Басты бет Спорт ӨҢІРІМІЗДІҢ ӨР КЕУДЕЛІ НАЗЫМЫ

ӨҢІРІМІЗДІҢ ӨР КЕУДЕЛІ НАЗЫМЫ

0
1,951

Париж Олимпиадасының жартылай финалында қытайлық Ву Юге есе жіберсе де қыздар арасындағы бокстан қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері Назым Қызайбай біздің өңірдің тумасы. Олимпиада – спорт мерекесі. Оған төрткүл дүние ең үздіктерін жібереді. Сосын әр мемлекет жіберген спортшылары үшін айдалада отырып жан берісіп, атойлап, жігерлерін қамшылайды. Сондай сәтте олардың етжақындары, ата-аналарының қандай күйде болатындығын сезіну қиын шығар.

«Әйелдер боксынан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атану арманым болды. Дзюдошы қыздармен Парижде жолыққанда да соны бір-бірімізге тіледік» деп ағынан жарылған Назымның сөзін барша жұрт естіді. Сол сөзінен-ақ оның қайсарлығын, батылдығын байқадық. Ішкі жігерінің мықтылығын түсіндік. Олимпиаданың қола медаліне де кез келген спортшы жете бермейді. Кісілігі мен кішілігі бет жүзінен көрініп тұрған жерлесіміз үшін бәріміздің төбеміз көкке жеткендей болды. Алтын аламын деп бар қайратын жиып барған қызымызға сәл ғана сәттілік жетпей қалғаны өкінішті. Дей тұрғанмен осының өзі де үлкен жеңіс. Жеңісін қолдау көрсеткен көпшілікке арнаймын деген сөзінің өзі Назымның елім деп соққан жүрегін көрсеткендей болды. Әлемнің екі дүркін чемпионы, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Назым Қызайбай Қазақстанның спорт тарихында қалатыны сөзсіз. Чемпиондық атақты алған соң сый мен құрметке бөленіп жатқан спортшыларымыздың қуанышына ортақтасып, оларға демеушілік танытқан азаматтарға алғыс айтып жатқан жайымыз бар. «Көшеме асфальт төсемесе де тегістеп берсінші» деген назын да әзілге бұрып қойдық. Әлем чемпионы болған кезде меценат Бауыржан Оспанов ағасы көлік сыйлаған болатын. Жалпы қазақтың жанашыр, қолдаушы жігіттері жоқ емес, бар. Осындайда елінің атын шығарып, көк туын көкке көтертіп, қазақ деген ұлттың қайсарлығын танытып жатқан қыз-жігіттерге қандай құрмет көрсетілсе де лайықты. Тәуліктің 24 сағаты жаттығумен, ащы терді сығып шығарумен келген жеңісті әр саққа жүгіртетіндер да табылып жатыр. Қалай десек те спортшының еңбегі адал. Оған тек физикалық дайындық қана емес, ішкі жігердің мықтылығы мен мінез қосылуы абзал. Әрине рух деген қасиет болуы шарт. Біздің Назым қызымызда осының бәрі бар. Алдағы дүбірлі додаларда топ жарып, алтыннан алтын тағамын деген мақсат қойған Назымның табандылығын айтсаңызшы. Ылайым арман, мақсатына жетсін.

Назым Қызайбай Алматы облысы, Іле Ауданы, Жетіген ауылында дүниеге келген. Отбасында 6 ағайынды. Өзі үйдің 3-ші баласы. 23 жастағы спортшы қыз қазір спорттық бабында. «Жоспарымда әлі тұрмысқа шығу деген ой жоқ. Алдағы жарыстарға дайындалып жүрмін. Мен өзім Алғабастағы жеке пәтерімде тұрамын. Ал, Бауыржан аға салып берген үйде ата-анам тұрады», — деді Назым Қызайбай. Мен 2014  жылы бірінші рет Әлем чемпионатын ұтқанда Бауыржан Оспанов ағамыз маған көлік сыйлаған еді, ал 2016 жылы мамыр айында өзіміздің Астанада өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы болып, Әлемнің екі дүркін чемпионы атанғанда, маған және ата-ана, бауырларыма үлкен үй салып беремін деген еді. Міне, қазір сол үйге көшіп келдік. Осындай ағамызға барлық отбасымыздың атынан үлкен рахмет айтқым келіп отыр! Осындай Бауыржан ағамыздай, қазақтың спортқа деген барлық жағынан көмектесіп, көңіл бөліп жүрген ағаларымызға мың да бір рахмет! Аман болыңыз, Бауыржан аға!» деген жазбасын оқығанда Назымның риясыз көңілін көргендей болдық. Бұл – Назым Қызайбайдың алғашқы Олимпиадасы. Ол осыған дейін әлем чемпионатында 2 рет топ жарып, 1 рет үздік үштікті түйіндеген. Сондай-ақ Азия чемпионы атанған. Назым Қызайбай Олимпиада ойындарында ең алғаш өткізген жекпе-жегінде Италия боксшысы Джордана Соррентиноны жарыс жолынан тайдырды.

Назым туралы әлі талай дастандар жазылуы ғажап емес. Алдына қойған межесін бағындыру жолында кез келген кедергіні жеңе алатынына бек сенімдіміз. Біздің алтын қызымыз. Спортта аса талантты болып, бірақ мінез болмаса онда түк шықпайтыны белгілі. Ал Назым мінезге бай қыз. Адами тұрғыдан да, спорттық жағынан да. Өңіріміздің өр тұлғалы Назымына сәттіліктер жар болғай.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

   Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында «Алматы облысының оқу-ағарту жән…