дүрілдеп тұрған заманда медицина институтына тек жүрек қалауымен ғана оқуға түсетін. Дәрігерлік мамандық иелері ең құрметті, ең қастерлі саналатын. Сондай ниетімен Гүлнұр Байнүсіпқызы да жоғарғы оқу орнына түсіп, оны жақсы бағаларға тамамдап, терапевт болып аудандық ауруханаға жұмысқа тұрады. Одан бері қырық жылға жуық уақыт мамандығына адалдық танытып, сырқаттарға өз көмегін көрсетіп келеді. Ол өз ісінің нағыз білгірі болды. Күні бүгінге дейін зейнеткерлікте жүрсе де сырқаттан емдеу жолында өзінің әдіс-тәсілімен көптеген адамдардың алғысын арқалап, емдеп, шипалы алақанымен құлан-таза жазып жатқанына куәміз. Дәрігерлер қат болып тұрған кезеңдерде түнгі ауысымда да тер төкті. Соның нәтижесінде алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге байланысты 2024 жылы облыс деңгейіндегі конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың қолынан 2 миллион теңгелік сертификатқа ие болғаны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында Тәуелсіздік жылдары өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздің денсаулық саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың арасында өткізілген «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген қызметкері» атты республикалық байқауына қатысып жеңімпаз атанады. Оның арнайы төсбелгісін кеудесіне қадайды. Мұның барлығы жайдан-жай келе салған дүниелер емес қой. Еткен еңбектің, төккен тердің арқасы.
Адам жанының сақшысы деген аса жауапты міндет. Сол міндет үдесінен шыққан адамдар ғана көптің алғысына бөленеді. Гүлнұр Байнүсіпқызы алдына келген кез келген сырқаттың жанына шипа болып, жылы сөзімен шығарып салып, қандай ем-дом қабылдау керектігін дөп басатын мықты дәрігер. Жүрегіңізден жылулық кетпесін деген тілек айтамыз.
Баян МАМЫРБАЕВА