Басты бет Тағзым ҰЛЫ ЕЛДІҢ ТҰЛҒАСЫ

ҰЛЫ ЕЛДІҢ ТҰЛҒАСЫ

0
1,168

Аудандық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен әдеби кеш қазақ әдебиетінің заңғар жазушысы, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының тұңғыш докторы, профессор, академик, абайтанудың негізін қалаушы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына арналды. Әдебиеттің асқары іспеттес тұлғаның өмірі де, өзі де дара. Ол – Абайды бүкіл дүние жүзіне танытқан қазақтың біртуары. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Мұхтар Әуезов – біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз» дегенінің өзі жазушының еңбегіне берген бағасы. Әуезов сан – қырлы талант иесі. Жазушылығы бір төбе, әрі ғалым, драматург, педагог, публицист, қоғам қайраткері. Ол – өмірдің сан қилы соқпағын басынан кешірген азамат. Қоғамдық талас-тартыстың құрбаны да болды. Қуғынға да ұшырады, жазғандары сын найзасына қадалды, бірақ оған мойыған жоқ. Таланты тас жарды. Әуезов ешбір шығармасын ойдан алып, қиялмен жазған емес, оның әр шығармасының негізі шындық, өмірде болған оқиғаның көркем әдебиеттегі шежіресі, оның әрбір кейіпкері өмірде болған адамдар. Жазушының құдіретті қаламымен мүсінделген көркем образ шынайылығымен өз оқырманына жол тартып отырды. Жазушының шығармаларында адал, ар, ұяты бар, бірақ қолы қысқа жоқшылықты, өмір ауыртпалығын көрген адамдарды аяныш сезімімен бейнелеп, озбырлықты, дүниеқоңыздықты, пысықтықты жеріне жеткізе әшкерелуі арқылы ол ел құрметіне бөленді. Осындай деректермен таныс болған жиналғандар М.Әуезов шығармашылығының қаншалықты құнды екендігіне көздері жетті. Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектебінің оқушылары әр кездері Мұхаңа арналып жазылған Қасым Аманжоловтың, Мұхтар Шахановтың, Сырбай Мәуленовтың өлеңдерін жатқа оқыса, біраз оқушы «Қорғансыздың күні» әңгімесінен үзінді оқып, өз ойларын да ортаға салды. Сондай-ақ «Оқыған азамат», «Ел ағасы», «Жетім» әңгімелері де оқушылардың жан дүниесінен шығып жатқандығы қуантты. 9 сынып оқушылары Шұғыла Абдибай, Әден Балжан, Байжұма Арайлым, Перизат Сайдалимова, Дилназ Шағатаева, Әсем Дарубай, Бақытқан Самғар, Айтжан Бибінұр, Арайлым Асиынова, Анар Әлімжанова, Әлия Нұрмұханова, Дана Маткеримова, Ақбаян Тұрсынәліқызы Әуезов әлемі жайлы жақсы дайындық жасағандықтарын көрсетті. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке» ансамблінің әншілері музыкалық қолдау көрсетіп арасында әннен шашу шашты. Жалпы әдеби кештің мақсаты жас буын бойына шығармашылық арқылы рухани дән себу болатын. Бұл мақсат діттеген жеріне жеткендей әсер қалдырды. Мектеп оқушыларының Әуезов шығармашылығы жөнінде оқығандары да, айтарлары да көп болғандығы жан семіртті.
Әуезов әлемі дейтін кең дүниенің жаратылыс мен табиғатын екі сөзбен қайырып айту мүмкін емес. Оны терең танып, жан-жақты талдау әр дәуірдің міндеті. Француздар – Бальзакты, орыстар – Толстойды, америқандықтар –Драйзерді, немістер – Гетені қалай зерттеп, дәріптесе қазақтар да Әуезовті солай тануға ұмтылғанда ғана рухани дүниеміздің жаңғыратындығы даусыз. Ұлы қаламгердің мол мұрасын оқып, білу бүгінгі жас ұрпақтың парызы. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аты мақала аясында өткен кештің жастарға берері мол, тағылымды өткендігін айтпасқа болмас. Бұл ұлы жазушының ұлылығынан болар.

Әбзелқан МАЛДЫБЕКОВА,
аудандық кітапхананың кітапханашысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАҚСЫЛЫҚ – ЖЕТІСУДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Өткен аптаның бейсенбісінде Қарадаланың халқы қасиеті орасан халық әндерінің әуелеген орта…