Мемлекеттің ең басты құндылығы адам ресурсы десек, ал адам денсаулығы – қоғамның өлшеусіз байлығы. Қалай дегенде де, дене шынықтыру мен спорт, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани тәрбиелеу азаматтар денсаулығын жақсартудағы ең маңызды құралдардың бірі. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеті – барлық тұрғындар үшін қолайлы спорт және дене шынықтыру бағытында шаралар ұйымдастыру. Адамның өмірлік күші немесе өмірлік қуаты деген түсінік бар. Оның деңгейі адамның денсаулығына, психологиялық және көңіл-күйіне, жалпы ішкі жандүниесіне тәуелді болады. Дана халқымыз айтқандай, “Дені саудың – жаны сау”. Егер адам әр уақытта дене шынықтырумен айналысып, әр уақытта өзінің денсаулығын түзету үшін түрлі спорт жаттығуларын орындап отырса, ол тек дені сау болып қана қоймай, өмірдің барлық саласында табысты болуына мүмкіндік жасайды. Қазіргі таңда бізде саламатты өмір салтын қалыптастыру, оған бұқара халықты тарту үшін жағдайлар жасалып жатыр деуге болады. Саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін оған қажетті инфрақұрылымды дамыту қажет. Әр ауылда спорттық алаңдар, залдар бар десем өтірік айтқан болар едім. Шамамыздың келгенінше әр ауылда футбол алаңдарын жасауға ұсыныс жасап отырмыз, жастар өздері ынта танытып спорттық шараларды өткізуге мұрындық болуда. Мемлекет басшысының бұқаралық спортпен шұғылданушы халықтың санын 50 пайызға дейін жеткізу туралы міндетін орындау мақсатында аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығына 23 спорт әдіскер беріліп, қазіргі уақытта олар барлық ауылдық округтерде волейбол, футбол, баскетбол және т.б. спорт түрлері бойынша секцияларды жүргізуде. Әрине спорт дегеніміз достық, әлемнің елшісі деп жатамыз. Спорттық шаралар арқылы әр ауылдың балалары бір-бірімен танысып, сыйласып, әрі қарай достасып жатады. Мықтыларды өздері іріктеп таңдап алады.
Біздің алдымызда, мемлекеттік орган ретінде, бұқара халықты жаппай дене шынықтырумен айналысуға тарту міндеті тұр. Дені сау ел болу – бұл біздің мүддеміз. Дене еңбегімен, тіпті, ой еңбегімен айналысатын адамдар жұмыс барысында бірталай күш жұмсайды. Спорт бір жағынан денсаулық кепілі, екінші жағынан төзімділік қалыптастыру факторы болып табылады. Міне, спорттың осы ерекшеліктерін ескерсек, оның адам өміріне, жалпы қоғамға тигізер пайдасы көп. Тамыз айының үшінші жексенбісі спорт күні деп аталып келеді. Осы сәтті пайдаланып аудандағы спорт саласының барлық қызметкерлерін, спорттағы зейнеткерлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңіз сау болып, саламатты өмір салтына қосар үлестеріңіз мол болсын!
Құндыз САБЫРБАЙ,
аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы