Бүгінде «Бармақ басты, көз қысты» мәселесі қоғамның айықпас дертіне айналып бара жатқан өзекті мәселелердің бірі болды. Сыбайласа отырып жасырын заңсыз әрекеттерге жол беретін жауапкершілікті сезінбейтін кейбір лауазымды тұлғалардың кесірінен мемлекеттің қаражаты мақсатты жұмсалмай, жемқорлық фактілерінің орын алып жатқандығы жасырын емес. Әділетті Қазақстанның жемқорлықсыз таза болашағын құру үшін ел Президенті соңғы жылдары бірқатар қатаң шараларды қолға алып отыр. Оның бірден-бір мысалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өткендігі. Сонымен қатар аталмыш кеңесте сөйлеген сөзінде «Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта соңғы үш жылда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады. Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым», – деп нақтылады.
Осы орайда біз өзімізді заң мен тәртіптің үстемдігін жоғары ұстанатын азамат ретінде, ауданымызда сыбайлас жемқорлыққа ешқандай жол бермеуге мүлдем төзбеушілік таныту үшін барынша күресуіміз керек.
Осы бағытта жергілікті атқарушы орган тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау, болу ықтималдығын анықтап, оның жолын кесу шаралары бойынша тиісті нақты жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия өз жұмысын жоспарға сай уақтылы жүргізіп, тоқсан сайын арнайы кеңес өткізіп, күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қауіптілігі жоғары салалардың жемқорлыққа қарсы атқарып отырған жұмыстарына баға беру, әділетті әрі таза қоғам қалыптастыру бағытында тиісті шаралар қабылдап келеді.
Аудандағы бөлімдер мен мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың арнайы жоспары бекітіліп, сол арқылы жүйелі ішкі жұмыстарын жүргізіп отырады. Одан бөлек сыбайлас жемқорлық орын алу ықтималдығы жоғары мекемелерде нақты шаралар қолданылу жолға қойылған. Мысалы, жер қатынастар бөлімінде жүзеге асырылатын Жер комиссиясының құрамы аудандық әкімдіктің қаулысымен қалыптастырылып, аудандық мәслихаттың сессиясында бекітілген. Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 17,43 баптарына сәйкес Жер комиссиясының тұрақты жұмыс істейтін лауазымды тұлғаларды қоспағанда, бүкіл құрамы ауыстырыла отырып, келесі күнтізбелік он екі ай өткен соң жыл сайын бекітіледі.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға Қазақстан Республикасының азаматтары «Жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21366 болып тіркелген) бекітілген «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес беріледі.
Сондай-ақ ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы мен кәсіпкерлік пен ауылшаруашылығы саласында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары қатаң бақылануда. Бөлімде мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы сақталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуы бойынша жұмыстар қатаң жүргізілуде. Өтініштерді қарау кезінде мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілік деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылданып, (мемлекеттік органға жүгінген азаматқа сапалы және толыққанды ақпарат беріле отыр), мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту және уақтылы ақпаратпен қамтамасыз етілу жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі әр аптаның алқа жиынында жергілікті атқарушы орган басшыларына, квазимемлекеттік орган басшыларына басқа да мекемелердің қызметкерлері мен басшыларына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық әрекетіне жол бермеу және орын алуы ықтимал жағдай туындаса әрекетсіздік танытпау, алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу қатаң ескертіліп отырады. Сонымен қатар азаматтар тарапынан түскен өтініштерді қарау барысында да сыбайлас жемқорлық әрекетіне жол бермеу қағидасы қатаң сақталады. Сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыс екендігін, ондай заң бұзушылыққа қатысты күдікті әрекетттерді байқаған тұрғындардың да шарасыз қалмауы үшін, қажетті органдарға хабар беріп, дер кезінде жемқорлықтың жолын кесу мақсатында ауданымыздың 14 ауылдық округтерінде тематикалық билбордтар орнатылып, бейнероликтер түсіріліп, жадынамалар таратылды.
Ойланбай жасалған жемқорлық өскелең ұрпақтың келешегіне жағылатын қара күйе екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Б.ЕЛЕУСІЗОВА
аудан әкімі