Басты бет Рухани жаңғыру Басты талап – білімді ұрпақ тәрбиелеу

Басты талап – білімді ұрпақ тәрбиелеу

0
1,963

15 мамыр күні Қазақстан Республикасы бойынша бірдей уақытта «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының шеңберінде «Білімді ұлт – сапалы оқыту мен отбасы құндылығы» тақырыбында жалпы ата-аналар жиыны болды. Осының негізінде өткен №2 Жаңабай Құдайбергенов атындағы мектептегі жиынға аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов және ата-аналар қатысып, білім ордасының бір жыл бойы атқарған жұмысымен танысты.


Жиынның тізгінін ұстаған мектеп директоры Бибігүл Абдилова жаңартылған оқу бағдарламасының балалар үшін тиімділігі жайында сөз қозғап, өскелең ұрпақтардың заман талабына сай білім алып отырғандығын алға тартты. Білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы екендігін айтып, осы тұста мектеп қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстардың легіне тоқталды. Сонан соң Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында өткен шараларды жіпке тізген мектеп директоры алғаш сөз кезегін тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Абироваға берді. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру – тәрбие негізі» деген тақырыпта баяндама жасап, мектеп қабырғасында өркениет көшімен беріліп жатқан тәрбиенің негізгі құндылықтарына тоқталды. Аталмыш бағдарламалық мақалада тәрбиелік маңыздың зор екендігін қадап айтқан баяндамашы оқушылармен өткізген шараларға жеке-жеке тоқталып, оның мазмұнымен, мағынасымен таныстырды. Сонымен қатар оқулықтарды әзірлеу және 100 үздік оқулықты аудару мәселесіне де тоқталып өтті. 11 сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау, оқу жылының қорытындылары, оқушылардың білім сапасы жөнінде баяндама жасап, жаңартылған оқу бағдарламасы жайында түсінік берген мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасыры Гүлнар Тышқанбаева осы жылы 9-11 сыныптарында болатын емтиханның ерекшелігімен таныстырды. Сол сияқты ұлттық бірыңғай тестілеудің өзгешелігін айтып, онда мемлекет тарапынан беріліп отырған жеңілдіктерді кеңінен қаузады. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Диқанбай мектептегі қорғаншылық кеңестердің қызметі жайында ақпарат беріп, оның мүшелерімен таныстырса, информатика пәнінің мұғалімі Лаура Елікбаева оқу процесін цифрландыру негіздеріндегі жұмыстарға тоқталды. Онлайн күнделікті қолдану, ондағы қойылатын баға, үй жұмысы сияқты дүниелерді ата-аналардың бақылап, қадағалауларына болатындығын жеткізді. Отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту жұмысы бойынша жүргізіліп жатқан шаралар төңірегінде сөз қозғаған мектеп директоры Бибігүл Абдилова бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын көркемдеп жеткізді. Баяндамашылардың жұмысынан кейін сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов болашақ патриоттарды тәрбиелеп, сапалы білім беріп отырған мектеп ұжымына алғысын білдірді. Сонан соң бала тәрбиесіне тек мұғалім ғана жауапты деген теріс пікірден арылу қажеттігін түсіндіріп, бұл ретте ата-ананың атқаратын рөлінің зор екендігін айтты. Технологияның, әлеуметтік желілердің дамыған заманында балалардың физикалық қозғалуының аздығынан ауруға тез шалдығатындығын, спортқа, саламатты өмір салтына деген қызығушылықтарының төмен екендігін ескертіп, ата-аналар тарапынан осы мәселеге ден қойылса деген ұсынысын білдірді. Жиын барысында ата-аналар да өздерінің сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…