АНАЛАРДЫҢ АНАСЫ

0
196

     Әр саланың өз саңлағы болады. Көзге көрінбейтін, байқала бермейтін мамандық иелері бар. Олардың атқарған шаруалары қыруар болса да қарапайым жұрт біле бермейді. Ал өнер мен спорттағы тарландардың еңбегі елдің көз алдында болғандықтан әркім оларға өз пайымдауларымен бағаларын беріп жатады. Өнер адамы әрқашан да жаны нәзік, жүрегі таза, сезімтал болып келеді. Оның ішінде актерлік өнер қиын һәм күрделі. Сахнаға шыққанда өзге әлемге еніп кететін алыптар бар. Сол алыптардың дарабозы – Сәбира Майқанова.

    Сыр өңірінің перзенті. Ол Қызылорда облысы, Сырдария ауданында 1914 жылы күзге салым дүниеге келген екен (Құжат бойынша 1 қаңтар болып жазылып кеткен). Әкесі Майқан мейірімді, байсалды, көп сөйлемейтін, орта шаруалы адам болыпты. Шешесі Дәмегүл – өр мінезді, келісті-кескінді өз заманының сұлуы атанған Қыпшақ қызы. Әкеден бір жасқа толмай, шешеден жеті жасында айырылған ол кішкентай сіңлісі Зағипа екеуі жетімдіктің машақатын көп тартып, Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді.
Серәлі Қожамқұлов тәрбиелеген жас актрисаның өнер жолындағы тұңғыш қадамы – Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Алтынай атты комсомол қыздың рөлі. Өнегелі өрісі кең мектептің өкілі, режиссер Жұмат Шанин де Сәбира Майқанованың ұстаздарының бірі. Рөлдерді бөлгенде әркімнің қабілетіне көз жүгіртіп, олқылықтарына ескерту айтып отыратын ол көрегендікпен Сәбираның болашағына сенген. Осындай ортадан тәлім алған С.Майқанова кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында коллективтендіру дәуірі, жаңа өмір орнату кезеңдерінде қажыр-қайратын аямаған қыздардың бейнесін мүсіндеп, аз уақыттың ішінде тәжірибелі тарлан әртістердің қатарына қосылды. Актрисаның тырнақ алды рөлдерінің бірі – татар жазушысы Д.Рахменқұловтың «Документ» пьесасындағы Роза есімді пионер қыздың рөлі. Содан кейінгі В.Киршонның «Астық» пьесасындағы комсомол ұйымының хатшысы Зотованы С.Майқанова тақылдақ, шаш ал десе бас алатын шолақ белсенді, жарамсақ етіп көрсеткен. Бұл рөлдің көрерменге ұнағаны сондай, тіпті көшеде кездескен көрермен «Сәлеметсіз бе, Зотова!» – деп өтетін. Ал, М.Әуезовтің «Алма бағында» пьесасындағы агроном Рая, Б.Майлиннің «Малқамбайында» байдың қызы Өзипа жас актрисаның көпшілік жүрегіне жол тауып, келешегінен мол үміт күттірген кейіпкерлер болатын. Алғашқы бейнелері уақыт өте келе, рөлдердің ұзақ-сонар керуеніне айналды. Өз басым әкемтеатрда Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Анасындағы» Толғанайдың рөлінде көрдім. Қайғы мен қасіретті жеткізгені соншалықты залда отырып күңірендік. Көкірегіміз қарс айырылды. Әртіспен бірге жыладық. Пьесадан шыққан соң да Сәбира Майқанованың түр келбеті көз алдымызда тұрып алды. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар дара тұлғалар, оның ішінде аналар бейнесі Сәбира Майқанованың сомдауында ерекше орын алады. С.Майқанова сахнаның пірі болды. Небір жақсы қасиеттерді бойына сіңірген ана кейіпкерін сомдауда еш аянып қалмай сахнада өмір сүрді. Кейіпкердің басында болып жатқан қайғы мен қуанышты өз жүрегінен өткізетін. Актрисаның қуанып, мақтан ететіні Абай мен Шоқанды, Қозыны дүниеге әкелген абзал да парасатты аналар бейнесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу құрметіне, маман режиссерлердің сеніміне ие болғандығы. Қазақ анасының бойындағы ұлттық қасиеттері мен аналық тұлғаларының сахна төрінен орын алуына аз да болса септігін тигізгені үшін актриса өзін бақытты санаған. Қалың көрерменнің сүйіспеншілігіне, жұртшылық құрметіне бөленген С.Майқанова аналар рөлінің бай галереясын жасады.
С.Майқанова бейнелеген алғашқы ана рөлі М.Әуезов пен Л.Соболевтың «Абай» трагедиясындағы – Ұлжан. Кезінде бұл қойылым театр мамандарынан тиесілі бағасын алды. Әр ананың жаратылысы әртүрлі.
Ұлжан – ұлы адамның анасы. Абайдай данышпанды дүниеге алып келген қасиетті ана. Қаһарлы Құнанбайдың ең ақылды, кемеңгер бәйбішесі. Ұлжан тек ана емес, Құнанбайға да, Абайға да ақылшы. Осы образды жасы небәрі отыздың үстінде сомдады. Бірақ дәл нағыз Ұлжанды көрерменге жеткізе алды. Дәл сол қойылым болатын күні мінезін өзгертіп, өзін сабырлы ұстап, ұстамдылық танытады екен. Міне, нағыз шебердің үлгісі. Майқанова Ұлжанды ұстамды, ақылды, мейірімді етіп суреттейді. Оның бойынан ірілік пен кішіпейілділік бірдей сезілетін. Бірақ актриса Ұлжанды адамгершілік деген түсінікте бейнеледі. Майқанованың байсалды қимыл-қозғалыстары, ақылды да мейірімге толы көзқарастары Ұлжан жанының нәзіктігін, ниетінің адалдығын білдіріп отырды. Актриса Ұлжанның бұл мінездерін жалпы қазақ әйеліне тән төзімділіктен асырған жоқ.

Сәбира Майқанованың өмірі мен тұрмыс-тіршілігінде енесі Қанипаның алар орны ерекше. Театрдағы жұмыстарын алаңдамай атқаруы енесінің арқасы еді. Тірлік қамы, төрт баланы бағып қағу, барлық үй шар­уасы сол кісінің мойнында. Енесінің жасаған жақсылығын ешқашан ұмыта алмайтындығын кез келген кездесуінде айтып отыратын жарықтық.

Актрисаға: «Сіз сахнада аналар образын көп жасайсыз, ана бейнесін өмірге келтіру сізге өте оңай тиетін шығар», – деген сұрақтар көптеп қойылады екен. «Егер анадан ананың айырмашылығы болмаса актриса болып не керек?», – деп жауап береді сахна шебері. Ол ойнаған аналар бейнесінің бәрі халық аузында аңыз болған асыл адамдардың анасы. Актриса үшін бұл кескін емес, өмірдегі Сәбираның өзі болып есептеледі. «Мәселен, ана образын алайық. Онда балаға деген мейірімді көрсету керек. Егер сен алдыңдағы сәбиге өз нәрестеңдей мейіріммен, жүрек жылуымен қарай алмасаң көрерменді иландыру мүмкін емес»  – деген мағлұмат береді үлкен өнер иесі. «Өнер деген киелі нәрсе, соны мықтап ұғынбаған жан өзін босқа қинайды. Ондайда кеудеңді қанша кергенмен бопсалығың ашылып қалады. Мен кереметпін, қолым биікке жетті, жұрт менімен енді теңдесіп алсын», – деп лепіретіндерден шынайы талант шықпақ емес… Нағыз таланттың қасиеті – қарапайымдылық. Ол қашан да өмірмен өзектес, тағдырлас жан. Өнерде де, өмірде де, адал адам ғана көздеген биігіне шығады. Әрбір рөлге тазалықпен бармасаң, жүрегіңнің арымен кіріспесең, ол рөлдің шықпайтынын ерте түсінгеніме қуаныштымын». Бұл үлкен өнер иесінің өсиеті.

С.Майқанова көптеген аналар бейнесін жасады. Барлығы дерлік көрермен жүрегінен орын алды. Солардың ішінде өте сәтті шыққан рөлдерінің тағы біреуі классик жазушы Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» (1956 ж.) атты тарихи трагедиясындағы Шоқанның анасы – Зейнеп. Ол сахналаған өзге рөлдеріне ұқсамайтын, дара тұлғалы рөл еді. Зейнеп сұлу да, сымбатты, өзі кербез, ақылды да тәкаппар, реті келсе Шыңғысқа айтқанын істете алатын мықты, мығым бәйбіше болып шыққан. Ол бұл қалпын Ресейдегі генерал-губернатор Гасфордтың үйінде қонақта болғанда өздерін әлдеқайда өркениетті санайтын Еуропалық ханымдар мен мырзалар арасында да сақтай біледі. Үстіне қызыл күрең зерлі барқыт бешпетін киіп, басында төгілген оқалы кимешегі, айналасына керіле, паңдана қарап тұрғанында хан Шыңғыстың ханшасы атанған келбетіне көз тойғандай еді.  Сәбира – Зейнеп ойынында сырт көзге күлкі болмайық, надандығымызды ешкім сезбесін деген лебіздерді зілмен, ызғарлы өңмен, суық сөзбен ғана жеткізетін.
Талантты актердің жасаған бейнесі көз алдында салынған суреттей жазылып қалатыны сияқты, Зейнеп ананың ерекше бейнесін көрермен ұмыта алмайды.

