Басты бет Рухани жаңғыру ДӘРІПТЕЛГЕН ДӘСТҮР

ДӘРІПТЕЛГЕН ДӘСТҮР

0
1,105

Ерте, ерте, ертеде, үлкен бір шаһардың ханы өз баласына жар таңдап, жар салыпты. «Кімде кім өз парасаты мен ақылын менің алдымда көрсете алса, сол қызды мен өз сарайыма ханша етемін» дейді. Бұл жар салуды естіген қыздар жан-жақтан ағыла бастайды. Бірі өзінің қымбат әшекейімен сұлу болғысы келеді, бірі әдемі сән-салтанатымен көзді арбайды. Бірақ хан алдында әр қыз тек сұлулығын көрсете алғанмен, парасатын көрсете алмапты. Тіпті, сұлулық пен парасаттың бір-біріне қатысы не деп таңданғандары да жоқ емес. Осылайша, біраз таңдаумен хан да, оның баласы да шаршайды. Сөйтіп күндер өте ханның баласы енді ел аралауға шығады. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, белгісіз, күндердің күнінде бір елдің шетіне келіп, бір жұпынылау үйдің қасынан өтіп бара жатып, сұлулығы көзді алдамаса да сүйкімді бір қызды көреді.

Қыз жанына жиналған барлық кішкене қыздарға кесте ілуді үйретіп отырады. Жігіт оған: — Сіңлілерің не деген көп еді? – деп таңданысын жасырмайды. Қыз да жігітке бір сәт көз тастап, танымаса да инабаттылықпен амандасады. Үйіне кіріп, жолай өткен жігітке салқын сусын ұсынады. Сосын барып, бұл қыздардың өз шәкірттері екенін, өз қолынан келген өнерін басқаға үйретуді жаны сүйетінін мақтанышпен әңгімелейді. Қыздың сыңғырлаған үні мен өзіне жарасқан ұяңдығы, әдептілігі мен сыпайылығына тәнті болған жігіт сол арада өз жүрегінің шешімін айтып, әкесіне осы елдің адамдарына сөз салып, қызды айттырып алады. Бір қызығы, әкесі мен шешесінен бөлек, қызды бүкіл ауыл қимастықпен шығарып салады. Қоштасар сәтте ауылдың сөз тоқтатқан қариясы: — Сүйкімі дүниенің сұлулықта деуші еді бұрынғылар. Біздің қызымыз өзінің жан сұлулығы мен тән сұлулығын қатар алып жүрген қыз еді. Осы қыздың арқасында біздің ауылымыз да сүйкімді болған екен. Біздің алтынымызды қадірлей біл, — деп шығарып салған екен.
Бұл ертегінің желісі көпке ой саларлықтай тағылымды, мазмұнды екендігіне дау болмас. Қыз балаға болашақ ана, ұлттың болашағы деп қараған бабалар дәстүрін дәріптеу мақсатымен аудандық кітапхана қызметкерлері «Қыз сұлу көрінеді білімімен» атты жайдарлылар және оқымыстылар клубының кездесуін ұйымдастырды. Қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық, жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білу, оқушылардың ойлау, есте сақтау, танымдық қасиеттерін дамыта оқыту; қазақ халқының әдет-ғұрпы арқылы қыз бала тәрбиесіне тән қасиеттерді бойына сіңіру мақсатын көздеген бұл кездесуге Шонжыдағы Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің жоғары сынып оқушылары қатысты. «Қанатты сөздерді жалғастыр», «Маржан сөз», «Ұлылардан қалған сөз» атты бөлімдер қыздардың білімдерінің қаншалықты деңгейде екендіктерін және салт-дәстүр сабақтастығын қаншалықты меңгергендіктерін бағалады. Рухани жаңғыру аясында бабалардан қалған дәстүрлерімізді жалғастырып, қыз бала тәрбиесіне қатысты мақал, мәтел, ұлағатты сөздер айтылып, «ертегідегі қыз балаға патша баласының көңілі не үшін ауды?» деген сұраққа жауап та алынды. Ісмерлік шеберлігін өзінен кейінгілерге үйреткен, инабатты, ұятты, қылықты қыздың мінез-құлқының басқаларға үлгі етілгендігі айдан анық. Әр бойжеткеннің бойында біздің ұлтқа ғана тән адамгершілік қасиеттердің болуы қажеттігін паш еткен кездесуден келгендердің бәрі де өнеге алды деген сенімдеміз. Адамның жан дүниесі арқылы оның рухани деңгейі жаңғырар болса, бұл шара да жас қыздардың ата дәстүрді сақтағандықтарын танытатын тағылымды кездесу болды деп айта аламыз.

Нұршат САТЫЛҒАНОВА,
аудандық кітапхананың кітапханашысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…