Башқұрт
жазушысы Миляүш Қаһарманованың «Күйеуім тастап кетті» деген
әңгімесін оқып, ойға қалдым. Күнделікті кездесіп жатқан оқиғалардың бірі
секілді болып көрінген әу баста. Сосын біраз уақыттан соң шын мәнінде әйелдер
би болған заманда ғұмыр кешіп жүргенім есіме жаңа түскендей селк еттім. Мөңке
бидің «Сиыр пұл болатын, әйел би болатын замандар туады» деген болжамының дәл
келіп, сол заманның куәгері болғаныма өкініш пе, өкпе ме, беймәлім бір сезімде
жүргенімді жасыра алмаймын. Әңгіменің басынан үзінді келтірейін.
…Егер
осыған дейін маған біреу: «Сені күйеуің тастап кетеді» десе, «Атаңның басы» деп
күлер едім. Иә, еркектер жаман әйелдерді ғана тастап кетеді деп ойлайтынмын.
Осындай әңгіме болса: «Есі дұрыс еркек жақсы әйелін тастай ма?» деп
білгішсініп қалатынмын. Бір күні жұмыстан келсем, күйеуім қомпиған үлкен
сөмкені табалдырықтың қасына қойып, мені күтіп отыр екен. Ойымда ештеңе жоқ.
«Қайда жиналдың?» дедім. Өз басым күйеуімнің не істеп, не қойып жүргенін ілуде
бір сұрайтынмын.
– Гүлия… – деп күйеуім айтайын дегенін айта алмай қысылып қалды. Бір жағымсыз
хабар жеткізгісі келетін сияқты. – Айтайын дегенім…
Сол мезетте балам, қызым бірдеңеге ұрынып қалды ма деп жүрегім зу ете қалды.
– Не болды?! Қайсысы?
– Екеуі де дін аман. Ештеңе болған жоқ. Мен кеттім. Біржола. Басқа әйелге. Сен
мені кешір.
– Қайда барсаң, онда бар, – деп дөрекі жауап бердім.
– Гүлия, қайтесің?! Өмір болған соң… Балалар ержетті. Түсінетін шығар. Мен
оларды тастамаймын. Сен де… егер, ақша керек болып қалса, хабарлас…
Мен сонда ғана оның шынымен біржола
кетіп бара жатқанын түсіндім. Күлкі қысқандай бола ма?! Намыстан өліп барамын.
Өмірі одан бірдеңені жалынып сұрап көрген жоқ едім. Бұл жолы да содан таймадым.
– Кетем десең, жолың әне!
Етігімді шешпестен төр бөлмеге өтіп кеттім. Оның үйден қалай шыққанын көрген
жоқпын. Киімімді ауыстырып, қайта шықсам, із-түзі жоғалып үлгеріпті…
Осылайша
басталған әңгіме одан кейін табысты әйелдің күйеусіз-ақ шалқып, шаттанып өмір
сүруге, ерлерсіз-ақ жағдайды жасап алуға болатындығын баян етеді. Дей тұрғанмен
біраз уақыттан соң еркіндік те, байлық та, қыдыру мен бос күлкі де оны
жалықтырып, момын, аузындағы сөзін әрең шығаратын күйеуін сағынып, байлық, ақша
табам деп жүріп оның нені жақсы көретіндігін, талғамын да ұмыта бастағаны үшін
өзін жерден алып, жерге салатын сәттері айтылады. Білермендік, өзімшілдік,
билік етудің ақыры ер-азаматтың өзінен безінуіне әкелгені өте тартымды
суреттеледі. Артық-ауыс ештеңесі жоқ әңгіме. Бүгінгі күннің айна-қатесіз
шындығы.
Сосын, сосын әйелдер билік жүргізген заманның ұтатын, ұтылатын жері
қайсы? – деген сұраққа жауап іздедім. Бүкіл қазаққа би болып билік айтқан Төле
би: «Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деген
керемет сөзі бар. «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін.
Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап
түбінде жатпайды деген. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би
түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын
кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел», – деп келінді өзі таңдауға
бекініп, кедейдің Данагүл деген қызын
баласына әперген екен. Сол Данагүл өз ауылына
сыйлы, ақылды, дана келін ретінде ел есінде жатталып қалған.
«Түсі
оңғанның – ісі оңады» дейді қазақ. Тарихқа назар аударар болсақ, Мөңке би түс
көріп, сол түсін Сырым батырға жорытуды ұйғарады. Түсінде былай болыпты:«Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де
бәйгеден келмеді. 30 ат қостым біреуі де келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден
келмеді де, біреуі ғана аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті.
Әлгі аттың ішін жардым, ішінен арыстан шықты. Арыстанның ішін жарып едім, бұдан
адал құлан шықты. Құланның ішін жарып едім, қасқыр шықты. Қасқырдың ішін
жардым, түлкі шықты. Түлкінің ішін жарып едім, ішінен бір қоян ата келе қашты.
Осыны жорып берші», — дейді Мөңке би. Алайда Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің
ұзатылып кеткен қызына беруді жөн көреді. Бірақ, Мөңке бидің қызы би үш рет
шақыру жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға:
«Түсті жездеңе, жиеніңе, әйелге жорытпа деген сөз бар еді… Сонда
да айтайын. Түс адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай
түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай: «40 ат дегеніміз —
мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен; 30 аттың бәйгеден
келмей қалатыны — 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен; 5 аттың төртеуі
келмей, біреуі келгені — бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу
оқымайтын кез келеді екен; қасқырдың шыққаны — кісінікін тартып алып, ұрлап
жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар, түлкі шыққаны — алдаушы мен
арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян
шыққаны — ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар»
депті. Осыны айтып болғаннан кейін
Мөңке бидің қызы: «Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде
әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс
қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді» депті.
Шын мәнінде Мөңкенің қызының айтқаны айдай
келді емес пе? Біз сияқты кітап пен интернеттен сусындамаса да
бабаларымыз дала философиясының таза білімін бойларына сіңіріп, ақ пен қараны,
жақсы мен жаманды, адал мен һарамды, асыл мен арзанды бағамдай білген. Таң
қалмасқа шара жоқ. Еркектеріміз қалжыңға сүйеп билікті әйелдеріне беріп
қойғандарымен мақтанатын заман туды. Өз туысынан қашқақтап, әйелдің
туған-туысын төбесіне көтеріп, әспеттейтін болды. Қайран бабаларым тауықтың
боғына балайтын түстің өзінен болашағын болжап, бүгінгідей күн туатындығын
біліп кеткен. Әйел билік еткен қоғам мүмкін ұқыптылыққа, тазалыққа, тәртіпке
жақын болар. Әй, қайдам, ер-азаматтың қабырғасынан жаралғандықтан солардың көлеңкесінде,
тілеуін тілеп, амандығын ойлап, ақылын бабымен жеткізудің өзі жеткілікті шығар
шашы ұзын, ақылы қысқа саналатын әйел затына. Әйелдеріміз ақылды болса
ерлеріміздің даңқы шығады. Ал ердің даңқы шықса, елдің абыройы асқақтайды.
Ерлер билік құрсын, ал әйелдер солардың тілеуін тілесін…