Аудандық Қорғаныс істері бөлімінің жұмысы тек әскери міндеттерін өтеуге балаларды жинайтын орын деген түсінік қалыптасып қалған ел арасында. Ол да дұрыс пікір. Қазіргі жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиені сіңіру, Отанға, еліне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру жолында аталмыш бөлім қызметкерлерінің атқарар жұмыстары орасан екендігін айта кеткен жөн болар. Соның бірі шекаралық әскери бөлімге оқушыларды, өскелең ұрпақты саяхатқа апару дәстүрінің бұзылмай сақталуы.
Жақында аудан орталығындағы мектептерден 120 оқушы аудандық білім бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып 2534 әскери бөлімін аралаттық. Әскерилердің жатын бөлмелерінен бастап, тамақтанатын асханалары, күзет постары, кітапхананы тамашалаған оқушылар әскери мұражайда біраз аялдады. Мұндағы әр кездері бөлім басқарған генералдар бұрышы, бөлімге атбасын бұрған үлкен шенді азаматтар келген кездеріндегі естелік суреттер, қонақтардың жазған қолтаңбалары бәрі-бәрі өте мұқият жинақталған. Ұл балалар көп болғандықтан қару-жарақ түрлеріне келгенде олардың қызығушылықтары тіпті арта түсті. Бұрынғы кездегі мен қазіргі заманауи қарулардың ара жігін түсіндірген әскерилердің әңгімелері де құлаққа жағымды естілді.
Әскерде қызмет атқарып жүрген жігіттер сапқа тұру, жүру сияқты тәртіпті талап ететін қимыл-әрекеттерін көрсетті. Күні бойына созылған саяхаттан балалар зор әсер алды. Тіпті кейбіреулері болашақ мамандықтарын әскери қызметпен байланыстырғылары келетіндіктерін де жасырмады. Жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулуда осындай шаралардың жиі өткізілуі құба-құп.
Мұрат МАМЫШЕВ,
аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің инспекторы