Басты бет Рухани жаңғыру ТУҒАН ЖЕР НЕГЕ ЫСТЫҚ?

ТУҒАН ЖЕР НЕГЕ ЫСТЫҚ?

0
2,244

Қазақтың жерінің бәрі киелі, қасиетті. Біздің отбасының Ұлытауды бір көрсек деген арманы бар. Алла сәтін салса ол да орындалар. Қазақ хандарының басын қосқан, атының өзі айтып тұрғандай ұлылар басқан жерді, қазақ тарихының алтын бесігі, қазақты тудырған жер десек қателеспеспіз, қойнауы тарихқа толы даланың топырағын бір бассақ деген мұратымыз еш бәсеңдеген емес. Ол биік тауларымен мақтана алмайды, сұлулығы таңдай қақтырмайды, тек тарихи құндылығымен өзіне тартады. Онда бәрібір бабаларымыздың үні, сарыны жатыр. Кіндігіміз, түп тамырымыз сонда. Мүмкін ол жақтың адамдары біздің Шарын шатқалын, ыстық суымызды көруді армандаулары мүмкін. 

Қай аймақты алсақ та табиғат кереметтері жетерлік. Дей тұрғанмен туған жердің қымбаттығын, ыстықтығын ештеңемен теңгере алмасымыз тағы ақиқат. Бай болып, қолымыз биік мансапқа жетіп, ғаламның жеті кереметін аралап қайтсақ та туған жерден қымбат ештеңе таппасымыз тағы шындық. Қарапайым мысал келтірелік өз елінен, жерінен жырақта жүрген жандар жағдайлары қаншалықты керемет болса да туғандарын, бауырларын аңсайды. Сөйте тұра қызмет бабымен, тұрмыс жағдайымен оның сағынышы бәсеңдеп, басқаға көңілі ауа бастайды. Ол да шындық. Ал туған жерді аңсау жылдан жылға өрши түспесе кемімесі анық. Бұл қандай күш? Ырыққа, санаға көнбейтін не құдірет? Мәселен өз ұлтымен, өз жерінде өмір сүріп жүрген жасөспірімге өз елінің көп дүниесі ұнамауы мүмкін. Көңілі толмауы да ғажап емес. Ал енді жырақта жүргенде, әсіресе шетелде өз ұлты, жері туралы басқалардан балағат, жаман сөз естісе жаға жыртыса кетуі әбден мүмкін. Ол ненің күші? Бұған бірден жауап бере алмаспыз. Дегенмен ол оның туғаннан қалыптасқан іште жатқан патриоттық сезімі. Ол сезім бірте-бірте ұлғаяды, толысады. Адам оны сезбеуі де, ойламауы да мүмкін. Бірақ жағдайға байланысты осылайша бұрқ ете қалғанын өзің де байқамай қаласың. Шетелде, жырақта жүргенде өз елінің бір бейтаныс адамы кездесе қалса ол сөзге келмей-ақ жаңағы адаммен туыс болып шыға келеді. Әңгімелері жарасады. Бұл нендей күш? Дәл анықтама бере алмасақ та сағыныш болар деген ой келеді. Әлгі бейтаныс адам туған жерінің бір бөлшегі болып көрінуі мүмкін. Өйткені ол да сол сағынышты жердің ауасын жұтып, суын ішіп, тағамын жеп өсті.
Айталық шарана ана құрсағында пайда болған кезден анасының жұтқан ауасымен, жеген тамағымен нәр алып қалыптасады. Кейін айы, күні жетіп жарық дүние есігін ашқанда ана сүтімен қоректенеді. Кейін азамат болып, қоғамға араласқан соң өз елінің ауасы, тұз, дәмі өзіне жетпей тұрған сияқты болып көрінеді. Қазақ жері кең-байтақ. Оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлеріндегі адамдарда да, тағамдарда ерекшелік бар. Сондықтан болар әр адам өз елін, туған жерін, топырағын аңсап тұратыны.
Кімге болса да өз елі жұмақ, жанынан артық. Адамдарда арман да, мақсаттар да көп. Оның орындалатыны, орындалмайтыны бар дегендей, бірақ солардың ішінде туған жерге деген, өскен ортаға, аунаған топырағына деген сағыныш, аңсау ешқашан да өшпейді, Тіпті күшейе түседі. Ол Отанға деген сезім, туған жерге деген сүйіспеншілік. Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының түп мақсаты да осы. Өз жеріңе, еліңе деген махаббатың бір сәт те бәсеңсімеу керек. Жан дүниең еліңе деген махаббаттан жаратылуы тиіс. Биыл жазда тиіп тұрған жердегі киелі жердің бірі Көлсайда болдық. Бала-шағамызбен. Сұлулығын тілмен айтып жеткізгісіз. Көлсай мәңгілік тыныштықта жатқандай. Керемет сабырлылық, байсалдылық танытты. Табиғаттың өзі таулардан қорған соғып, осы көлді қорғап тұрғандай. Қариялар жағы Көлсайды жер сілкінісінен пайда болған деседі. Құлап келе жатқан тау өзенді үш жерден бөгепті-мыс. Мүмкін шындық болар. Бір қызығы Көлсайды мекендейтін аң-құстардың бәрі дерлік қызыл кітапқа енгізілген. Жұмақ осындай-ақ болар деген ойға кетесің. Ал енді жақында ғана Қырғызсай тауларында бүкіл облыс жастарының басын қосқан шара не үшін жасалды? «Туған жерге туыңды тік» атты жобаның мақсаты еліміздегі осындай көрікті жерлердің барлығын жас ұрпаққа таныстыру, оның әр тал гүлі мен құмырсқасына дейін қорғау, аялау. Қырғызсай тауларындағы алма, өрік, жаңғақты басқа қай жерден жинай аласың. Осының өзін табиғат сыйы десек те, оны әрі қарай көбейту, күтіп, баптау адамдардың атқаратын жұмыстары.
Ең бастысы рухани жаңғыруды науқандық шараға айналдырып, «айтылу керек, жазылуға тиісті» деген дабырашылықтан алыстатып, оның түпкі мақсатына зер салсақ. «Туған жер неге ыстық?» деген сұраққа әрқайсысымыз жауап іздесек. Оның сан қилы болуы заңдылық. Дей тұрғанмен кіндік қаның тамған жердің қадір, қасиетін, киесін бағалау үшін Елбасының мақаласын тағы бір қайтара оқып шығу керек шығар. Патриоттық сезім, Отанға, туған жерге деген махаббаттың қаншалықты ыстықтығын сонда түсінерміз… бағалармыз…

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…