Қырғызсай ауылының тұрғыны Нүсіпхан Әукенбайұлы тері илеп, қамшы өріп, одан ат әбзелдерін жасаудың хас шебері. 5 қыркүйек күні Алла бұйыртса сексеннің сеңгіріне шыққалы отыр. Медерхан апам екеуі дүниеге алты бала әкеліп, бүгінде олардан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Бақытты болу үшін ұзақ жыл тер төгіп, қырық жыл мал соңында жүріп, ата кәсібіміз мал бағудың қыр-сырын бүге-шігесіне дейін зерттеген жандар. Бақыт деген сөздің ауқымы өте кең. Оны әркім әрқалай түсінеді. Бірақ біздің бүгінгі сөз етпек болған кейіпкерлеріміз шын мәнінде бақыттың құшағында тербелгендер.
Нүсіпхан ағамыз кеудесін керіп, мен ананы істедім, мынаны тындырдым деп мақтанып көрмеген адам. Әйтпесе мақтанатындай-ақ шамасы бар. Балаларының бәрі бір-бір шаңырақтың шырағын жағып, өз алдына отау тігіп, өз балаларының әдепті болып өсулері үшін еңбектеніп жүргендер. Нүсіпхан ағамыз жасы сексенге жетсе де әлі күнге дейін қамшының 24 өріміне дейін өріп, қолынан келгенін немерелеріне үйретуден шаршап көрген емес.
20 немере, 10 шөбере көріп, балаларының арқасында салиқалы қариялықты бастан кешіріп отырған жандар туралы қалай айтсақ та жарасымды. Медерхан апамыз бес келінді өз қолына түсіріп, олардың әрі қарай отбасына сіңіп кетулері үшін бар ақылы мен өмірлік тәжірибесін сарп еткен жан. Білмегендерін үйретіп, ешқайсысын бетінен қақпай, ауыр сөз айтпай, әдептен озбай қарашаңырақтың қалыптасқан тәртібіне үйретті. Бес келіннің басы қосылса бір үйдің балаларындай кез келген шаруаны дөңгелетіп әкете алады. Олардың шәй дескендерін ешкім естіген де, көрген де емес. Қазір кенжелері Нұрбол мен Айгерімнің күтімінде. Ата кәсіпті тастай алмаған Нұрбол қазір мал соңында. Үлкендерінің барлығы ет сатумен айналысады. Отбасында көрген тәлім-тәрбиелерін әрі қарай ұштастырып, мал өнімдерін үлкен қалаларға шығарудың шеберлері болып алған. Медерхан апайымыз кезінде колхоздың сиырын сауып, озат сауыншы атанғанын ұмыта қоймадық. Нүсіпхан ағам ат әбзелдерін жасаудан жалыққан емес. Арнайы тапсырыс келіп жатса бас тарта алмайды. Әрине жас ұлғайған сайын денсаулық та сыр бере бастайды. Соған қарамастан қолы қалт ете қалса қамшы өріп, тері илеп тыпыңдап жүргені. Қамшыға тапсырыс берушілердің қарасы қалың. Өріміне қарай бағасы да әртүрлі болып жатады. Тауға шығып қамшыға сап болатындай тобылғыны да өзі таңдайды. Кез келгенін жинай бермейді. Оны әспеттеп, күнге қойып, үлкен бір дайындықпен іске кіріседі. Медерхан апам болса келіндерге тамақтың түр-түрін жасаудан бөлек сүт өнімдерінен алынатын құрт, майдың ең сапалысын қалай жасау керектігін үйретіп, бүгінде соның қызығын көріп отырған ене. Төрт келіні мектепте ұстаздық етеді. Ал ұлдары малмен айтысады. Қырғызсай ауылындағы ең мақтаулы шаңырақтың бірі. Айғай-шу, ұрыс-керісті ешқашан болдырған емес. Сондықтан болар тіршіліктері өрге домалап, тұрмыстары алға басса да аттандамағандықтан, мақтанбағандықтан өз қазандары өзінде қайнап жататыны. Нүсіпхан ағамыз немерелерінің мектепте өтетін шараларынан қалмайды. Немерелеріне батасын беріп, оларға ұлттық тәрбиенің өзегін түсіндіріп, өзінің жасап жатқан дүниелерін көрсетіп, жасының ұлғайғандығын сылтау етпей-ақ ширақтық танытып жүрген абыройлы ақсақал. Осындай қарияларымыздың қатары сиреген сайын бір өкініш өзегіңді өртейді. Өмір бір орнында сырғып тұрмайды. Көкіректері көне кітаптай сайрап тұратын аталарымыздан өнеге алып қалсақ, кәнеки.
Сәнімен қартаю – абырой. Ортаңа сыйлы, құрметті болу да үлкен еңбекпен келетін дүние. Ұлдары мен қыздарының, немерелері мен шөберелерінің, құдалары мен жиендерінің шаршы төрінде маңғаз отыру, кіршіксіз ықыластары мен ақ ниетті қамқорлықтарын сезіну, ешнәрсеге мұқтажданбау, ауыл-аймақтың үлкендері мен жастарының инабатты сәлемі мен арнайы сыбағасын қабылдау, ақ батасын беріп, баршасын ризалау үлкен ғанибет. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қаштырмай, әдемі қартаю өнеге. Нүсіпхан атам мен Медерхан апамыз осындай сыйлы жандар. Тек осы салиқалықтан жазбағай.
Бағзы заманнан қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты ел бірлігіне, жер тұтастығына бас-көздік, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын берік дәнекерлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсу кез келген қарттың арманы болатын. Аға буын осы міндетті жүзеге асыруда көсемдік танытты, бекзаттық пен мәрттіктің рухы бола білді. Балаларының тілеуін тілеп, немерелерінің амандығын ойлап, шаңырағының шаттығы болған осындай қарияларымыз ұзақ жасағай. Ауылымның кез келген адамы – менің туысым. Солардың игі істеріне қуанып, мақтанып жүруім бір бақыт.
Баян МАМЫРБАЕВА