Басты бет Өңір тынысы АТАҢНАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН

АТАҢНАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН

0
425

Шошанайлық ағайын мемлекет басшысы бастаған «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосты. Жалған ақпар, бос сөз, көзбояушылық үшін емес. Болашақ үшін, мол мұра болар із қалдыру үшін. Еңбектеген баладан еңгейген қарттарына дейін ауыл маңына жиналып, үлкен істің басын қайырды.

Шошанай ауылы – аудандағы бірлігімен, берекелі тірлігімен алға басқан ауыл. Өткен жылы ғана ауылдың кіре берісінен 2 гектар жер қоршалып, «Жастар саябағын» жасауды қолға алған болатын. Саябақтың қоршауын жасап, өткен жылы 600 түп әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызған шошанайлықтар биыл да сол игі дәстүрді жалғастырды. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өз үлестерін қосып, акцияның «Жасыл аймақ» апталығының басталуын ерекше өткізді. «Жастар саябағына» 200 түп алма, 60 түп боз арша, 140 тал, 140 ақ тал, 100 долана, сонымен қатар қарағай, шырша ағаштарын отырғызды.

200-дей тұрғын мен алыс-жақыннан Шошанайдың тумалары осы сенбілік үшін арнайы ат арылтып келген. Алматы қаласы мен облысымыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген шошанайлықтар бұл күні арнайы ауылға келді. Қазыналы қарттар мен ақ жаулықты аналарымыз да осы ортадан табылған. Ауылдың қыз-келіншегінің бірі жиналған көпшілікке қазан асып, ас-ауқаттың қамымен жүрсе, енді бірі саябақтағы жас талдардың түбіне қара топырақ төгіп, су құюда. Ал жас балалар саябақтың қоқысын тазалап, шапқылап жүр. Үлкені мен кішісі тайлы-тұяғы қалмай сенбілікке атсалысуда. Бұл да ауылдағы ағайынның бірлігі мен берекесін паш еткендей.

Қазір ақыл айтар ақсақал, «айналайын» деп еміренетін әже жоқ деп жатамыз. Бірақ шошанайлық аталар мен әжелерді қарап бұл ойдан айнығандай боласың. Сексенді еңсеріп, тоқсанды алқымдап қалған қариялар да қарап жатпай, жастардың жанынан табылған. Ақылын айтып, жас шыбықты қалай күтіп-баптаудың бабын үйретуде. Ақ жаулықты әжелер де «септігімді тигізейін, ертең ұрпағым айта жүреді» деп қал-қауқарларынша көмектесіп бағуда. Олардың жанындағы  беті-аузын күн шалып, үсті-басы шаң болып, бір шыбықты ат қылып асыр салып жүрген балалардың бақытты сәттеріне қарап еріксіз қуанасың. Енді ғана тал-шыбығы егіліп, ертең жайқалған саябаққа айналғанда да осындай балалардың бақытты шағы осы жерде өтеді дегенді ойлаудың өзі ерекше әсерге бөлейді екен.

Шошанай ауылындағы сенбілікке аудандағы Шарын мемлекетті кұлттық табиғи парк қызметкерлері де арнайы келді. Құр қол келмей парк аумағында өсетін ақтал, боз арша ағаштарының көшетін ала келген. Парк директорының орынбасары Кутлукжан Юнусов бастаған топ та қарап қалмай, көшеттерді отырғызып, ауыл тұрғындарына жәрдемдесті.

Әр көшеттің түбіне тыңайтқыштар себілді. Өткен жылы арықтар қазылып, суды үнемдеу мақсатында арнайы құрылғылар орнатылған болатын. Саябақ аумағы заманауи үлгіде 5,5 млн теңгеге қоршалған еді. Мұның бәрі ауыл азаматтарының өз күштерімен жасалған. Саябақта орнатылатын сахнаның маңына осы жолы 200 түп раушан гүлінің көшеті де отырғызылды. Оны да сенбілікке келген ағайын өз қаражатынан алды. Осылайша шошанайлықтар ауылдың өркендеуіне, дамуына аянып қалмады.

Сенбіліктен соң жиналған көпшіліктің бәрі мешіт жанындағы қатымханада жайылған дастарқаннан дәм татты. Оны да ауылдың азаматтары өздері ұйымдастырған. Дастарқан басында да құрғақ сөз, мәнсіз дүние айтылмады. Қариялардың өнегелі әңгімесі тыңдалды. Алыс-жақыннан келген ауылдастардың ізгі тілегі айтылды. Берекесі тарқамаған ауылдағы ағайын осылайша бір игі істің басын қайырды. Әрі бұл дүние әрмен қарай жалғасын табатынына, саябақтың жұмысын жандандырып, гүлденген аумаққа айналдыратындарына уәде берісіп тарқасты.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…