Өткен аптаның бейсенбісінде Қарадаланың халқы қасиеті орасан халық әндерінің әуелеген ортасына жиналды. Оның басты себебі – Жақсылық Мырқаевтай өнерлі тұлғасын еске алып, оның өнегелі өмірін ұрпақтың санасында жаңғырту. Жақсылық Мырқаев жер жаннаты Жетісу өңірінің төріндегі киелі Кетпеннің топырағына кіндік қаны тамған, өр жағындағы әйгілі Аспантаудай алып тұлға. Жастайынан қазақтың сазды да сан алуан сиқырлы әуенге толы төл туындыларын тыңдап, ғұмырлы халық әндеріне құштар болып өскен елдің ерекше перзенті. Осы қасиетті өңірдің өнер бесігінен ержеткен танымал әнші, сазгер Сәдіғожа Мошанұлының қайталанбас туындылары мен әуезді әндері оны алғаш дәстүрлі өнердің өлкесіне қадам бастырған болатын. Сәдіғожаның Сарыбидайымен сусындап, Дәнеш Рақышевтың дәстүрлі өнердегі дара қырларын бойына сіңіріп, Нұрғисадай нар тұлғадан тәлім алған жерлесіміз нағыз қазақтың ұлттық өнерін дәріптейтін дәстүрлі әншінің өзі болып қалыптасты. Ғұмыры қысқа болғанымен артына өшпес із қалдырған осындай тұлғаның еске алу кешіне аудан жұртшлығы ғана емес елімізге танымал тұлғалар да ат терлетті.
Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараның басы Жақсылықтың бала күнгі әнге деген құштарлығы мен Сырбай Мәуленовтай алыптың алдында бұлбұлдай ән шырқаған алғашқы сахнадағы көрінісін көпшіліктің көз алдына алып келген сахналық қойылыммен ашылды. Өткенге көз жүгіртіп, тұлғаның қаршадай күнін бір еске алып алған соң алғашқы сөз аудан әкімі Бота Елеусізоваға ұсынылды. Жақсылық Мырқаевтың мақтаулы тұлға болғандығын, осындай атпал азаматтың біздің ауданда дүниеге келгендігін марқайып айтып, қазақтың ән өнерінің шоқтығы биік шыңы екендігін ерекшелеп өтті. Артынша кештің кейіпкерін көпшілікке тереңнен таныстырып, естеліктермен бөлісу үшін сахна төріне ауданымыздың беделді ақсақалы, білім саласының ардагері Тоқан Әлбеков шақырылды. Тоқан ақсақал өзінің жерлес бауыры, Жақсылық Мырқаевтың Кетпеннің шаңын шыбықпен шиырлаған бала күнінен бастап, өнердің биігіне шыққан тұлғалық өміріне дейінгі жүріп өткен соқпағы мен еңбек жолын толықтай баяндап өтті. Осындай тамаша рухани кештің ұйымдастырылуына ұйытқы болған аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұловқа барша көпшіліктің атынан және Кетпен ауылының жұртшылығы атынан аманат еткен алғысын жеткізді. Еске алу шарасын жалғастыра жүргізу үшін сахнаға «Шалқар» радиосының бас редакторы, елімізге танымал тілші, ақын Бақыт Жағыпарұлы көтерілді. Кештің тізгінін өз қолына алып, қазақтың ән өнерінің құдіреті мен осы арнада тарихта қалған талайлаған танымал тұлғалар жөнінде, жалпы өнер мен мәдениеттің қоғамдағы орны жөнінде тың мәліметтер бере отырып, кешті әсерлі жүргізді. «Қарадала» халықтық театры мен «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің өнерпаздары бірігіп Жақсылық Мырқаевтың жас күніндегі Нұрғиса Тілендиевтай тұлғаның қолына дәріс алуға барған өмірінің ең жұлдызды сәтін, оның жолын ашуға Дәнеш Рақышевтай қазақтың дәстүрлі ән өнерінің шоқ жұлдызы басты себепкер болған кезеңнің көрінісі сахналандырыла қойылып, тамаша сәттер көрерменді тарихқа жетелеп, көпшілік бір сәт жанарына жас іркіп алды. Жүргізуші Бақыт Қарадаланың қыраны, Беделханның Бақытын сахнаға шақырып, сөз ұсынды. Мінбеде тұрып, жерлесі Жақсылықтың еске алынып жатқанына шынайы қуанышты екендігін жеткізіп, ел ағаларына алғысын жаудырды. Туған жердің топырағы жыр толқытпай жібермесі анық. Ақын жырлады, ел еміреніп тыңдады. Әншінің кешін өлеңмен әсерлеп берді. Сонымен қатар осы кешке арнайы келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші Рамазан Стамғазиев та сахнаның өзіне тән құдіретін көтеріп, Жақсылықтың піріндей болған Сәдіғожа Мошанұлының «Сағынсаң қалқа, өзің кел» әнін шырқағанда қалың көрермен қосыла айтып, «Дариға дәуренін» әуелеткенде жұрттың жүрегін елжіретіп, көзіне жас алдырды. Одан кейін сахнаға шақырылған Дәнеш мектебінің ең жас шәкірттерінің бірі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов те ерекше дауысымен елді өзіне баурап алды. Әсіресе «Аңшының әнін» әуелеткенде талғампаз көрермен әншімен бірге арқаланып, ерекше әсер алды.
Ақын, тілші, этнограф, Алматы облысының және Талғар ауданының құрметті азаматы Кәмнұр Тәлімұлы да Жақсылық Мырқаевтай азаматтың еске алу кешіне арнайы ат басын бұрып, Қарадаланың қасиеті дарыған дара тұлғаның өмірінен тың деректер мен өнеге боларлықтай естеліктерін айтып, тұлғаның өнері мен бүтін болмысы ұрпақтың санасында жаңғыруы керектігін жеткізді. Жалпы еске алу кешіне жиылған жанына жұрт рухани азық жинап, дәстүрлі өнермен сусындап шықты.
Данышпан Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең” деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы ән өнерінің тамаша дәстүрі әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Орыстың тамаша ғалымы Г.Потаниннің “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деген сөзі де қазақ даласындағы ән өнерінің, дәстүрлі музыканың даралығынан туған тұжырымды дәлелдейді. Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға өзіндік орасан үлесін қосып кеткен Жақсылық Мырқаев секілді перзентімен бүкіл қасиетті Қарадала өлкесі мақтанады.
Ақжол НҰРДӘУЛЕТ