Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында экономикаға басымдық берді. Салық саласына көптеген өзгерістер енгізді. Өзім кәсіпкерлікпен айналысатындықтан осының бәрі мен үшін жағымды жаңалық. Кәсіпкерлерді қолдау арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға болатындығын осыған дейін де айтқан-ды. Келсін, келмесін тексерулерге жол бермей, өз кәсібін бастағандардың аяқтарынан тұрып алулары үшін жағдай жасалуын да қолға алған. Бұл шаралар жүзеге асып келеді.
Алайда кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатқандығын жасырмады мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керектігін қатаң тапсырды. Өзім аудандағы үлкен базардың басшысы ретінде мұндай жеңілдіктерге қуандым. Кейде ретсіз тексерістердің болып қалатыны рас. Оның үстіне ауданымыз күн санап дамып, қарқындап келеді. Үлкен сауда орындары ашылып, тұтынушылардың көбісі сол жерлерге баратын болды. Менің базарымнан табыс тауып отырғандар үшін әрине тиімді болмай тұр. Дегенмен тұрақты сатып алушыларын қалыптастырып алғандарға ештеңе емес.
Ірі бизнестері бар адамдарға елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті екендіктерін ескертті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал, одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады, дегенді де таптап айтты.
Президенттің әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар, – дегені де көңілге қонымды.
Әрине мемлекет басшысының дәстүрлі айтатын Жолдауын бағалы құжат деп қабылдауымыз керек. Ондағы айтылған мәселелерге мән берген жөн. Бізге қатысы жоқтай еренсіздік танытпауымыз қажет. Кәсіпкерлікті де қолынан келген адам жасайды. Үлкен базардың қожайыны деген атым бар болғанымен, оның да есебі, әртүрлі проблемалары жеткілікті. Жұмысшыларымыз бар. Олардың да еңбегін дұрыс бағалап, уақытында жалақыларын төлеп отыруың керек. Бәсекелестік туындаған кезде өз табысыңды кемітіп алмай, керісінше қабілеттілікті арттыру жолын қарастырған жөн. Алпауыт сауда орындары көбейген сайын біз де өз қауқарымызды төмендетпеу үшін тырысып келеміз. Салық төлемдерін мерзімінде төлеп, ел қоржынына қаржы салып отырмыз. Алдағы жылды жұмысшы мамандығы жылы деп жариялағаны да құптарлық. Жұмысшы мәртебесін көтеру арқылы қарапайым қарашаның жағдайы жақсарар деген үміттемін.
Бақыт МАҚСАТОВА,
орталық базардың басшысы