Сәбит Мұқанов зайыбы Мәриям апай екеуі әрбір қойылым сайын келіп ойынды тамашалайтын. «Қанша жыл жүріп, қанша рет қойылса, сонша рет көрдік қой» – деп отыратынды Мәриям апай. Сәбит ағай Нұрмұқанның Шоқанына риза болғаны соншалық, туған баласындай жақсы көріп кетті»  – деп Б.Римова өз хатында есіне алады. Бұл ұлы суреткердің өз шығармасына, актерлер қауымына көрсетілген үлкен құрметі.  Ана образын Сәбира апамыздай сомдаған, көрерменіне жеткізе алған актриса жоқ-ау, сірә. Ұлттық драматургиямыздың небір күрделі образдарын жасауда С.Майқанованың актерлік шеберлігіне тең келетін да ешкім жоқ.
С.Майқанова қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі өткен онкүндігіне 1964 жылы гастрольдік сапармен барғанда, Кремльдің театр сахнасында Толғанай рөлін сомдады. Қалың жұртшылық Толғанайдың толысқан бейнесіне ризашылығын білдірді. Толғанай ананың тұла бойымен түсірілген бейне суреті бірнеше күн бойы орталық көшелерде ілулі тұрды. Бұл үлкен өнерге, оны ойнаушы актерлерге деген ризашылық сезімі еді. Толғанайдың қиын, әрі күрделі бейнесін С.Майқанова трагедиялық негізде сенімді, әрі көтеріңкі көңіл-күйде алып шыққан. Оның жуан, қоңыр дауысында бейбітшілік ісін қорғаушы, балаларын қолынан жұлып алып бара жатқан сұм соғысқа қарсы тұрған ананың жан-жарасының сыздауы мен ашу-ызасының сарыны бар. Ананың монологы, күрсінісі, наразылығы тым әсерлі, әсіресе оның жаңа жиналған дәннен сол мезетте пісірілген таба нанды қастерлеп, аса бір мейіріммен бетіне басатын сәті адамның жан-дүниесін қозғайды, – деп жазыпты театр зерттеушісі Б.Львов-Анохин. «Ана – Жер ана» қойылымы отыз жыл бойы сахна төрінен түскен жоқ. Актрисамен бірге ширек ғасыр өмір сүрді. Көрермен де ұлы өнерпаздың ойынын көруден жалыққан жоқ. Толғанайды көптеген жылдар бойы ойнағанымен, әр қойылымға алғаш рет шығып отырғандай тың, аса жауапкершілікпен, монологтарды қайта-қайта еске түсіріп даярлықпен келетін. Өйткені ол рөлдің кірпігіне кірбің түсіргісі келмейді. «Толғанайды мен рөлім демеймін, өзімнің тағдырым, өзімнің күйзелісім, өзімнің қуанышым деп есептеймін», – дейді актриса.

Саф өнерді қолға қондыру әркімнің қолынан келе бермесі анық. Оған барынша тазалық, адамгершілік темірдей төзімділік керек. С.Майқанова  өмірін театрға арнады. Бар өнерін халқына сарқып берді. Трагедия, комедия, драма қай жанрда болсын актрисаның оң жамбасына келе қалатыны оның шеберлік диапазонының кеңдігін айқындап, нағыз жүйрік екенін дәлелдеп тұр.

Ол өмірде де, сахнада да – ана. 1932 жылы қабылданып, бар өмірін арнап, адал қызмет еткен Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының да анасы атанды. Еңбегі еленіп Қазақстан (1958) және КСРО (1970) халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1967) құрметті атағына ие болды.

Аналардың анасы атанған Сәбира Майқанова қазақ өнерінің ең биік жұлдызы. Ол Алланың берген талантын әрі қарай жетілдіріп, театр деген киелі орынның анасына да айналды. Кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін табиғи талант, ерекше дарын, адалдық пен тазалық, өз ісіне шынайы берілгендік Сәбира Майқанованы ұлттық брендке айналдырды. Ол біздің санамызда үлкен әріптермен Ана болып қалары анық.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…