Басты бет Тағзым Қазыналы қария

Қазыналы қария

0
22

Қазақ қариясын құрметтеп, қартын қадірлеген халық. Ел басына күн туып, жау етектен алған қилы заманда да ақсақалын төрден түсірмей, ақжаулықты аналарын ардақтай білген елдің ұрпағы екеніміз белгілі. Әр халықтың бойында сонау заманнан бері қалыптасып, оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу.

«Атадан бота қалғанша, бата қалсын» дегендей батасымен елін көгертіп, өнегелі сөзімен ұрпағына тәлім-тәрбие беріп жүрген қариялардың бірі – Өскенбай Малдасбайұлы. Тоқсанның бесеуін алқымдаған қария 1924 жылы Қытай Халық Республикасының Қорғас ауданы, Дабан ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген екен. Әкесінен ерте айырылғаннан кейін он жасынан бастап, өмірдің ащысы мен тұщысын көріп, бай-бағбандардың жалшысы болып, қой, ешкісін бағып, қатігез заманның қылышы қылшылдап тұрған кезеңдерді бастан өткерген.Есейіп, ес білгеннен кейін,1938 жылы Нұрымжан Әлдибайқызымен отбасын құрып, 1959 жылы Отанға деген сағыныш, сүйіспеншілік жетелеп, туған-туыс, жекжаттарымен бірігіп Қазақстанға қоныс аударады. «Өз еліңнің, жеріңнің топырағына, тұнық суына не жетсін?», – дейді атамыз. Жер жаннаты Жетісу аймағы малға жайлы, әр мезгілі уақтысымен болғандықтан Сүмбе ауылынан қоныс тебеді. Таршылықты көріп, аштықты сезінген атамыз бірден колхоздың жұмысына кіріседі. Арнайы білімі болмағандықтан ата-кәсіп мал шаруашылығына өмірін арнайды. Сол кездегі еткен еңбектері мен жастық жалынның албырттығын еске түсірген қария:

– 1969 жылдың қысы еді. Менің қарауымда саулық қойлар болатын. Бұл жылы түкірген түкірігің қататындай қатты суық болды. Шонжының астындағы Жалғызағаш деген жерді қыстадым.  Тұрғын жайдың, тіпті қораның да мәнісі жоқ. Қар қалың. Өріске малды айдап шығу да мүмкін емес. Ол кезде қой үшін жанды беруге де дайын едік. Басқа малшылар қорадағы қойынан айырылып жатты. Менен де шығын болды. Алайда елдікі сияқты көп емес. Шұрық-тесік болып тұрған қора-жайымды ыңғайға келтіріп, көктемге де іліндім. Сол жылдың көктемінде 100 басқа артығымен 120-дан қозы алдым. Келер жылында алған төлімнің де саны арта түсті. Бұл мен үшін үлкен абырой болды, – дейді қария. Қой артында ілесіп, көрген қиындықтары мен бүгінгі заманның кеңшілігі туралы әңгімелеген Өскенбай ата бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды ел қатарына қосып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырғанын айтты. Бүгінде ұл-қыздарынан 27 немере, 56 шөбере, 11 шөпшек сүйіп, отбасының берекесі мен мерекесіне айналып отырған жайы бар.«Бұл жарық дүниеге келгелі барлығы 12 патша көріппін. Әр заманның өзіне тән еншісі бар. Алайда бүгінгі күніміз еркіндік пен кеңшілікке толы ғой. Елбасының арқасында елімізде өркениетіміз өркен жайып, дәстүріміз жаңғырып, дініміз тұрақталды. Ұмыт болған ұлттық құндылықтарымыз қайта оралды. Халқымыздың жағдайы неғұрлым жақсарды. Ал енді жаңа басшы таққа отырып, игі жұмыстарын жүзеге асырып, халықтың жағдайын бүгінгіден де жақсартуға байланысты ой қозғап келеді.  Бұл – ұрпақтарымыздың басына қонған бағы мен байлығы», – дейді кейіпкеріміз. Сондықтан да жас ұрпақтан ақсақалдың күтетіні көп. Ұрпақтарының үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, дәстүрге сай тәлімді тарбиеге қанып өссе екен деген тілегін жеткізді. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Шындығында өскелең ұрпаққа өсиетін айтып, жолға жүрерде ақ батасын беріп отыратын осындай қазыналы қарттарымыз төрімізде отырса, жастарымыз бет алғанынан қайтпасы, жолынан адаспасы анық. Сол сияқты өткен өмірінен сыр шертіп, еткен еңбектерін жіпке тізіп, Аллаға шүкіршілік етіп отырған атамыз ұрпақтарының адал, еңбегінің жемісті, жалқаулықтан алыс, жақсылыққа жақын болуларын тіледі. Отанын, елін, жерін сүйер азаматтар көп болса екен деген тілегін айтып, ақ батасын берді.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Унтулмас күнләр шаһиди

Буниң-дин 30 жил муқәд-дәм СССР рәһбәрлириниң намунасип сәясити түпәйли бәйнәлмиләл җәңчил…