Басты бет Әлеумет БЕЙНЕТ ТҮБІ – БЕРЕКЕ

БЕЙНЕТ ТҮБІ – БЕРЕКЕ

0
2,036

Еңбектің түбі береке екендігі айдан анық. Ол үшін жалқаулық, еріншектік, шыдамсыздық сияқты адам баласына кері әсерін тигізетін әдеттерді сырып қойған абзал. Көңілің тартқан істі бастар алдында да мақсат пен міндетті қатар алған жөн. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалды қай-қайсысымызға да мектеп жасынан құлағымызға сіңіріп қойғандығы тағы бар. Содан болар тынымсыз еңбек етіп, қосымша табыс табуға, отбасын асырауға алдына жан салмайтын еңбекқор адамдардың арамызда жүргендігі.


Ауыл тұрғындарының әр мезгілде атқаратын ісі, уақтылы жасайтын жұмысы бар. Анығын айтсақ, бірі мал өсіріп, сүтін, майын, кілегейін алып, халықты етпен қамтамасыз етсе, екіншісі жер тырмалап, көкөніс, бақ өсіріп барымен базар болып отыр. Барлығы да айналып келгенде еңбектің, тынымсыз тіршіліктің арқасы. Көктем басталып, малшы малын төлдетсе, егінші құрал-сайманын сайлап, егістікке кетпенін арқалап жүретінін көзбен көріп, қолмен ұстап жүрміз. Барлығы да отбасының ырызғысы үшін…
Ауданымыздағы Бахар ауылының тұрғындары қай салада болмасын пысықтығын, талпынысын көрсетіп тұратындығы белгілі. Жан-жағының барлығы абрикос, алма сынды баққа, көкөніс өсіретін алқапқа толы. Тіпті ине шаншырлық орын жоқ десек те қателеспейміз. Сол жерлердің бірінде тынымсыз еңбек етіп, берекесі тасып, әр күндері мерекеге толы болып жүретін Сраждин Камазаевтың іскерлігіне таңданбасқа болмас. Бахар ауылына жолымыз түсіп, тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысып, Сраждин ағамызды кездестірдік. Диқаншылықты отбасымен кәсіп еткен жандардың нәсібі де өрге домалап тұр. Үш ұлы, бір қызы, күйеубаласы және немерелерімен еккен егініне, төккен теріне ризашылық таныттық. Балаларының барлығы бұдан бөлек түрлі қызметтер атқаратын көрінеді. Олардың бірі – дәрігер, екіншісі құрылысшы, мұғалім, тәрбиеші сияқты мамандықтың иелері. «Не ексең соны орасың» демекші жалпы 8 гектар жерге қажеттінің барлығын өсірген. Атап айтсақ 650 түп абрикос, бидай, жүгері, қызанақ, қияр, асқабақ, қауын, қарбыз, бұрыш, пияз сияқты өнімдердің барлығы самсып тұр. Диқаншылықпен 2008 жылдан бастап айналысқан екен. Бейнетіне қарай берекесіне малынған Сраждин Камазаев біртіндеп балаларына диқаншылықтың қыр-сырын үйретіп, жер ананың еңбек еткенге берерінің мол екендігін құлақтарына құйған. Содан бері диқаншылықты серік еткен бұл отбасының кәсібі де, нәсібі де осында. Соған қарай әрқайсысының атқаратын қызметі де әртүрлі. Бірі өнімді өсіруге барын салса, ендігісі базарға сатуға алып шығып, тағысы тағы басқа жұмыстарды жасайды. Бүгінгі таңда аудандағы орталық базарда осы отбасының қолынан шыққан өнімдері аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып жүр. Басына бақ қонған отбасының бірлігі де, татулығы да өз алдына бір төбе. Ендігі уақытта сегіз гектар жердің көлемін бұдан да ұлғайтып, отбасылық кәсіпті өркендеткілері келетіндіктерін де жасырмады. Бақшадағы барлық көкөністер пісіп, жиын-терін басталғаннан соң жерді қайта құнарландырып, келесі жылға дайындалатын көрінеді. Бұл дегеніміз сарымсақ, пияз сияқты өнімдерді осы кезде егіп қойса, келер жылға ерте дайын болып тұрады. Әрине жерде еңбек ету оңай шаруа емес. Қиындықтары қаншалықты көп болса, ырызғысы да соншалықты мол.
Биылғы жыл бахарлықтар үшін ырысты да, берекелі болып отыр. Ауыл әкімі Қадыржан Бағыбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындарының еңбекқорлығының арқасында біршама жетістіктерге жетіп отыр. Абрикос өсіргендер қалтасын қалыңдатса, көкөніс өсіргендер де қалыс қалмай келетін көрінеді. Қазіргі таңда Бахар ауылдық округі бойынша 80 гектар жаңа бақ бар. Оның 39,5-і абрикос, 8,6-сы шие, 3 гектар жүзім, 28,9-ы әртүрлі жеміс-жидектер. Сонымен қатар жүгері, күнбағыс, бақша өнімдері, арпа, бидай, беде сияқты егістік алқаптары да молынан. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда біршама пайызға артқан. Соған қарай ауыл тұрғындарының диқаншылықпен айналысуға қызығушылықтары басым. Алдағы уақытта бұның көлемін арттырып, қызығушылық танытқан азаматтарды қолдауға барынша атсалысатындығын жеткізді ауыл әкімі. Еңбек – адам баласын еш уақытта жамандыққа жетелемейтіні айдан анық. Керісінше еткен еңбегіңе қарай берері мол. Бүгінгі бұл кейіпкерлеріміздің жұмысы басқаға үлгі боларлықтай екендігіне көз жеткіздік.


Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…