Басты бет Спорт ДҮБІРЛІ ДОДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ДҮБІРЛІ ДОДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

0
1,958

Францияның Париж қаласында өткен жазғы олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. Командалық есепте АҚШ ешкімге дес бермеді. Жеңістің төрінен көрінді. Қазақстан 43 орынға табан тіреді. Токио олимпиадасымен салыстырғанда нәтижесі жақсарса да, Париждегі көрсеткішке қатысты сұрақ көп. Көрші бауырлас өзбек ағайындардан көш кейін қалғанымыздың өзі намысымызды таптап кеткендей болды. Ел болған соң әркім өз пікірін айтуға құқылы болар. Өкпе айтқандар, спорттағы сыбайластықты ақтарып салғандар да көп. Біреуі біліп айтар, екіншісі долбарлап соғар. Дей тұрғанмен әлемдік деңгейдегі жарысқа намысымызды жанып, ұлттық рухымызды шыңдамай, нағыз мықтыларды таңдамай бару ұят болды.

Біздің жігіттер бокстан ешкімге есе жіберіп көрмеген. Баркер кубогын иеленгендер біздің боксшылар еді. Енді оларға не болған? деген сұрақтың тууы заңдылық та болар. Бокстан ерлер құрамасындағы жеті спортшының алтауы жартылай финалға жетпей жеңілгені де бұл талқыны күшейтті. Әдетте бокстан олимпиадада алтын медаль күтетін Қазақстан екі олимпиада қатарынан алтын жүлдесіз қалғаны жанкүйерлерді де, бапкерлерді де, боксшылардың өздерін де жабырқатты. Күміс медаль алған Нұрбек Оралбай тұғырдан түсе сала медалін шешіп, журналистерге сұхбат беруге ықылас танытпады, баспасөз мәслихатына да қатыспады. Ал қола жүлде иеленген Назым Қызайбай «алтын алуға келген едім» деп жылап жіберді. Қыз да болса намысы өртеніп кетті-ау сол тұста.

Ерлер құрамасындағы алты боксшы – Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Асланбек Шымбергенов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Айбек Оралбай мен Махмұд Сабырхан бірінен соң бірі жеңілгенде ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов та «нашар нәтиже» екенін мойындады. Сол үшін қазақ елінен кешірім сұрады. Бірақ кешіріммен бітетін шаруа емес қой. Осы тұста шын мәнінде рухымыз сынып, жігеріміз құм болды ма, неге? деген сұрақтың қылаң беруі заңды. Қазақстанның еркін күрес құрамасы Париж олимпиадасында жүлдесіз қалды. Бұған қоса, әйелдер күресі мен ауыр атлетикадан Қазақстан алғаш рет олимпиада жолдамасын иелене алмай қалғаны да олимпиада алдында сынға ұшыраған.

Париж олимпиадасы алдында сарапшылардың көбі «елде олимпиадада алтын алатын» фавориттер жоқ екенін, спортшыларға лицензия иеленудің өзі қиынға түсіп жатқанын айтқан. Бұған қоса, Қазақстанның 2023 жылы Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында жалпы есепте ондыққа іліге алмай қалғаны да спортшылардың Парижде жақсы нәтиже көрсете алатынына күмәнді күшейткенін жасыруға болмас. Жоқтан гөрі тәуір деуге келетін нәтиже. Елдос Сметов ерлік жасады. Үш олимпиадаға қатысып үш медальды иеленді. Нариман Құрбановтың күміс медалі айды аспанға шығарғанмен бірдей болды. Спорттың бұл түрінен ешқашан жүлдеге ие болып көрмеген елге ерекше сыйлық болды. Әрине біз дәметкен бокс, еркін күрестен жұрдай болғанымыз ұят-ақ болды. Біз сарапшы немесе сыншы емеспіз. Осы елдің азаматы ретінде өз пікірімізді білдіріп жатқанымыз ғой. Жеті медальға ие болдық. Жеті санын киелі санайтын халқымыз алдағы олимпиададан үмітімізді үзбейміз. Киелі санның киесі қорғап жақсы күндер келіп қалар. Намысшыл, жігерлі, қайсар, батыл оғландар ел намысын қорғар.

Ел қоржынындағы жалғыз алтынды Елдос Сметов еншіледі. Ол дзюдодан 60 келі салмақта сынға түсті. Сондай-ақ, қазақстандықтар үш күміс медаль иеленді. Гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80  келі) тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Париж Олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай (50 келі, бокс) және Александра Ле мен Ислам Сәтпаев  (нысана көздеуден аралас командалық жарым) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) иеленді. Осыны қанағат тұта тұрайық.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Спортты серік еткен

Жас буынның арасында бүгінде спортқа ден қойып, бос уақытын саламатты өмір салтына арнап, …