Басты бет Әлеумет ПЕДОФИЛИЯМЕН КҮРЕС НЕГЕ НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ?

ПЕДОФИЛИЯМЕН КҮРЕС НЕГЕ НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ?

0
214

Іргесі биік ел бірінші кезекте болашақтың кепілі болған балалардың қамын жасайды емес пе?! Өздерін қорғай алмайтын тым нәзік, ниеті таза  балаларды қорғау, әл-ауқатын жақсарту ел мүддесі болып табылады. Ұлттық халық санағының осыдан төрт жыл бұрынғы  қорытындысына көз жүгіртсек, еліміздегі  бала саны 6,1 млн-ға жеткен. Ал бұл  балалардың құқығы қаншалықты қорғалуда?!

Қазір педофилия құрбаны атанған жеткіншектердің саны күннен-күнге артуда. Дерек көзіне сүйенсек, соңғы жылдардың көрсеткіші бойынша елімізде 4000-ға жуық зорлық-зомбылық дерегі тіркеліпті.

–  Қызым тоғызға  келгенде  екінші  мәрте тұрмысқа шықтым. Ол адаммен төрт  жылға жуық бірге тұрдық. Күйеуім деп санап келген жексұрын қызымды үш  жыл бойы  зорлап келіпті. Егер  көрші әйел  әлгі жүзі қараның  тырдай жалаңаш қызымды бақшада қуып жүргенін көрмесе, білмей  әлі күнге жүрер ме едім. Бұл сұмдықты естігенде полицияға шағымданып, оны  ең қатаң жазамен жазалауын талап еттім.  Алайда,  қызымды қорлаған адамға  жынды деген диагноз қойылып, психиатриялық ауруханаға жатқызылды, – дейді  Т деген азаматша.

Психолог мамандар  көп жағдайда мұндай қылмыстар жылы жабылып, қылмыскер құтылып кететін кездер болатынын айтады.  Нақтырақ айтқанда, қазақилыққа салынып, отбасының абыройы немесе мектеп  абыройы бірінші орында болып, баланың алдағы өмірі екінші орында қалып қояды. Осындай жағдайлардан соң көп жағдайда қыз балалар тұмысқа шығуға қорқып қалады екен. Ал, бұл тұрғыда ой өрбіткен «Relax» тұлғалық даму орталығының практик-психологы Ж. Талғатқызы  былай дейді.

–  Мұндай оқиғаның көбеюіне басты себеп –  өзіміз болып табыламыз. Неге десеңіз,  оны таратып, барлығына жария етіп жатқанымыз өтірік емес. Көп жағдайда балалар өгей әкесінен зорлық көреді. Ондай балалардан не байқадым…. өгей әкелері бірден төсекке тартпай бірте-бірте үйретіп дайындап жүреді. Оны балалар көбіне қалыпты жағдай, солай болу керек екен деп қабылдайды. Мұндай ойды кейде балаларға өзіміз қалыптастырамыз. Яғни, балаларды кафе немесе ішімдік ішіп, көңіл көтеретін ортаға алып барамыз. Ол жерде ішімдік ішкен, ішпеген  адам болсын жақсы оймен, жақсы көріп, балалардың бетінен сүйеді, алдына отырғызады, көтереді. Ал мұны балалар қалыпты жағдай деп қабылдап, санасында қалып қалады. Негізінде ата-аналарға осы нәрсені ескерту керек. Себебі балалардың ойында үлкен адам  осылай жасауы  керек екен деген ой қалыптасып қалады. Егер соның дұрыс емес екенін түсіндіріп, уақытында балалармен жұмыс жүргізілсе,  көп нәрсенің алдын алуға болатын еді.

Ал педофилды  негізі психикалық ауытқуы бар адамдар десек болады. Себебі олар баланы  ұл немесе қыз деп ажыратпайды. Мұндай іске баратындардың басым бөлігі  бала кезінде зорлық көрген, қатты қиындыққа ұшыраған адамдар. Кейін өзі көрген қорлықтарды басқа балаларға қайталауы да содан. Ал ондай  балалармен  психологтар уақтылы  жұмыс жасап, миына, сана-сезіміне келген зақымын дер кезінде емдеу керек. Яғни, әртүрлі арттерапия, психологиялық терапиялар арқылы баланың жанын емдеу тиіс.

Иә, бала зорлаушылардың сұмдығы денеңді тітіркендіреді. Бұрындары тек шетел жаңалықтарынан ғана көріп, жағаны ұстасақ, енді мұндайлар арамызда қаптап  жүр.  Елімізде педофилдерге қарсы жазаны күшейткенімен, бала зорлау мәселесі   азаймай отыр.

Өзге мемлекеттердің  мәліметтеріне зер салсақ, мәселен,  Иранда кішкентай балаларды зорлаған екі педофил өлім жазасына кесіліп, көпшілік алдында дарға асылған.  Мұны көрген халық соттың шығарған әділ үкіміне ризашылығын білдіріпті.  Осы оқиғадан кейін Иранда бала зорлығына қатысты деректер күрт азайған. Американдықтар да педофилдармен қаншама жыл  күресіп келеді. Бұған қатысты түрлі тренингтер де  жүргізуде.   Мәселен, балабақшадағы ұл-қыздарды психологиялық тұрғыда зерттеген. Сонда  байқағаны: 95 пайыз бала аңғал болып келеді. Оларға «Ана жақта сенің мамаң күтіп тұр, жүр апарайын» десе, еріп кете барған. Соның ішінде бір ғана балақай «Жоқ, менің мамам қайтсе де, осы жерге келеді. Мен сізді танымаймын» деп айқайлаған. Көрдіңіз бе, кейде балалардың үйде ата-анамен ашылып сөйлескеннің арқасы бұл. Осы тұрғыда америкалық психолог мамандар  кез келген ата-ананың баласына  айтып отыратын  қағидаларды  да  атаған.

Қалай десек те, қылмыстардың ішіндегі ең ауыры – қорғансыз бүлдіршіндерге аяусыз қастандық жасау.  Кейбір ересектердің мұндай әрекетке баруы шындығында айуандық, адамдық азғындаудың шегі ме дейсің. Үлбіреген гүл өмірді таптайтын, адами болмыстан ада мұндай жандарды ең қатал үкіммен жазаласақ та артық етпес еді.  Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

С. БАЗАРҚҰЛОВА

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕРҰЙЫҚ ҚАЙДА?

 (Әңгіме) – Жапондар жұртын Айдың солтүстік аймағына көшірмекші екен, Жақсылықтың бетінің …