Басты бет Әр қилы ЖАЛТАҚТЫҚ ЖАМАН ҚАСИЕТ ПЕ?

ЖАЛТАҚТЫҚ ЖАМАН ҚАСИЕТ ПЕ?

0
1,500

Қалада тұратын апайым өзінің жалтақтау мінезіне күйіп-піседі де жүреді. Біз үшін ол — тіпті де жалтақ емес, керісінше ойында жүргенін жасыруды білмейтін, өтің жарылып кетсе де шындықты бетіңе шыжғырып басатын жан. Өзінің балаларының егемендік алғаннан соң туылғандарының әсіресе өте еркін, үлкеннің көңіліне қарамайтын бірбеткейліктеріне ренжіп жүргенінің куәгеріміз. «Жалтақтығыңыз неден көрініс табады?» деп сұраймын ғой көңіл-хошы жайлы кезде. Сондағы апайымның түсіндіргені. 

Анамның кейде бұрыс қылықтарын, тұрмыстық жағдайда жіберіп жүрген қателіктерін айтқым келетін, бірақ анам болғаны үшін бетіне келуді тәрбиесіздікке балайтынмын. Ішімнен тынып, әкемді сөзбен ренжіткен сәттерінде араша түскім келіп тұрса да анам болғандықтан қарсы келмейтінмін. Одан соң келін болдым, енемнің кейбір сәттеріндегі іс-әрекеттері қолайыма жақпайды, дұрыс еместігіне көзім жетіп тұрса да сол жалтақтығымның кесірінен ол кісіге де ештеңе айта алмаймын. Жасын, жолын сыйлағандықтан. Ал қазір өзімнің келінім бетіме «былш» еткізеді де айтып салады. Өкпелеп қалам, біраздан соң сабырға келіп, басылам. Таразылаймын. Келінімнің айтқанының жаны бар екендігін мойындаймын. Ұлым да сол. Ұнамаған нәрсесін көлгірсімей, сипақтатпай жеткізеді. Күйеу бала жөнінде тіпті ауыз ашқым келмейді. Ол да менің жолымды, жасымды, тіпті «статусымды» сыйлап тұрғаны шамалы. Сонда олар еркіндікті, тәуелсіздікті пайдаланып ойларын қиналмастан жеткізуге құқықтары бар да, ал менің кезінде ондайға жүрегім дауаламағандығына ыза боламын, өзімнің жалтақ екеніме тағы жыным келеді. Бұрын үлкендерге жалтақтаушы едім, енді бала-шағам, келін, күйеу балаға жалтақтайтын болдым. Маңдайыма жалтақтау жазылып, ол қыр соңымнан жабысып қалмай келеді.
Қоғамдағы кереғар нәрселерге іштей қарсылық білдіремін, онымды сыртқа шығара алмаймын. Әсіресе кей ақжағалылардың жұмыс әдістеріне, білімсіздіктеріне қаным қараяды, тағы да іштей. Сосын бұйыртқаны болар деп өзімді жұбатудан әріге бара алмаймын. Айналамдағылар мені парасатты, білімді, сабырлы, ақылды деп бағалап жатады. Ал шын мәнінде олай еместігін өзім ғана білемін. Жалтақтық емей, немене? Жоқ әлде көнбістік пе? Жұмысымда өзіндік пікірім бар, өз ойымды ашық жеткізіп жүрген маман ретінде танылдым. Бәрібір кейде басшылыққа айтар ойымды толық жеткізе алмаған кездерімнің көптігіне өкінемін. Біздің заманның адамдарының бәрі мен тектес үлкеннің, басшының бетінен алмайтын, апайлары мен ағайларын құдайдай көретін буынбыз. Ал қазір ше? Мұғалімнің сауатсыздығы, білімсіздігі байқалса оны оқушылар тұқыртып, әртүрлі желілерге түсіріп, «жермен жексен» ете алады. Біздің кезімізде сауатсыз мұғалімдер болмады дейсіз бе? Болды. Дегенмен оларды мұғалім деген аттары үшін ғана сыйлайтынбыз. Сабағын жек көріп тұрсақ та тыңдайтынбыз. Бүгінгі буын бәрібір басқаша. Жақында бір апайымның мерейтойы болды. Керемет дайындық, балалары жақсы қызметте жүргендіктен келген қонақтар да лауазымды тұлғалар. Мұғалімдік жолынан ана, ене, әжелік кезеңдерін суреттейтін тамаша фильм түсірілген. Сөзбен айтып жеткізгісіз дәрежеде ұйымдастырылған тойда шәкірті ретінде сөз сөйледім. Мектеп кезіндегі көңіліме онша жақпайтын мұғалім жөнінде әй, бір көсіліп мақтау айттым-ау. Балаларының қызметінің буы ма, айналадағы аураның тылсым күші ме өзім де байқамадым, әйтеуір ең әдемі сөздерді арнадым. Апайым да маңдайымнан сүйіп ризашылығын білдіріп жатты. Өзім де қанаттанып қалғандаймын. Сосын той біткен соң өзімді-өзімді жатып кеп ұрысайын. Тағы да жалтақтығым үшін. Әй бірақ шындықты айтқаннан мен не өзгерте қояр едім. Бір адамды қуанттым емес пе, — деп жұбандым. Кейде менің бойымдағы жалтақтық емес, ұяңдық болар деп те ойлаймын. Ұяң болсам бүгінгі жеткен дәрежеме қалайша қол жеткіздім? Жалтақ екенім ақиқат». Апайымның өз мінезі туралы маған түсіндіргені осы болды.
Жалтақтық дегеніміз тәуелділіктен туындайтын қасиет десек, тоталитарлық жүйе кезінде туылып, тәрбиеленген біз шынымен жалтақпыз. Елдің қабағын бағып, біреудің көңіліне қаяу тісіріп алмайық деген сезімдерді жалтақтыққа жатқызар болсақ онда оның жаман қасиет болмағаны ғой? «Беттен алып, төстен шабуға» қарағанда кейде жалтақтық адамның ішкі эмоциясын тежеу үшін, қасындағыларды ренжітпеу үшін қажет те болар. Жалтақтық пен жалтару екі бөлек дүние. Оны шатастыруға, салыстыруға келмейді. Жастардың жалтақтамай, жан-жағындағыларға ойын ашық айтатын қасиеттері үшін тек қуану керек. Кейде ондай қасиет те бастарына таяқ болып тиіп жататынын ескерсек, оның да тәрбиелік мәніне тереңірек үңілу керек-ау. Апайымның жалтақпын деп өзін-өзі сынаған сөзінен кейін мен де көп ойланатын болдым. Жалтақтық жаман қасиет пе?..

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жаннаты  – Жетісу, асқ…