«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты тақырыпта Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өз жұмысын бастады. Тасқынға байланысты алқалы жиын онлайн форматта өтті. Президент сөзінде бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар екенін баса айтты. Бұған осындай қиын кезеңде көзіміз жетті. Батыс өңіріне келген табиғат апатының кесірінен төтенше жағдай орнады. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Ел боп, жұрт боп басына қиындық түскен ағайынға бәріміз бір үйдің баласындай көмек қолын создық. Халқымыздың басына сын сағаттар түскенде тек қана үкіметтің жәрдеміне арқа сүйемей, Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт пен ұлыс бірігіп ұйысты. Тәубе, елдігімізді, бірлігімізді, ынтымағымызды таныттық. Сессияда мемлекет басшысы жаңа міндеттерді жүктеді. Зардап шеккен елдімекендердегі шығынның өтелетіндігін түсіндірді. Бастысы адам шығынын болдырмауды басты назарда ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр сөзі еліміздің ертеңінің жарқын болуы үшін жасалатындығына көзімізді жеткізді. Байлық қайда барасың? – деген сұраққа: «Береке мен ынтымағы жарасқан жерге» деген нақыл сөзді бәріміз жақсы білеміз. Олай болса бай, қуатты болғымыз келсе тату, ынтымақты болайық. Ол біздің қолымыздан келеді. Қазақстан деген кең байтақ жерімізді аман сақтап, ондағы тұратын әр адамның бақытты ғұмыр кешуі үшін мемлекет басшысы барлық жағдайды жасауға тырысуда. Біз де өз тарапымыздан еліміздің гүлдене, көркейе түсуі үшін көмегімізді аямайық. Қазір қарғын сумен күреске Ассамблеяның 12 мың волонтері жұмылдырылғанының өзі бірлігімізді танытса керек. Біз татулығымызбен мықтымыз.
Клара РАХИМБЕРЛИНОВА,
аудандық аналар кеңесінің мүшесі