Басты бет Иман МӘУЛІТ – ТӘЛІМІ МОЛ МЕРЕКЕ

МӘУЛІТ – ТӘЛІМІ МОЛ МЕРЕКЕ

0
1,113

Исі мұсылман қауымының мәні мен маңызы ерек, тәлімі мен тәрбиесі мол мерекелері баршылық. Атап айтсақ, апта сайын келетін қасиетті жұма күні, айлардың сұлтаны Рамазан айы, ораза айт, Құрбан айт сияқты ұлық мейрамдар жетерлік. Солардың ішінде бөле жарып айтуға тұрарлық, күллі мұсылман қауымымен қатар адамзат баласына ортақ «Мәуліт айы» бар. Бұл – Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с) дүниеге келіп, жер жүзін нұрға бөлеген қасиетті күн. «Мәуліт» сөзін төл тілімізге аударғанда туу уақыты немесе туған күн дегенді білдіреді екен. Ислам әлемінде бұл күнді «Мәулудун-Нәби», яғни, «Пайғамбардың туған күні» деп те атайды. Сол себепті бұл күнді дүниежүзіндегі барша мұсылман қауым атап өтеді, қуанышпен қарсы алады, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көркем мінезін, өнегелі істерін, адамзат баласына жасаған жақсылықтарын айтып, тәлімі мол кездесулер өткізеді.

Ауданымызда да жыл сайын осы айтулы күннің құрметіне түрлі игі шаралар өткізіліп тұратын. Биылғы бастама Сүмбе ауылы тұрғындары тарапынан болды. Бұған дейін Шонжы ауылдық №3 мешітінің имамы болып, халықтың алғысына бөленген Ахметов Бахтияр ағамыз жуырда Сүмбе ауылдық мешітіне имам болып тағайындалды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дейді атам қазақ. Айрандай ұйып, қазақы салтты сақтап отырған Сүмбе ауылы тұрғындарының басын қосқан үлкен жиынды көргенде осы сөз ойымызға оралды.
Ауылдың кіреберісінде орналасқан мешіт маңы бұл күні шынымен мереке екенін еске салғандай. Мешітке тайлы-тұяғымен келген ауыл халқының қарасы көп. Мешіт жанындағы алаңқайға шатыр тігіп, сыртында кәдуілгі тойдай абыр-сабыр дайындық. Ауылдағы ақ жаулықты аналарымыз бірі жеті нанын пісіріп келіп жатса, енді бірі тәтті-тұрымын арқалап келген. Әйтеуір ауыл жайылған ақ дастарқанға өз қал-қадірлерінше үлесін қосуға тырысып бағуда. Ал мешіт ішінде уағызға ұйыған жұртта да есеп жоқ. Ақ сақалды аталарымыз да, әжелеріміз бен аналарымыз да, жастар да осында жүр. «Мәуліт айының» мәні мен маңызын айтқан Бахтияр Ахметов: «Исі мұсылман үшін бес күн жалған дүниеде пайғамбар өмірінен алар өнеге көп. Демек, мұсылманның өмірдегі басты мақсаты – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне еліктей білу. Адам баласы өмірде әрқашан өнеге тұтар ұлы тұлғаны іздеп бағады. Ал ондай тұлғаның бірі де бірегейі – ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Алла тағала пенделеріне «Ахзаб» сүресінің 21-аятында: «Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Расулуллада, әлбетте, тамаша өнегелер бар» деп баяндайды», – деген өнегелі ойларын жеткізді. Мұнан соң Қырғызсай ауылдық мешітінің имамы Ербол Құрманбаев, Шарын ауылдық мешітінің наиб имамы Заир Хамидов, Шонжы ауылдық №2 мешітінің имамы Савирдин Ахуновтар да ауыл тұрғындарына ислам дінінің ақидасы жөнінде әңгіме өрбітіп, уағыз айтып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегесін насихаттап, өмірбаянын халыққа таныстырды. Бұл күні адамзат баласына Алланың ақтығын, исламның хақтығын танытып, ақ пен қараны, дүние мен ақыретті, тозақ пен жұмақты айыра көрсетіп, адамдықтың асыл қасиеттері мен құндылықтарын үйреткен Пайғамбарымызға (с.ғ.с) көп-көп салауат айтылды. Жиын соңында мешітке жиналған барша жамағатқа жайылған ақ дастарқаннан қонақтар мен ауыл тұрғындары дәм татып, барша мұсылман қауымының рухына бағышталып құран оқылды. Тәуелсіздік мейрамымен қатар келген Мәуліт айында изгі ниеттер мен ақжарма тілектер ақтарылды. Мешітке жаңа келген имамға да ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары алғысын арқалатып, баталарын берді. Халықтың бірлігін арттыруға септігін тигізгені үшін де ықыластарын білдірді. Осылайша сүмбеліктер қасиетті мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, шаттықпен қарсы алды.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…