Басты бет Рухани жаңғыру ТІЛ – РУХАНИ ҚАЗЫНА

ТІЛ – РУХАНИ ҚАЗЫНА

0
2,321

Тәуелсіздігімізді алғаннан бастап шұбарланған ана тіліміздің дәрежесі биіктей бастады. Осылайша Қазақстан Республикасының ана тілі – қазақ тілі болды. Бүгінгі күнде ана тіліміздің қолдану аясы мен бедел, мерейі тек мемлекетіміздің ішінде ғана емес, халықаралақ қатынастар деңгейінде көтеріліп келе жатқандығы мәлім.
Осыған орай аудандық прокуратура қызметкерлерінің ұйымдастыруымен №4 Шонжы орта мектебінде «Тіл – рухани қазына» атты байқау өтті. Аталмыш байқаудың ерекшелігі мектеп қабырғасындағы өзге ұлт-өкілдерінің қазақ тілін меңгерудегі қабілеті мен білімін сынау болды. Байқаудың бірінші кезеңі «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген атпен кез келген ақынның өлеңін мәнерлеп жатқа оқу болды. Мұнда оқушылар барын салып, өлеңнің мәні мен мағынасын ашуға тырысып бақты. Ал екінші кезең «Тапқыр болсаң, тауып көр» деп аталып, байқауға қатысушылар қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің мағынасын табуға талпынса, «Ойлы болсаң, озып көр» кезеңінде он бес минут ішінде эссе жазды. Әр қатысушының қабілеті айқындалған бұл кезеңде бірнешеуі сүрініп те жатты. Дегенмен білімді, ойлы оқушылар топ жарып, алға суырылып шықты. Байқауға қазылық еткен аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов, аудандық №5 коррекциялық кабинеттің директоры Мамытқан Құдайбергенов, білім бөлімінің бас маманы Мөлдір Құрманалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сарапшысы Сымбат Туглукова, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Баян Құланбаевалар әрқайсысына әділ баға қойып, жүйріктерді анықтады. Сайыстың қорытынды сөзін сөйлеген аудан прокуроры Арман Омаров мемлекеттік тілдің мәртебесі жайында айта келе, жарыс болғаннан соң жеңіс пен жеңілістің бар екендігін айтып, топжарған оқушыларға сыйлықтары мен грамоталарын табыс етті. Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Адилжан Аширов сайысқа қатысушыларға алғыс хаттарын беріп, жеңістерімен құттықтады.
Тілдің тазалығы мен байлығы ұрпақтан ұрпаққа ананың ақ сүтімен берілетін үлкен қазына.Шерхан Мұртаза «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – балық» деп бекер айтпаған. Тіліміздің мәртебесін көтеру – әлемді мойындату. Ендеше елдігіміз бен теңдігімізді айқындайтын ана тіліміздің шоқтығы биік болғай…

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…