Басты бет Рухани жаңғыру ҮҢГІРТАС – ТАРИХИ МЕКЕН

ҮҢГІРТАС – ТАРИХИ МЕКЕН

0
4,230

«Туған жердің топырағы қандай құнарлы болса, жасыл көрпе жамылған жайсаң дала, құлпырған қызғалдақтай қыр гүлі де сондай тамаша» дегендей жақында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында 6 сыныппен Әулие-Шоқы баурайында, Тиірмен ауылының оңтүстік-шығыс тау беткейінде орналасқан «Үңгіртасқа» саяхат жасадық. Бұл жерге жылда мектеп оқушыларын топсеруенге, танымжорыққа алып баратынмын.
«Үңгіртас» деп аталуының да өз сыры бар, тұрғылықты халық көктем айларында көктеуде төрт түлік малын жайып келеді. Ауа райының қолайсыз уақыттарында, қатты жауын-шашында малдарын жауыннан қорғау үшін уақытша осы Үңгіртасты паналаған. Үңгірдің төбесі кішкене ашық, ортасына от жақсаң түтіні тік сыртқа шығып кетеді. Әкем марқұм ылғида жайлауға мал айдаған кездері сол үңгірдің ішіне малдарын түнетіп, апатты жағдайдан шығып отырғандығын жиі айтатын. Қазіргі таңда малшыларымыз да осы үңгірге бір қора мал сыйып кететіндігін растап отыр. Адамдар бұлтты, жауынды күндері адасып кетпес үшін үңгірдің төбесіне белгі тас тізіп қойған. Қазіргі таңда табиғаттың сыртқы күштерінің салдарынан біраз тастары үгітіліп, құлап көлемі кішірейген.Үңгірдің аузында бірден көзге түсетін, алыстан қарағанда қоянның құлағы тәрізді көрінетін ойық тас орналасқан. Табиғат өзі жасаған бұл жердің тылсым күштерін жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында оқушыларыма таныстырып, табиғат аясында таза ауада демалдыру, саламатты өмір салтын ұстануға үйретіп келемін. Иә, бұл біздің өлкенің керемет жерлерінің бірі болып саналады.Табиғаттың сыйы керемет қой! Соларға терең үңіліп, зер салып, өскелең ұрпаққа өз еліміздің, жеріміздің қасиетті, ерекше жерлерін тануға бағыт-бағдар беріп отырсақ біз үшін үлкен іс….
Жылдың қай мезгілінде болсын ауылымыздың таулары өз сұлулығын жоғалтқан емес. Қайта әр мезгіл сайын өзгеше бір реңге боялып, түрленіп, жаңарып отырғандай болып көрінеді. Көк тіреген биік тау шыңдарының басына көзің түскен сайын, Мұқағали ақынның «Тау баласы тауға қарап өседі» – деп келетін өлең жолдары ойыма келіп, осы шыңдар секілді өзімнің де рухым биіктейді. Тауға қарап бой түзеп, шыңның биіктігіндей биік болып, алға қойған мақсаттың шыңына шықпай тоқтамау керектігін ұққандай боламын. Қалай болғанда да тау баласы екендігіміз даусыз. Сол зәулім биік тау-шыңдарға қарап бой түзеуіміз керек екендігі де ақиқат. Ғажайып өлкеге қараған сайын, оның сыр тұнған әр тасына көз салып еріксіз таңдай қағасың.
Нәзима ХАЛЫҚҚЫЗЫ,
Тиірмен қазақ орта мектебі география және технология пәнінің мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…